Басты Жаңалықтар Құрылыс қарқынына отандық өндіріс ілесе ала ма?

Құрылыс қарқынына отандық өндіріс ілесе ала ма?

Президенттің алдағы жылды «Құрылыс жылы» деп жариялағаны экономика үшін де, халық үшін де пайдалы болатыны даусыз. Бірақ құрылыс қарқыны артса, қажетті материалдарға да сұраныс көбейеді емес пе? Ендігі сұрақ, сол қажетті тауардың қанша бөлігін өзіміз өндіреміз?

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бұл салада 3100-ден астам кәсіпорын бар. Кейінгі жылдары өндіріс көлемі жүйелі түрде ұлғайып келеді. Мысалы, былтыр отандық кәсіпорындар сұраныстың 67 пайызын қамтыса, биыл бұл көрсеткіш 73 пайызға жеткен.

Ішкі нарықта шығатын өнімдер негізінен цемент, кірпіш, бетон, темірбетон, арматура, гипсокартон сияқты іргетас құюға, қабырға тұрғызуға, ғимараттың қаңқасын жасауға қажетті тауарлар. Оның ішінде цементпен қамту көрсеткіші жоғары екенін баса айта кету керек. Елде осы қоспаны өндіретін бақандай 16 кәсіпорын бар. Әйткенмен қазіргі құрылыс күрделі. Оған арнаулы инженерлік жабдықтар, электр техникасы, автоматтандыру құралдары, түрлі химиялық өнімдер қажет. Осындай материалдардың қай бөлігінен импортқа тәуелдіміз? Мәселені шешу үшін Үкіметтің қандай жоспары бар? Амангелді Сейтханның сараптамасы.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Құрылысқа қарқын беру үшін оны қажетті тауарлармен қамту маңызды. Мысалы, ең керекті өнімдердің бірі – бұл керамикалық кірпіш. Өйткені ғимараттың немесе нысанның сапалы болуы осы кірпіштің сапасына байланысты. Бүгінде Қазақстан керамикалық кірпіштің 73 пайызын өзі өндіреді. Қалған 27 пайызы – импорт.

Серікхан Санке, кірпіш зауытының бас инженері:

2022-2 жылдардан бастап шет мемлекеттерден кірпіш кіргізіле бастады, керамикалық. Өзбекстаннан, Ресейден. Бағасын сәл арзандау кіргізіп жатыр.

Арзанынан бөлек, шетелдік кірпіштің түрі де көп. Ал құрылыс компаниялары нысанның сәулетіне қарай кірпіштің әртүрлісін іздейді. Сондықтан қазақстандық кәсіпорындар өнім түрлерін көбейтпесе болмайды.

Серікхан Санке, кірпіш зауытының бас инженері:

Кірпіштің 10 түрін шығарамыз. Заводымыз жылына 30 млн кірпіш өндіреді. Сұраныс жыл сайын артып жатыр.

Сұраныс енді тіпті артуы мүмкін. Себебі алда бір жыл бойы құрылыс тоқтамайды. Президенттің бұл бастамасы кәсіпорындарға серпін берген.

Серікхан Санке, кірпіш зауытының бас инженері:

Біз енді соны естіген соң өнім түрлерін көбейтіп, біздің құрылыс компанияларының біздің кірпішке бейімделуіне, сол жағына көп жұмыс істеп жатырмыз.

Кірпіштен бөлек, Қазақстанда цементпен қамту көрсеткіші жоғары. Цемент өндіретін 16 кәсіпорын бар.

Бекзат Серік, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сарапшысы:

Өткен жылы 14,5 млн тонна цемент өндірілді. Ол соңғы 10 жылдықта рекордтық көрсеткіш болып саналады. Бірақ біз онымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта осы 27-28 жылы 2 ірі жоба қосылады.

