2029 жылға дейін коммуналдық саланың 60%-ы жаңарады
Қарағанды облысында Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында 14 жоба жүзеге асуда. Бұл өңірдегі инженерлік желілердің тозу деңгейін 8 пайызға төмендетеді. Бүгін Қарағанды облысына арнайы барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс барысын тексеріп, өңіраралық жиын өткізді.
Қарағанды облысындағы инженерлік желілер 34 мың шақырымнан асады. Барлығы дерлік осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Бүгінде желілердің 60 пайыздан астамы тозған. Сол үшін ұлттық жоба аясында шамамен 30-ға жуық ірі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазірдің өзінде 14 жоба қолға алынып, аяқталуға жақын.
Тілектес Досаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Биылғы жылы жылумен жабдықтау саласында 24 миллиард теңгеге үш жаңа жоба іске асыру басталды. Сумен жабдықтау бойынша тағы 3 жоба басталды.
3 жобаның да өңір үшін маңызы зор. Себебі «Қарағанды Су» мекемесінің су тазарту кешені 50 жылдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмеген. Соңғы 3 жылдың өзінде 90-ға жуық апат болды. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барысын өңірге арнайы келген Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бақылады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Қарағанды басқа өңірлерге қарағанда қарқыны жоғары жүріп жатыр. Жоспарға сай. Келесі жылға тиісті жоспар құрылған. Ең бастысы - биыл 100 пайыз жылыту маусымына дейін бітіру керек. Құбырларды орындарына орналастырып, келесі айдың 15-нен кейін 100 пайызын бітіру керек.
Одан бөлек Вице-премьер Теміртау мен Қарағанды қалаларында болып, жылу магистралінің, электр желілері мен қосалқы станциялардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Кейін өңіраралық жиын өтті. Ұлттық жобаның басты мақсаты - 2029 жылға дейін еліміздің коммуналдық саласын 60%-ға жаңарту. Биылдың өзінде еліміз бойынша 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы