Басты Жаңалықтар Елдегі 11 ірі банк тексеріледі

Елдегі 11 ірі банк тексеріледі

Елдегі 11 ірі банк тексеріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беру кезінде азаматтардың табысы мен қарыз жүктемесі дұрыс есептелді ме, соны анықтамақ. Өйткені қыркүйек айында кредитке қатысты шағымдар көбейген. Тексеріс қандай мәселені шешеді? Ақниет Балтанова тарқатсын.

Ақниет Балтанова, тілші:

Банктер несие бермес бұрын борышкердің табысын, қарыз көлемін және ай сайынғы төлемдерін есепке алуға міндетті. Яғни азаматтың күнкөрісіне ақша артылмаса, қаржы ұйымдары кредит бермеуі тиіс. Елдегі банктер бұл талапты сақтап жатыр ма?

Жаңа қадағалау тетігі Debt Service Review деп аталады. Бұған дейін агенттік осы әдісті 8 банкте сынақтан өткізіп, оның тиімділігін бағалаған. Бұл жүйе – несие рәсімдеу кезінде азаматтардың қарыз жүктемесін төмендетіп, табысты жоғары көрсету фактілерін анықтайды. Енді мұндай тексеру 11 ірі банкте тұрақты түрде жүргізіледі.

Әнел Толқынбекова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бас маманы:

Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша банктердің аталған көрсеткішті есептеу тәсілдерінде айырмашылықтар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша агенттік анықталған құқық бұзушылықтарға баға беріп, қажет болған жағдайда тиісті қадағалау шараларын қабылдайды.

Тұрақты тексерістің басты себебі - қаржы ұйымдарының жұмысына қатысты шағым артқан. Қыркүйекте агенттік 15 600 өтінішті қараған. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 6,3 пайызға көп. Шағымдардың 47% - банктерге, 39% - микроқаржы ұйымдарына, тағы 7% - коллекторлық агенттіктерге қатысты. Әрбір он өтініш иесінің төртеуі – несие төлеу жолдарын жеңілдетуді сұрайды. Қаржы ұйымымен келісімге келе алмаған борышкерлер омбудсменге жүгінуге құқылы.

Назгүл Естеусізова, ҚР Микроқаржы омбудсмені:

Былтыр 10 мың шамасында біз кеңес бердік, өтініш түсті. Ал енді биыл қарасақ, 9 айдың ішінде 15 мыңнан асты. Несие тарихын ашып қоямыз, қараймыз. Сонан кейін айтамыз, сіздің ай сайын төлеуге қанша мүмкіншілігіңіз бар? Ол 50 мың ғана төлей аламын дейді. Бірлесе отырып, көп оңтайлы шешімдер шығарып жатырмыз. 100 пайыз келіп түскен өтініш, қоңырау шалғанның бәрі әйтеуір бір пайдасына тидік деп ойлаймын.

Айта кетейік, қаржы омбудсменінің қызметі тегін. Азаматтардың шағымдары негізінде жүргізілген тексеріс 3 заң бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде өткен айда қаржы ұйымдары 1 миллион 700 мың теңге айыппұл арқалаған.

Бөлісу