Одан кейінгі қажетті тауар – темірбетон. Қазір бұл бойынша Қазақстан өзін-өзі 99 пайызға қамтиды. Сондай-ақ темірбетон шығаратын зауыттар темір құбырларын өндіреді. Дегенмен ғимараттың қабырғасын тұрғызғанмен, ішіне қажетті жабдықтардың көбін сырттан аламыз.

Ғани Жұмахметов, «QazIndustry» құрылыс материалдарын өндіру дирекциясы басшысының орынбасары:

Әрлеуші, жылу оқшаулағыш материалдар сияқты тауарлық позицияларда импортқа тәуелділік бар. Импортты алмастыру ол әрдайым экономикалық тиімді болып келмейді. Өйткені локализацияланған өндіріс орындары оларды алмастыру өте күрделі болып келеді.

Яғни импорттан бас тартамыз деп зауыт салу мәселені толық шешпеуі мүмкін. Өйткені ондай өнімдерді жасау күрделі, өзіндік шығынын өтеу үшін үлкен нарық керек. Сондықтан шетелдік танымал брендтермен бірлескен жобалар қолға алынған.

Бекзат Серік, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сарапшысы:

Мысалы, қазіргі таңда санфаянс дейді, ол жаңағы жуын бөлмесінде қолданылатын тауарлар. Ол тауарлар бойынша испандық Роко деген компаниясымен келісімшарт жасастық. Сол компания енді алдағы жылда іске қосылады деген үміттеміз.

Ғимараттың ішіне қажетті түрлі тауарларды өндіру үшін 45 жоба жоспарланып, соның 22-сі іске қосылған.

Ғани Жұмахметов, «QazIndustry» құрылыс материалдарын өндіру дирекциясы басшысының орынбасары:

2025 жылы осы құрылыс материалдары саласына құйылған инвестициялар көлемі 220 млрд-ты құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық.

Яғни инвестиция жыл сайын артып жатыр. Соның нәтижесінде керамикалық тақтай, яғни кафель өндірісі де жанданып келеді.

Бекзат Серік, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сарапшысы:

Өткен 2024 жылдың соңында Уаншин Керамик деген мекеме іске қосылды. Қазіргі таңда үлесі ол тауар бойынша 35 пайыз шамасында, бірақ ғимараттардың сыртын қаптайтын қасбет тауарларына тәуелділік бар.

Қасбеттер мен кафельдердің импорттық үлесі басым, бірақ оларды жабыстыратын желімдердің көбі отандық өнім. Өйткені оларды шағын кәсіпорындарда жасауға болады. Мысалы, Павлодардағы мына шағын зауыт цементті қоспалардан кафель желімін жасайды. Ашылғанына көп болмаса да, жаңа технология бойынша жасалған желімге сұраныс артқан.

Мұқасан Қадыр, кәсіпкер:

Әрине, енді ашылған өндіріс болғасын бәрі күдікпен қарайды. Бірақ та біз оны өзінің сапасын уақытпен тексеріп, көрсетіп жатырмыз. Қытайға өзім жеке барып, Чынжоу қаласында бәрін үйреніп, оқып келдім.

Мұқасан алдағы жылдың құрылысқа арналуы және тура сол кезде шағын бизнесті тексеруге жасалатын үш жылдық мораторийдің де жұмысты жандандыруға ықпалы көп, – дейді.

Мұқасан Қадыр, кәсіпкер:

Оның үлкен ықпалы бар. Өйткені жұмыс істеп жатқан адамға ана құжатты әкел, мына құжатты әкел деп жұмысты тек тоқтатады.

Ал жұмыс тоқтамау үшін түрлі кедергі болмауы тиіс. Қорыта келгенде, құрылыс жылының нәтижесін қанша ғимарат салынғанымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Оның қаншасы отандық материалмен тұрғызылды? Қанша жаңа өндіріс іске қосылды? Қазақстандықтар күрделі технологиялық өнім шығаруға қаншалықты машықтанды? Бұл сұрақтардың жауабы «Құрылыс жылының» соңында белгілі болады.

Бөлісу