Зейнетақы аннуитеті: Кімдерге қолжетімді?
Зейнет жасын күтпей-ақ, жинақтағы қаражаттан ай сайын төлем алуға болады. Ол үшін зейнетақы аннуитетін рәсімдеу қажет. Қазір елімізде осы тетік бойынша 164 мыңнан аса келісімшарт жасалған. Ал ол үшін қорда қанша қаражат болуы керек? Төлемнің көлемі қандай болмақ? Мәдина Нағашыбай тарқатады.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Аннуиет - жинаған қаражатты сақтандыру компаниясына беріп, ай сайын тұрақты төлем алып отыру жүйесі. Қазақстанда мұндай жолмен зейнетақы алу 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде сақтандыру секторында 25 компания болса, соның 8-і ресми түрде зейнетақы анниутетін ұсына алады.
Биыл елде 164 мың 294 келісімшарт жасалды. Ал сақтандыру компанияларына аударылған қаражат көлемі 1 триллион 168 миллиард теңгеге жетті. Яғни, елде аннуитет нарығы ұлғайып келеді.
Сонымен, аннуитет арқылы төлем алу үшін алдымен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатты өмірді сақтандыру компаниясына аудару қажет. Одан кейін сақтандыру компаниясы сол қаражат есебінен ай сайын тұрақты төлем жасап отырады. Ол үшін ерлердің жасы кемінде 55, әйелдердікі 53 жас болуы керек.
Ең төменгі жинақ та төлем мерзімі мен өмір сүру ұзақтығына байланысты әртүрлі. 55 жастағы ер адамның зейнетақы қорында – 10 миллион 715 мың теңге, ал 53 жастағы әйелдер үшін – 14 миллион 40 мың теңгеге жуық қаржы болуы қажет.
Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы кемінде 60 ай төленген азаматтар аннуитетті 50 жастан рәсімдей алады. Бұл жағдайда ер адамға 8 миллион 713 мың, әйелдерге 11 миллион 668 мың теңге жеткілікті.
Ай сайынғы төлем 35 мың 596 теңгеден кем болмауы тиіс. Кейін жыл сайын төлем мөлшері инфляция әсерін азайту үшін 8%-ға өсіп отырады. Сондықтан шарт жасамас бұрын, бірнеше сақтандыру компаниясының төлем мөлшерін анықтап, кепілдік кезеңін салыстырып алған жөн.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы