Қытайда жанармай бағасы қымбаттады
Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай нарығына әсер етіп отыр. Қытайда жанармай тағы да қымбаттады. Қазір бензин мен дизельдің литрі 10, ал кейбір шалғай өңірлерде 11 юаньға дейін көтеріліп кетті. Біздің ақшамен санасақ, шамамен жеті жүз елу теңге. Ел билігі нарықты қатаң бақылауға алып, инспекциялық қадағалауды күшейтті. Бұл жөнінде көрші елдің реформалар және даму жөніндегі ұлттық комиссиясы мәлімдеді. Қытайдағы тілшіміз Әйгерім Ермұханқызының бейнематериалы.
Қытайда жанармай құны құбылып тұр. АИ 92 және 95 маркалы бензин мен дизель литрінің бағасы 23-24 теңгеге қымбаттап кетті. Бұған Таяу шығыстағы геосаяси жағдайдың шиленісе түсуі түрткі болды. Енді ел үкіметі тұтынушыларға түскен салмақ пен өндірісті реттеу үшін мұнай өнімдерінің бағасына түзету енгізуге мәжбүр болып отыр.
Бянь Чжэн, Қытайдың ұлттық даму және реформалар жөніндегі комиссиясының баға және сертификаттау орталығының директоры:
Кейінгі он күнде шикі мұнайдың халықаралық орташа бағасы күрт өсті. Бұл баға тұрақтылығына кері әсер етіп отыр. Қазір ішкі нарықты реттеп, тұтынушыларға түскен ауыртпашылықты жеңілдету шаралары қабылдануда. Сонымен қатар мұнай өнімдерінің қауіпсіз және тұрақты жеткізілуін қамту аса маңызды. Осы екі ортадағы тепе-теңдікті табу үшін Қытай мұнай өнімдерінің бағасын түзету шараларын қайта енгізді.
Қазір Қытай мұнай өнімдерінің бағасын белгілеу механизмін іске қосты. Енді нарыққа мониторинг жасалып әрбір 10 он күн сайын оған түзету енгізіліп отырады.
Чэн Шоухай, Қытай мұнай университеті мұнай-газ саласындағы саясат және құқықтық зерттеу орталығының жетекшісі:
Жанармай бағасын түзету шараларын қолдану кезінде тұтынушылардың төлем қабілеті мен нарыққа мұнай өнімдерінің тұрақты жеткізілуі қатар ескерілуі тиіс. Билік бағаның шарықтауын шектеп қана қоймай, мұнайөндіруші зауыттардағы өндірістің де жайын ойлауы керек. Өндірістің тоқырауын болдырмас үшін импорттық шығындардың бір бөлігін тұтынушылардың есебінен реттеуге мүмкіндік беруі қажет.
Мұнайдың қымбаттауы жанармай құнының өсуіне әсер еткен жалғыз фактор емес. Алып елдегі логистика, провинциялар мен аудандардағы салық саясатының әр алуандығы да әсер етіп отыр. Айта кету керек, Қытайда биыл жыл басынан бері нарықтағы бағаға жиырма шақты рет түзету енгізіліп, соның он үш жағдайында баға көтерілген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы