Басты Жаңалықтар Құрылтай сайлауына 13 күн қалды

Құрылтай сайлауына 13 күн қалды

Құрылтай сайлауына 13 күн қалды. Саяси доданың уақыты жақындаған сайын партиялардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Депутаттыққа кандидаттар еліміздің барлық аймағын аралап, сайлауалды тұғырнамасын таныстырып жүр.

«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Абай облысына барды. Алдымен саяси ұйым мүшелері Семейдегі Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қойды. Одан соң облыс жұртшылығымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен бірге, көпшіліктің  әлеуметтік қолдау, қолжетімді баспана мен  жұмыспен қамтуға қатысты сұрақтарына жауап берді.

Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:

Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Семейді қазіргі жағдайымен салыстыруға келмейтін еді. Мұның әділетсіздік болғанын өздеріңіз айтып отырсыздар. Бұл да Президенттің орнатқан әділеттілігінің бір көрінісі.

Елордада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның ұйымдастыруымен «Әйел дауысы – ұлт күші» атты форум өтті. Шарада гендерлік саясат, әйелдер құқықтарын қорғау мен олардың қоғамдық-саяси рөлі талқыланды. Форумға партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар, сарапшылар және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Спикерлер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа бастамалар жайында пікір алмасты.

Раушан Аубакирова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

Біздің Конституциямызға қарасақ, бізде барлық заң әйелдер мен ерлерге бердей. Сондықтан әйелдерге мүмкіншіліктер туып жатыр. Қаншама әйел директор, бас дәрігерлер, депутаттар, министрлер бар. Соған байланысты бүгін сөз қозғалып жатыр. 

Қалдықты қайта өңдеп, оны жаңа ресурсқа айналдыру қажет. «Байтақ» партиясының өкілдері Алматы облысындағы 3-жылу электр орталығы ұжымымен кездесуде осы мәселені көтерді. Бұл табиғи ресурстарды үнемдеуге және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді, дейді. Кездесуде станция қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері көтеріліп, өзекті сұрақтарына жауап берді.

Ержан Жарылқасын, «Байтақ» партиясының мүшесі:

Жиында көп жастар болды. Жастарды мазалайтын сұрақтар көп екен, әсіресе осы экология жағында. Өте қуанышты нәрсе. Себебі болашақ жастарымыздың қолында. Ең басты сұрақ АЭС туралы болды.

«Ауыл» партиясының өкілдері агроөнеркәсіп саласының мамандарымен және ғалымдарымен кездесті. Басқосуда ауыл шаруашылығын дамыту, отандық агроөнеркәсіптің әлеуетін арттыру және саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуде ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту, заманауи технологияларды енгізу, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру және шаруаларды қолдау мәселелері сөз болды.

Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:

Жыл сайын қаражат та ғылымға көбейіп жатыр. Мәселе ауыл шаруашылықта көп. Ғалымдар осы жер мәселесін көтерді, су мәселесін көтерді, көп мәселені көтеріп жатыр. Көп сұрақ қойды, кооперативтер қалай құрылады деген сияқты.

Respublica партиясының кандидаттары Маңғыстау облысында бірқатар кездесу өткізді. Ақтауда еңбек ұжымдарымен жүздесіп, өндіріс орындарының әлеуетін арттыруға қатысты мәселелерді талқылады. Жиын барысында азаматтар баспана, жұмыспен қамту және еңбек қатынастарына қатысты сұрағын қойды. Мұндай кездесу  электр энергиясын таратумен айналысатын кәсіпорында жалғасты.

Мейрамгүл Мәдәлі, Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:

Бұл - біз үшін аса маңызды. Келген кезде бізді ғана тыңдап қана тұрған жоқ. Халықтың ішінен ой айтамын дейтін азаматтар ойын айтып жатыр. Ұсыныстарын беріп жатыр.
Бөлісу