«Абайға құрмет»: Семейде рәміздер алаңы ашылды
Семейде «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерген Рәміздер алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранды біртұтас сәулеттік ансамбльге біріктірген жаңа нысан қаланың көрікті орындарының бірі болмақ.
Абайдың туған күнінде тарту етілген алаңның тұрғындар үшін маңызды ерекше. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында салынған.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің әр өңірі облысымызға бір-бір нысаннан салуды бастап та кетті. Бұл өңіріміз үшін үлкен қолдау, қазақ жұртының, айбынды мемлекетіміздің хәкім Абай рухына, оның туған өңіріне деген ізгі ілтипаты деп білемін. Облысымызға қол созған өңірлерге осы сәтті пайдаланып ерекше алғысымызды тағы да білдіргіміз келеді.
Рәміздер алаңының жалпы аумағы – 2 гектар. Дөңгелек пішінде жобаланған нысанның диаметрі 28 метр. Ал композицияның негізгі бөлігі – биіктігі 35 метрлік Мемлекеттік Ту тұғыры.
Елтаңба мен Әнұран мәтіні де үйлесім тапқан.
Орал Шәріпбаев, Семей қаласының тұрғыны:
Рәміздер дегеніміз - мемлекетіміздің тірегі, еліміздің жүрегі. Халқымыздың жүрегі. Солтүстік өңірдің азаматтары осындай арнайы сый тартуының өзі біздің бүкіл әлемге танымал, данышпан Абайымызға деген құрметтің белгісі.
Рәміздер алаңы – «Абайға құрмет» акциясы аясында пайдалануға берілген алғашқы нысан. Құрылысты Солтүстік Қазақстан облысы қаржыландырып, сыйға тартты.
Нұрлан Кеңесов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл ұлы Абайға деген тағзымның, құрметтің және өңір аралық достықтың жарқын белгісі. Бұл алаң жастардың бойына отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекетке деген адалдықты сіңіретін тағылымды орын.
Жангелді Тәжин, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Асарлатып үй салғанбыз. Асарлатып көмек көрсеткенбіз. Сол дәстүрді жалғастырып, Президентіміз «Ұлы Абай еліне тағзым» деген осындай акцияны ұйымдастырып отыр. Абай күніне дәл келгеніне өте қуаныштымыз.
Бүгінде «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында Достық үйі, үстел теннисі орталығы мен сол жағалауда Жекпе-жек сарайының құрылысы жүріп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы