Басты Жаңалықтар Қазақстанда 14-35 жас аралығында 6 млн-нан астам азамат бар

Қазақстанда 14-35 жас аралығында 6 млн-нан астам азамат бар

Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығында 6 миллионнан астам азамат бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, олардың 655 мыңы жоғары білім алған. Білім алып, түрлі салада еңбек етіп, өз жолын қалыптастырып жүрген жастар да аз емес. Қатарынан суырылып шығып,  ел игілігіне қызмет етіп жүргендер жайлы әріптесім тарқатады.

Бала күнінен дәрігер болуды армандаған шымкенттік Рақымжан Үмбетжанов медицинада өте сирек кездесетін әрі аса қажетті саланы таңдаған. Ол жоғары санатты хирург-трансплантолог. Алматыда білім алып, Беларусьте тәжірибесін шыңдаған маман он жылға жуық уақыттан бері талай адамның сауығып кетуіне себепкер  боп жүр. Осы уақыт ішінде дәрігерлер бригадасымен бірге 300-ге жуық бауыр мен бүйрек трансплантациясын жасады.

Рахымжан Үмбетжанов, жоғары дәрежелі хирург-трансплантолог:

Бауыр, бүйрек ауыстыру - әлемдегі ең қиын операция деп айтсақ та болады. Бауырдың өзін айтатын болсақ, 13-18 сағатқа созылады. Бүйрек 7 сағатқа созылады. 20 шақты дәрігер қатысады. Трансплантологтардың бәрін айтатын болсақ, білімін шетелде алып, осы елге қызмет етіп жатыр.

Олжас Сарқыт – еліміздегі жас әкім. Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Волошинка ауылдық округін басқарады. Қарамағында үш елді мекен бар. Жасы – 26-да. Бұған дейін әскери қызметте және білім беру саласында еңбек еткен. Ақпан айында ауылдық округ әкімінің лауазымына өз кандидатурасын ұсынуды жөн санапты. Сайлауда көпшілік Олжас Саматұлын қолдаған. Жас маман халықтың сенімін ақтау басты міндеті деп біледі.

Олжас Сарқыт, ауылдық округ әкімі:

Үш кандидат болдық, Волошинка ауылдық округына. Халық өзі таңдады, 80 пайыз жинадым. Әрқашан да халықтың қамын ойлап, өз ауылымызды көркейтіп, көтеруге әрқашан да дайынбыз.

Ал тараздық Бауыржан Кеңесов бұған дейін қаладағы білім ұясының бірінде математика пәнінің мұғалімі болды. Оның оқушымен жұмыс істеудегі ізденісі көптің көңілінен шықты. Сөйтіп елдің сұрау салуымен 6 жыл бұрын 25 жастағы жігіт жеке білім беру орталығын ашты. Бастапқыда 100 бала қабылдаса, бүгінде 300-ге жуық оқушыны тереңдетіп оқытады.

Бауыржан Кеңесов, білім беру орталығының басшысы:

Әр істі бастамас бұрын осы жас кезде бастаған дұрыс. Қазір біз қалыптасу кезеңінде емес, даму үстіндеміз. Ұрпаққа білім беру ұлтқа қызмет ету деп білеміз. Сол мақсатта осы жеке орталық ашып, оқушыларды оқытып жатырмыз. Оқушылар біздің болашағымыз. Бізде білімді балалар көп болса, еліміздің ертеңі жарқын болады.

Бүгінде жастардың 28 мыңнан астамы мемлекеттік қызметте еңбек етсе, 735 мыңнан астамы кәсіпкерлікпен айналысады. Ал 220 мыңға жуығы волонтерлікпен тұрақты түрде айналысады. Бұл -  жастардың қоғамдағы белсенділігінің айқын көрінісі.

 


Бөлісу