Басты Жаңалықтар Жыл соңына дейін 190 мың автокөлік құрастырылады

Жыл соңына дейін 190 мың автокөлік құрастырылады

Елімізде автомобиль жасау саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылы елде 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18 пайызға артқан. Жыл соңына дейін 190 мың автокөлік шығару жоспарланып отыр. Саланың одан әрі дамуы инженерлік әлеует пен білікті кадрларға тікелей байланысты дейді мамандар. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Бұл - Қарағанды облысының Саран индустриялды аймағында орналасқан зауыт. Мұнда жылына 3000-нан аса автобус пен жүк көліктері құрастырылады. Кәсіпорында 900-ге жуық адам жұмыс істейді. Зауыттан шыққан заманауи автобустар қазір әр өңірде жолаушы тасымалына қолданылып жүр.

Мейрам Боранбаев, дәнекерлеуші:

Дәнекерлеу кезенінде біз өзіміздің штамптан өткен шанақ бөлшектерін қолданамыз. «Қармет» компаниясымен жұмыс істеу ыңғайлы. Техникалық сипаттамалары дәнекерлеу жұмыстарына өте ыңғайлы.

Ал Түркістандағы Бадам индустриалды аймағында ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Отандық зауыт он жылдан бері трактормен қоса тіркемелер, агрегаттар, тіпті мақта, күріш теретін комбайндарды құрастырады. Өзбекстандық инвестордың қаражатына салынған кәсіпорын өткен жылы 600-ден аса техниканы шаруаларға жеткізді.

Жансая Базарбекова, зауыттың бөлім басшысы:

Қазіргі таңда бізде JPS-жоспарлаушы бар. Сонымен қатар біз тек техниканың, яғни трактордың өзін ғана емес, басқа бөлшектерін де шығарамыз. Техникаларға орнатылатын шыныларды да өзіміз өндіреміз. Сондай-ақ жер аударуға, өнім жинауға арналған екі түрлі техникамыз бар, екеуі де қатар сатылымда. Жалпы, біздің техника ауыл шаруашылығына қажетті барлық қызметті атқара алады.

Ал Қызылорда облысы Арал ауданындағы мотоцикл құрастыру зауыты  жылына 20 мың дана жеңіл көлік шығарады. Инвестициялық жоба құны 1 млрд теңге. Негізгі бөлшектер Қытайдан жеткізіледі. Дайын техникалардың 50 пайызы ішкі, 50 пайызы экспортқа сатылады.

Ханбек Қуанғали, кәсіпорын жетекшісі:

Ішкі істер министрлігінен және шекара қызметінен мыңдық квадроциклге сұраныс боп жатыр. Жобамызда сол квадрацикл шығару. Одан басқа біз электрлі скутерлерді шығару жоспарлануда.

Елімізде соңғы жылдары автомобиль жасау саласы да тұрақты дамып, өндіріс көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 94400 көлік құрастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға көп. Ал мамандар өндірістің нығаюына инвестициялық қаражат серпін бергенін айтады. Себебі соңғы бес жыл ішінде салаға 457 млрд теңге инвестиция тартылып, 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.


Бөлісу