Басты Жаңалықтар «Ұмай» ипотекасы: 20 млрд теңгеге 850 сертификат берілді

«Ұмай» ипотекасы: 20 млрд теңгеге 850 сертификат берілді

Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңі аясында 20 млрд 298 млн теңге болатын 850 сертификат берілді, яғни, 850 қыз-келіншек баспаналы болуға мүмкіндік алды. Осылайша бағдарламаға бөлінген қаржы толығымен игеріліп, өтінім қабылдау аяқталды. Ипотека шарттарына сәйкес  әйелдер 50 млн теңгеге дейін несие ала алады. Жылдық мөлшерлеме – 14,8 пайыз. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3-16,8 пайыз аралығында. Бастапқы жарна Астана мен Алматыда 20 пайыздан, ал өзге өңірлерде 15 пайыздан басталады. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының орташа айлық таза табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ соңғы алты айдағы ресми табысын растау міндетті. Өтінім «Отбасы банктің» ресми сайты арқылы онлайн, банк кеңесшісінің көмегімен немесе бөлімшелер арқылы берілді.

Несие қаражатына бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға болады. Айта кетейік, бағдарламаның алғашқы кезеңінде өтінім қабылдау небәрі 7 сағатқа созылған. 31 тамыз күні банкке 855 өтінім түсіп, 9 млрд теңгелік қаражат лимиті толық игерілді. Бұл жолы да Азия даму банкі бағдарламаға қосымша 20 млрд 298 млн  теңге бөліп отыр.

Бөлісу