90-ға келсе де кітапханадан шықпайтын қария Қарағанды облысында тұрады
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында 90-ға келсе де, том-томдап кітап оқитын қария тұрады. Көпті көрген ақсақал қолы босаған кезінде кітапханаға барып, кітап бетін парақтап, сөзжұмбақ шешуді әдетке айналдырған. Мәдениеттің мәйегіне айналған кітапты, жанына серік еткен ақсақалмен тілшіміз Жандос Бақытұлы тілдесіп қайтты.
Расымен Қабыкен Жотабаев тоқсанға келсе де тың, ойы сергек. Жасынан кітап жастанып, әлі күнге дейін білім бұлағынан сусындап келеді. Ғасырға жуық ғұмырында мыңнан аса кітапты оқып тауысқан. Бүгінде Доскей ауылы кітапханасының ең егде жастағы оқырманы.
Қабыкен Жотабаев, Доскей ауылының тұрғыны:
Он алтыншы жылы бірінші рет осы кітапханаға кірдім. Онда бұл жер енді салынып жатқан. Сол күннен бастап қазіргі күнге дейін, осы кітапханадан әлі қол үзген жоқпын.
Қария әлі күнге дейін жанына жақын кітап іздеп, ауыл мен аудан ортасында шапқылайды. Аптасына кемі бір рет кітапханаға келіп, барлық жаңалықты газет-журналдан оқиды.
Сәбина Божанова, кітапханашы:
Кітапханамызда қай жерде, қай кітап орналасқан, қандай кітап оқығысы келеді - ол кісі өзі таңдайды, өзі қарайды, өзі келеді. Газет-журнал қарайды. Ол кісінің кітап оқығаны жастарға үлгі деп санаймын.
Қабыкен Жотабаев, Доскей ауылының тұрғыны:
Кітапханаға қазір келу азайды. Кісінің көбі газет-журналды, сұхбат - барлығын телеарнадан көреді.
Кітап ақылына ақы сұрамайды. Бүгінгі кейіпкеріміздің де айтары осы. Қарияның 90-ға келсе де, кітап оқып, сөзжұмбақ шешуі қалыптасқан әдеті, үйренген ермегі емес ерлігі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы