Басты Жаңалықтар Абай облысының көлік-логистикалық әлеуеті артып келеді

Абай облысының көлік-логистикалық әлеуеті артып келеді

Қазақстан мен Еуропалық қайта құру және даму банкі 2030 жылға дейінгі бесжылдық келісімге қол қойды. Құжат инфрақұрылымды жаңғыртуға, цифрландыруға және еліміздің өңірлік сауда-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Бұл Абай облысында да жүк тасымалы, қойма қызметі мен экспортты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Абай облысындағы халықаралық тасымалмен айналысатын кәсіпорындар да жүк ағынын арттыруға күш салып жатыр. Семейдегі «KZ логистика» серіктестігі салада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Мекеме халықаралық тасымалмен қатар, хаб қызметін атқарады. Соңғы жылдары облыстағы халықаралық маңызы бар ірі тас жолдар жөнделгендіктен, транзит көлемі артты-дейді мамандар.

Алмас Әділбеков, логистикалық кәсіпорын басшысы:

Мақсат – халықаралық транзитті дамытып жатырмыз. Ол Қытай, Қазақстан, Ресей. Одан кейін Белоруссия. Европаға шығуымызды болашақта ойластырып жатырмыз. Биылғы жылға мың машинадан көбірек тасымалдау. Алдыңғы жылдары одан азырақ болған.

Ал Абай облысында өткен жылы 94 миллион тонна жүк тасымалданып, жүк айналымы 19 миллиард тонна-километрді құрады. Оның басым бөлігі автомобиль көлігіне тиесілі.

Айбек Жұмағалиев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

2025 жылы облыс бойынша 94 млн тонна жүк тасымалданып, жүк айналымы 19 млрд ткм құрады. Оның ішінде автомобиль және қалалық көлікпен 73 млн тонна жүк тасымалданған, яғни тасымалданатын жүктердің басым бөлігі автомобиль көлігіне тиесілі.

Транзиттік ағынның артуы Семейдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды талап етеді. Қазір қаланың бас жоспарында төрт көпір мен айналма жолдар салу жоспарланған.

Таңат Шегебаев, «Град проект KZ» ЖШС директорының орынбасары:

Қаланың көлік каркасын ретке келтіру. Яғни қазіргі заманда, қазіргі уақытта жаңағы транзиттік машиналар қаланың ортасымен өтіп жатса, келешекте қаланың айналып өтетін айналма жол арқылы, мысалы Павлодар бағытында өтіп кетеді Алматыдан келе жатқан машина. Өскемен жақтан келген. Сондай бір айналма жол жобасы қарастырылуда.

Өңірдің логистикалық әлеуетін арттыратын тағы бір жоба – «Бақты – Аягөз» теміржол желісі. Ол іске қосылса, Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол өткізу қабілеті жылына 28 миллион тоннадан 48 миллион тоннаға дейін артуы мүмкін. Ал Бақты аумағында салынып жатқан құрғақ порт пен логистикалық парк Абай облысының халықаралық транзиттегі рөлі күшейте түспек.

Бөлісу