Үгіт-насихат науқаны қыза түсті
Бүгін - үгіт-насихат науқанының он тоғызыншы күні. Құрылтай сайлауына түсетін партиялар өңірлерді аралауын жалғастырып жатыр. Саяси ұйым кандидаттары халыққа өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ұсыныс-пікірлері мен толғандырған мәселелерін тыңдап жүр.
«Әділет» партиясының кандидаттары Шығыс Қазақстанға барды. Партия мүшелері Сәрсен Аманжолов университетінде зиялы қауым, білім және ғылым, медицина, бизнес өкілдерімен кездесті. Бас қосуда әйелдер көшбасшылығын дамыту, бизнесті қолдау мәселелері сөз болды. Ал Үстел теннисі орталығында өткен жиында бұқаралық спортты дамыту, мүгедектігі бар жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау секілді мәселелер талқыланды.
Аяулым Әмренова, Фристайл-могулдан ұлттық құрама мүшесі:
Қазақстанда денешынықтыру және спортты дамытуға байланысты көптеген жағдай жасалуда. Оның басты мақсаты - халықтың спортпен тұрақты шұғылдануына және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабы өңірлерде халықпен кездесуін жалғастырып жатыр. Депутаттыққа кандидаттар Алматы облысындағы ардагерлермен және зейнеткерлермен жүздесті. Шарада әлеуметтік қолдау мәселелері мен тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Нұрым Нұрлыбеков, ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы:
Кездесудің басты мақсаты - ЖСДП сайлауалды бағдарламасының мәні мен мақсатын жеткізу және де осы үлкен кісілердің қандай ұсыныстары бар екенін есту мақсатымен бүгін біз осындай кездесу өткіздік. Қандай да бір мәселе болса, қандай да бір шешілмей жүрген түйткілдер болса, біздің филиалдың есігі ашық.
Астанада «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттары экологиялық акция ұйымдастырды. Контрреттегіш аумақта өткен сенбілікке табиғатты қорғау полициясы мен әкімдік өкілдері де қатысты. Бірлескен жұмыс кезінде аумақ қоқыстан тазартылып, оған іргелес жерлер де ретке келтірілді. Партия өкілдерінің айтуынша, экология мәселесі тек заңдармен және саяси бастамалармен шектелмейді.
Дидар Сатбеков, «Байтақ» жасылдар партиясы Астана қалалық филиалының басшысы:
Бұл жерді тазалауды алдын-ала жоспарлап қойғанбыз. Сондықтан да біз өзіміздің волонтерлеріміз бар, партия басшылығы бар, қарапайым мүшелер бар - бүгінгі іс-шараға қатысып, жүйелі түрде өткізіп жатырмыз.
Қазақстан Халық партиясының өкілдері Шымкент қаласында медицина қызметкерлерімен кездесті. 2 ауруханада өткен жиында мамандардың күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелері талқыланды. Солардың бірі – кадр тапшылығы. Салаға жас мамандарды тарту және олардың кәсіби тұрғыда өсуіне жағдай жасау жолдары сөз болды. Партия өкілдері медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру маңызды деп санайды. Олар жұмыс барысын камераға түсіріп, мән-жай анықталмай тұрып, әлеуметтік желілерге жариялау сияқты жағдайларға жиі тап болады. Бұл медицина мамандарына қосымша психологиялық салмақ түсіріп, эмоционалдық күйзеліске әкеледі дейді.
Ләззат Ақтаева, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Сонымен қатар МӘМС - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығындарын толық, ашық, цифрлық түрде көрсету керек. Тұрғындарға көрсету керек, дәрігерлерге көрсету керек. Сол кезде ашық жүйе болады. Балаларға, жүкті әйелдерге, қарт адамдарға тегін профилактикалық тексерулердің тізімін кеңейту керек.
«Ауыл» партиясының кандидаттары Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Басқосуда саяси ұйым өкілдері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды. Сонымен бірге жиында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашу, тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жайы сөз болды. Ал жергілікті халық елді мекендерде тұрғын үйлер салу, диқандарға субсидия беру мәселелерін көтерді.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Біз бүгінгі таңда 354 ауылды аралап шықтық. Оларды бірінші жол мәселесі, екінші интернет мәселесі, ең үлкен маңызды - жұмыс мәселесі. Оны біз қандай жобалар бар айтып жатырмыз. Ондай жобалар көп. Оны қазір Үкімет те қолдап жатыр. Бірінші жұмыс қосалқаның басын қосуға, екінші кооператив құруға.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Құрылтай алдындағы сайлауалды үгіт-насихат кездесулерін жиілетті. Бүгін партия жетекшісі Дания Еспаева бастаған республикалық штаб мүшелері мен кандидаттар Екібастұздағы қалалық су арнасы және электр желілері кәсіпорындарында болды. 1300 адам жұмыс істейтін еңбек ұжымына сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жылу желілері мен инфрақұрылымды жақсарту мәселелерін талқылады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, азаматтардың банкпен жұмыс үстеу мүмкіндігін жақсарту, сондай-ақ баспанамен қамту жайы айтылды.
Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Бұл қала шағын болғанымен, әлеуеті өте жоғары. Тіпті алдағы уақытта мұнда дата-орталықтар да ашылады. Біз бүгін екі ұжыммен кездестік. Бұл қаланың ең көне кәсіпорындары күні-түні қаланы жарықпен, сумен және жылумен қамтамасыз етіп отыр. Компанияның қалай жұмыс істейтіні тұрғындар үшін маңызды болса, еңбек адамдарының жағдайы мен кәсіпорынның мәселелерін де шешу маңызды.
«Respublica» партиясының өкілдері Ақтөбедегі бірқатар еңбек ұжымымен кездесті. Ет өнімдері мен қой жүнін өңдейтін кәсіпорын және минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Саяси бірлестік мүшелері жиналғандарға сайлауалды бағдарламасы туралы айтып берді. Тұрғындардың көкейтесті сауалдарына жауап берді. Негізінен жалақы мен зейнетақы, медициналық сақтандыру, салық кодексі, тауар экспорттаушы компанияларды қолдау сияқты жайы талқыланды.
Дана Бекбауова, «Respublica» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы:
Өңдеу кәсіпорындарын араладық. Мұндағы мәселелер негізінен экспортқа қатысты. Шетелде сұранысқа ие өнім шығаратын компания өкілдері тауар жеткізуге қатысты мәселелер көтерді. Экономикамызды әрі қарай дамытып, өндіріс орындарын өркендету үшін кедергілерді жою қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы