Басты Жаңалықтар Ерекше балаларды қолдауға арналған кабинеттер саны артып келеді

Ерекше балаларды қолдауға арналған кабинеттер саны артып келеді

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Олардың ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мың бала мектепке қабылданды. Бүгінде олардың 84 пайызы құжаттарын тапсырған. Елімізде инклюзивті білім беру жүйесі қалай жұмыс істейді? Ерекше балаларға қандай жағдай жасалған? 

Мектеп табалдырығын аттау - кез келген бала үшін маңызды кезең. Әсіресе ерекше білім беруді қажет ететін баланың ортаға бейімделуі мен қатарынан қалмай білім алуы үшін мұғалімнің ғана емес, арнайы мамандардың көмегі қажет. Осы мақсатта еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде мыңнан аса арнайы қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Оның 36-сы биыл ашылған.

Жәния Қадырбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы:

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасалады. Баланың жеке қажеттілігіне қарай білім беру бағдарламасы бейімделеді, оқу нәтижелерін бағалау тәсілдеріне өзгерістер енгізелді, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.

Оқушының қажеттілігіне қарай оқу бағдарламасы бейімделеді. Баланың мектепке және сыныптастарына үйренуіне педагог-ассистенттер көмектеседі. Ал жүріп-тұруында қиындығы бар балаларға жеке көмекші қарастырылған.

Айман Мүтәлиева, №83 мектеп-лицейінің педагог-ассистенті:

1-сыныптан бастап бейімдеуді үйрете бастаймыз. Сыныппен қарым-қатынас жасауды үйретеміз. Бейімделу кейбір балаларды ұзаққа созылады. Кейбір балаларда тез бейімделеді. Жекеленген жоспар дайындалады. Оның дәптерлері мен кітаптары болады. Ол ПМПК-ның қорытындысы арқылы жасалады.

Ұлттық білім беру қорының деректеріне сәйкес, инклюзивті біліммен қамтылған балалар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 91 мың бала болса, былтыр бұл көрсеткіш 96 мыңға жеткен. Биыл да оң динамика байқалады.

Кейбір оқушылар жалпы сыныпта білім алса, енді бірі арнайы сыныпта оқиды. Мұндай сыныптар көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл, психикалық даму және зерде бұзылыстары бар, сондай-ақ мінез-құлқында ерекшеліктері бар балалардың қажеттіліктеріне қарай ұйымдастырылады.

Сәуле Сағынбаева, №10 мектеп-гимназиясының тефлопедагогы:

Брайл жазуын меңгеру үшін арнайы сыныпта оқуы керек. Бастаушы сатыны арнайы сыныпта оқиды, сондықтан 0-сыныпқа келеді, 4 сыныпқа дейін бастауыш саты. Ал 7-8 сыныптан бастап біз оларды жалпы білім беретін сыныптарға ауыстырамыз.

Инклюзивті білім берудің ауқымы кеңейгенімен, салада шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі - арнайы педагогтердің тапшылығы. Бүгінде шамамен 3,5 мың маман қажет. Бұл - логопед, дефектолог, сурдопедагог, тифлопедагог секілді мамандарға деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.


Бөлісу