Партиялар үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр
«Әділет» партиясы кандидаттары Жетісу облысының тұрғындарымен кездесті. Саяси ұйым төрағасы Айбек Дәдебай бастаған депутаттыққа үміткерлер халыққа сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиында суару каналдарын жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесі талқыланды. Ал спортшылармен өткен кездесуде балалар мен ауыл тұрғындары үшін спортты қолжетімді ету жай сөз болды.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Сіздерде бүгінгі Халықаралық жастар күнімен құттықтағымыз келеді. Сіздерге әрқашан сәттілік тілейміз! Президентіміз өзі айтып отыр, спорт саласын дамыту бұл – ұлт денсаулығының маңызды кепілі. Сондықтан мұны стратегиялық басымдық деп бекіткен болатын.
Жалпыхалықтық социал-демократиялық партияның өкілдері өңірлерде сайлаушылармен кездесулерін жалғастыруда. Ақтөбеде партия жақтастары «20 белес» атты үгіт-насихат флешмобын өткізді. Олар жергілікті тұрғындармен тілдесіп, сауалдарына жауап беріп, ақпараттық буклеттер таратты. Ал Семейде кандидаттар тұрғындармен интерактивті жұмыс сессиясын өткізді. Кездесу барысында қала тұрғындары облыс орталығындағы өзекті мәселелерді атап, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Рүстем Сарманов, Абай облысы ЖСДП филиалының төрағасы:
Артымызда қаламыздың үлкен картасы тұр. Мұнда тұрғындар өздері үшін маңызды мәселелер бар жерлерді белгілей алады. Мысалы, жолдардың жағдайы, балалар алаңдары, әлеуметтік нысандар немесе экология мәселелері. Қазір тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдаймыз.
Шымкентте «Ауыл» партиясы «Таза ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шараға 150-ге жуық студент пен партия белсенділері атсалысты. Жастар қала іргесіндегі Бөржар бұлағының көзін ашып, айналасын күл-қоқыстан тазартты. Су көзінің маңын ретке келтіріп, аумақты абаттандырды. Ал тұрғындар эко акцияның қоршаған ортаны қорғаумен қатар, жұртшылықты ортақ іске ұйыстыра түскенін атап өтті.
Қайрат Айтуғанов, «Ауыл» партиясының төрағасы:
Үлкен іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Қазір 150 студент бар, жастар бар. Бұлақтың көзін ашып, тап-таза қылып жатырмыз. Біз жаңа бағдарлама бастадық «Таза ауыл» деген. Біз қалада да жұмыс істейміз, негізі біз Ауыл партиясы болған соң ауылдамыз. Ауылды тазалап, «Таза ауыл» деген бағдарлама құрдық.
«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Павлодардағы
азық-түлік өнімдерін өндіретін компанияның еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорында
600-ге жуық адам еңбек етеді. Партия төрағасы Дания Еспаева сайлауалды
бағдарламасы мен негізгі бағыттары таныстырды. Жиналғандармен отандық өндіріс пен
кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру, еңбек адамдарының
мүддесін қорғауға және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жайы талқыланды. Кездесу
ашық пікір алмасу форматында өтті. Жұмысшылар толғандырған сұрақтарын қойып,
ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Берік Дүйсенбинов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Күнделікті бағаның өсуі мен жалақының осы бағаға жете алмауы. Бүгін халықты толғандырып отырған тақырып осы. Оның үстіне кәсіпкерлерді толғандырып отырған - салықтың орынсыз көтерілуі. Осындай кәсіпорындардың тағдырына әсер етер өзгерістер бізбен ақылдасып шешілсе дейді.
Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар
Атырауда еңбек ұжымдары және тұрғындармен кездесті. Үгіт-насихат тобы
кәсіпорындардың жұмысымен танысып, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен
бірге отандық өндірісті қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу
және еңбек адамын қолдау мәселелері талқыланды.
Сәкен Қарин, «Respublica» партиясынан Құрылтай
депутаттығына кандидат:
Бүгін біз екі-үш мекемені аралап өттік. Мекемелер қазақстандық өнім шығарады. Біздің қазақстандық өнім болғасын, оларды қолдауымыз керек. Олар шетелден келіп жатқан өнімге теңбе-тең келеді және сапасы олардан төмен емес. Тиімді несиелер. Салық льготалары қажет. Оның бәрін заңға енгізу керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы