Бельгияда Абайдың мүсіні қойылады
Бельгия астанасы Брюссельде жақын күндері Ұлы Абайдың мүсіні орнатылады. Бұл туралы шаһардағы Сен-Жиль ауданының басшылығы мәлімдеді. Корольдікте Хакім Абайдың шығармашылығына қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Тұрғындар ұлы ақынның өлеңдерін француз, нидерланд тілдерінде жатқа айтып, мол мұрасын зерттеп жүр.
«Абайдың идеясы тек қазақ халқының ақыл парасатының жауһары ғана емес, жаһан жұртына ортақ рухани байлық»-дейді Брюссельдегі Сен-Жиль коммунасының мэрі Жан Спинет. 140-тан астам ұлт өкілі тұратын ауданның басшысы әкімдік ғимаратына Ұлы Абайдың бюстін орнатуды жоспарлап отыр. Әлемдік деңгейдегі кемеңгердің есімін бельгиялықтар да кеңінен білсе дейді.
Жан Спинетт, Сен-жиль коммунасының мэрі:
Мәдениеттер мен мемлекеттер арасында ашық әрі шынайы байланыс орнатуға үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру өте маңызды деп санаймын. Бұл ізгі құндылықтар Абай мұрасынан айқын байқалады. Сондықтан оның есімін Сен-Жильде ұлықтау бастамасын қуана құптаймын.
Бельгиялық кәсіпкер Лионель Фукс Қазақстан десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі. Ұзақ жыл Алматыда тұрып, қазақтың тарихы мен мәдениетін зерттеген. Ұлт болмысына терең бойлауға Абайдың мұрасы түрткі болыпты. Ойшылдың ғибратты ой түйіндері қанша ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпайды, дейді ол.
Лионель Фукс, кәсіпкер:
Абай қазақ қоғамының дамуына Еуропадағы ағартушылық дәуірінің көрнекті өкілдері сияқты сүбелі үлес қосты. Ол тек ақын емес, орыс классиктерінің туындыларын шебер тәржімалаған аудармашы. Абай қазақ оқырманын еуропалық авторлардың, соның ішінде Гете мен Байронның шығармашылығымен таныстырды.
Хакім Абайдың туғанына 181 жыл толуына орай еліміздің Бельгиядағы елшілігі арнайы жоба ұйымдастырды. Шетелдіктер қазақ, француз, нидерланд тілдерінде ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтудан жарысты. Оны әлеуметтік желіде жариялап, көпшілікті ұлы ойшылдың бай мұрасымен таныстырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы