Басты Жаңалықтар Алматыда сейсмоорталықтың жаңа ғимараты ашылды

Алматыда сейсмоорталықтың жаңа ғимараты ашылды

Алматыда жер сілкіністерін зерттеу орталығының жаңа ғимараты ашылды. Қазақстан-Қытай бірлескен жоба аясында мамандар мұнда сейсмикалық белсенділікті бақылап, жер сілкінісінің себептері мен салдарын зерттемек. Бұл игі бастама екі ел ғалымдарының ғылыми ынтымақтастығын күшейтуге бағытталған.

Жаңа орталықтың негізгі бағыты – жер сілкінісін алдын ала болжау, сейсмикалық белсенділікті бақылау және қауіпті аймақтар туралы жедел ақпарат жинау. Қазақстан тарапы зерттеу жұмыстарына қажетті инфрақұрылымды әзірлеген. Іс-шарада мамандар қытайлық әріптестермен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін өзара меморандумға қол қойды.

Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:

Жоғары сейсмикалық белсенділік аймағында орналасқан Алматы қаласы үшін сейсмикалық қауіпсіздік ережесі ерекше маңызға ие. Сондықтан заманауи ғылыми инфрақұрылымды дамыту озық технологияны енгізу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту біз үшін стратегиялық басымдықтардың бірі болады.

Жаңа орталықта үш мамандандырылған зертхана жұмыс істейді. Олар - техногендік сейсмиканы зерттеу, алдын ала ескерту, сейсмикалық мониторинг бағыттары. Осы ретте отандық ғалымдар орталықтың жұмысы заманауи ғылыми құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қажет етеді деп отыр. 

Әбдіуәзиз Абдуллаев, геология, сейсмология салаларының профессоры:

Олардың пікірінше, бізге құрылғылар керек болып жатыр. Ғылыми құрылғылар келсе, зерттеу жұмыстарымызды шешуге көп көмегі тиер еді деп ойлаймын. Орталығымыздың мақсаты – жас мамандардың тез арада жетіліп шығуы, олардың халықаралық деңгейде жұмыс бастауы.

Орталықтың ашылуында жобаға үлес қосқан ұйым өкілдері мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табысталды. Мамандардың пайымынша, Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зерттеулері сейсмикалық қауіптерді тереңірек зерделеуге және заманауи мониторинг әдістерін дамытуға жол ашады.


Бөлісу