Басты Жаңалықтар Президент бельгиялық қонақтарға Ұлттық балаларды оңалту орталығын таныстырды

Президент бельгиялық қонақтарға Ұлттық балаларды оңалту орталығын таныстырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барды. Мәртебелі меймандар ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін медициналық және психологиялық-педагогикалық көмек түрлерімен танысты. Орталықта балалардың сөйлеу, танымдық және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, өз бетінше әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған заманауи оңалту әдістері қолданылады. Оның ішінде роботтандырылған технологиялар да бар. Мекеме церебралды сал ауруы, аутизм спектрінің бұзылысы және басқа да психоневрологиялық дерттері бар балаларға кешенді көмек көрсетеді. Жыл сайын еліміздің барлық өңірінен келген 5 мыңнан астам бала оңалту қызметін алады. Бельгиялық қонақтар балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, интерактивті бағдарламаға қатысты. Сондай-ақ Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Бөлісу