Басты Жаңалықтар «Террорсыз Түркия» заңы қабылданды

«Террорсыз Түркия» заңы қабылданды

Түркия Парламенті елдегі террорға қарсы күресті күшейтіп, қоғамдық келісімді нығайту үшін жаңа заң қабылдады. Мамандар бұл құжатқа тарихи деген баға беріп отыр. Себебі осы заңның негізінде Түркия билігі мен Күрдістан жұмысшылар партиясы террорлық ұйымы арасындағы 50 жылға созылған қақтығыстарға нүкте қойылмақ.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Түркия парламенті терроризммен күреске қатысты тарихи заң қабылдады. Террорсыз Түркия деген ат қойылған құжат ел аумағындағы террорлық ұйымдарды толық жою және қамауда отырған мүшелеріне рақымшылық жасау сияқты мәселелерді қамтиды. Бұл заң ең алдымен елдегі ең ірі террорлық ұйым саналатын Күрдістан жұмысшылар партиясына бағытталған.

1976 жылы солшыл социалистік бағытта құрылған Күрдістан жұмысшылар партиясы 80-жылдардан бері Түркия билігімен қарулы қақтығыстар жасап, түрлі деңгейдегі террорлық актілер ұйымдастырып келді. Енді осы текетіреске нүкте қойылмақ.

Нуман Куртулмуш, Түркия Парламентінің төрағасы:

Түркия тек заң қабылдаумен ғана шектеліп қойған жоқ. Сонымен қатар террористік ұйымның толық қарусыздануы мен өзін-өзі жоюын да жүзеге асырды. Осы арқылы бәріміз бірге бейбітшілік, бауырластық және ынтымақ орнаған жаңа дәуір құрамыз.

«Күрдістан жұмысшылар партиясы» былтыр Түркия аумағындағы қарулы қақтығыстарды тоқтатып, ел билігімен бейбіт келісімге баруға дайын екенін мәлімдеген болатын. Жаңа құжат осы процесті заңдық тұрғыдан бекітті.

Нежметтин Мутлу, заңгер:

Елдің бейбіт дамуы барлық салаға оң әсер етері сөзсіз. Террорлық ұйыммен қақтығыстар бүгінге дейін мыңдаған адамның өмірін қиып, лаңкестікпен күреске миллиондаған қаржы жұмсалды. Алайда бұдан ешкім пайда көрген жоқ. Сондықтан жаңа заң барлық тараптарға тиімді болары анық.

Жаңа заңға сай 15 жылға дейінгі мерзімге сотталған лаңкестік ұйым мүшелеріне рақымшылық жасалады. Алайда бұл жеңілдікке өмір бойы бас бостандығынан айырылғандар мен әдейілеп кісі өлтіргендер ілікпейді. Амнистия жасалмайтындар қатарында 1999 жылы өмір бойы бас бостандығынан айырылған «Күрдістан жұмысшылар партиясының» көсемі Абдулла Өжалан да бар.


Бөлісу