Басты Жаңалықтар Абай күні Семейде сән-салтанатымен тойланды

Абай күні Семейде сән-салтанатымен тойланды

Абай күні Семейде сән-салтанатымен тойланды. Негізгілері  - Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінде өтті. Онда «Абай дәуірі: құжаттар мен естеліктер» атты ауқымды көрме ашылды. Экспозицияда ақын заманының тынысын сездіретін тарихи құжаттар мен құнды жәдігерлер ұсынылды. Көрмені тамашалауға тұрғындармен қатар, Абайдың жақын туыстары да келді.

Абай мұрасының бүгінге дейін жетуіне ақынның ұрпақтары мен жақындарының еңбегі ерекше. Солардың бірі – Әрхам Кәкітайұлы. 19 жасына дейін Абайдың жанында болып, ұлы ақыннан тәлім алған. Кейін хәкімнің шығармаларын жинауға атсалысып, өзі де құнды естеліктер қалдырды.

Рымбек Байзақов, Әрхам Кәкітайұлының жиені:

Әрхам атам Абайдың қасында болып, немересі ретінде өскен, ол кісінің тәрбиесін алған. Абай атамыз қайтыс болғаннан кейін Кәкітай атамыз елдің қолында кеткен өлеңдерін жинайды. Соның бәрін Әрхам атам қасында бірге жинасқан екен.

Көрмеде Құнанбайдың Халиоллаға, Абайдың Мағауияға және Сенатқа жазған хаттары, сондай-ақ Қарамола жарғысы көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, бұрын-соңды  беймәлім болған естеліктер мен қолжазбалар алғаш рет бір экспозицияға топтастырылды.

Бұлбұл Уахметова, экспозиция және көрме ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі:

Көкбай Жанатайұлының, Тұрағұл Абайұлының естелігі және Әрхам Кәкітайұлының Абайдың өмір жолы, Ахат Шәкәрімұлының, Ниязбек Алдажаровтың музей қорындағы құнды қолжазбалары мен естеліктері көрме залына алғаш рет ұсынылып отыр.

Экспозициядан Абайдың кісе белбеуі, шапанының көшірмесі, тоғызқұмалақ тақтасы және шығармаларының 10 томдығы сынды құндылықтарды да көруге болады. Жалпы, ғұламаның мол мұрасын насихаттау мен зерттеу жұмыстары музей мамандары тарапынан тұрақты жүргізіліп келеді.

Ұлан Сағадиев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінің директоры:

Мемлекет басшысы Абай мұрасын, Абайдың қара сөздерін әлемдік деңгейдегі  мұра тізіміне енгізу бойынша үлкен бастама көтерген болатын. Сондықтан Абай мұрасын біз Абай музейі де насихаттай бермекпіз. Музей қорындағы көптеген құнды материалдар, жәдігерлер болсын, архивтік құжаттар болсын - зерттеу, зерделеу тоқтамайды.

Абай күніне арналған бағдарлама аясында музей қорындағы бейнелеу өнері туындыларынан  «Абай әлемі бейнелеу өнерінде» көрмесі мен «Абай мұрасы – адамзат қазынасы» атты интеллектулдық сайыс ұйымдастырылды. Мерекелік күннің шымылдығы Абай әндерінің фестивалімен жабылады.

Бөлісу