Басты Жаңалықтар Абай – қазақтың қазынасы

Абай – қазақтың қазынасы

Шымкентте Абай күніне арналып хәкімнің өмірі мен шығармашылығын ұлықтаған тағылымды шаралар өтті. Қала тұрғындары ақын ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Абайдың әр шығармасынан өз дәуірінің тынысын да, адамға ортақ мәселені де аңғаруға болады. Хәкім білім мен ғылымды алға шығарып, еңбекті бағалауға, адамдық пен әділетті биік ұстауға үндеді. Арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл ойлар бүгінгі күнмен үндесіп келеді.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

Абай атамыздың мұрасы біз үшін мәңгілік бола бермек. Ғұламалардың, осы Абай атамызды зерттеген зерттеушілердің айтып жүрген сөзі бар. Абай қай уақытта ескіреді? Абай қазаққа ес кіргенде ескіреді дейді.

Абай мұрасын зерттеу жұмыстары да жаңа еңбектермен толығып келеді. Шымкенттік ғалымдар ақын шығармаларын түпнұсқаға барынша жақын сақтап, 45 баспа табақтан тұратын ғылыми еңбек әзірлеген. 700 бетке жуық басылымда Абай мәтіндерінің құрылымы мен әр сөзінің жазылу ерекшелігіне мән берілген.

Ақжол Қалшабек, М. Әуезов атындағы ОҚЗУ «Абайтану және Мұхтартану»  ғылыми орталығының басшысы:

Бұл жерде Абай жаңаша көрінеді. Абайдың, соның ішінде біз құрылымдық жағын өзгерттік. Стиліне қатты мән бердік. Әрбір сөзін, әр әріпін өзгертпей беруге тырыстық. Соның нәтижесінде Абайдың кітабы бұдан былай біз шығарған кітапқа қарасаңыздар, бірінші өлеңнен басталмайды. Мұқият ізденуде Абайдың ең басты шығармасы Китабул таспих деген шығармадан басталады. Бұл Китабул тасбих деген Абай шығармасының квинтэссенциясы болып саналады.

Абайдың туған күні ашық аспан астындағы концертпен түйінделді. «Адамзаттың перзенті – ұлы Абай» атты кеште ақынның өлеңдері оқылып, әндері орындалды.


Бөлісу