Басты Жаңалықтар «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін – Халықаралық жастар күні. Сонау 1998 жылы мереке болып бекіген айтулы дата бар сән-салтанатымен атап өтілді. Шараға қатысушылар алдында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды. Мемлекет басшысы құттықтауында бүгінде еліміздің барлық саласында түбегейлі реформалар жүргізіліп жатқанын атап өткен. Сондай-ақ Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді.  Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектеп, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанына тоқталған. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі  Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтауы жас ұрпаққа көрсетілген айрықша ілтипаттың ғана емес, оларға артылған зор сенім мен ел болашағы үшін жүктелген жоғары жауапкершіліктің де көрінісі екенін атап өтті. Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының жастарға деген қамқорлығы арнайы бағдарламалар мен қолдау шараларымен ғана шектелмейді. Ең бастысы – біз ертең өмір сүріп, еңбек етіп, елдік шешімдер қабылдайтын ұрпақ үшін бүгін қандай мемлекет қалыптастырып жатқанымызда деді.

Ақсұңқар Қуат, шараға қатысушы:

Президентіміздің сөзі бізге мотивация береді, қолдау білдіреді. Жастарға үнемі көңіл бөлетіні және өзіміз оны байқаймыз, сезінеміз. Сондықтан Қазақстанның болашағы жастар ретінде әрдайым Президентіміздің, жалпы ұлтымыздың Қазақстанның болашағын бірге қосуға үлесімізді қосып, тек жақсы жағынан өзімізді көрсетуге тырысамыз.

Жиында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары марапатталды. Бұл грант талантты жастарды қолдау мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы тағайындалған еді. Содан бері 153 жас сыйлық иегері атанған.

Бұл жастар бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік сала бойынша үздік атанғандар. Қабілет пен еңбекті ұштастыра білген 30 ұл-қызға 3 млн теңгеден мемлекеттік гранттар табысталды.

Сымбат Шәріпова, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері:

Өте қуаныштымын осы гранттың иегері атанғаныма. Бұл үлкен мүмкіндік деп білемін. Көптеген адамның ішінен тек 30 адам жеңді, соның қатарында болғаныма бақытты сезініп тұрмын өзімді.

Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 2200-ден астам өтінім түскен. Оның 1745-і конкурс талаптарына сай деп танылып, қарауға жіберілді.

Аңсар Әйкен,«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері:

Мен IT лицейінде 8-сыныпта оқимын. Осылай жас болғаныма қарамастан, грант жеңіп алып отырмын. Қуаныштымын. Менің жобам ауыл шаруашылығы саласына минералды тыңайтқыштар шығаруға арналған құрылғы. Маған берілген 3 млн теңгеге кәсіп бастаймын.

Бүгінде елімізде 6 млн-ға жуық жас бар. Соңғы 5 жылда соның 1,5 миллионға жуығы жұмыспен қамтылды. 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 23 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант алды. Ал 13 мыңға жуығы «Наурыз», «Отау» және өңірлік ипотекалық бағдарламалар аясында баспаналы болды.


Бөлісу