Шоттан шыққан сот: 400 дроппер түрмеде отыр
«Заманына қарай амалы» демекші, елімізде қылмыс та түрленіп барады. Соның бірі – дропперлік. Алаяқтар енді банк картасы арқылы қалтамызға қол сала бастады. Мұндай қулықтың көбейгені соншалық, былтырдан бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Яғни, есепшотыңызды сыйақы алу мақсатында өзге біреуге жалға берсеңіз және ол алаяқтық мақсаттарда қолданылса, жапа шегушінің шығынын өтеп қана қоймай, сотталуыңыз мүмкін. Өкініштісі сол, киберқылмыскердің көбі шетелде отырып алып, қулығын жүзеге асырады.
Бір ғана мысал: былтыр Украинада орналасқан 5, ал Армения аумағында жұмыс істеген 2 call-орталықтың заңсыз әрекеті анықталып, бұғатталған. Ел ішінде де мұндай алаяқтар баршылық. Өткен жылы республика бойынша осындай 6 call-орталықтың ісі әшкере болыпты. Егжей-тегжейін тілшіміз Бауыржан Бөгенбай тарқатсын.
Бауыржан Бөгенбай, тілші:
Мен қазір СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №48 мекемесіндемін. Мұнда 600-ден аса сотталушы жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында дропперлік бойынша істі болған 6 азамат бар.
Жеңіл ақша мұратқа жеткізбейді. Осы жолда опық жегендердің бірі – Бүркіт. Оған қаржылық алаяқтығы үшін 7 жыл жаза кесілген.
Бүркіт:
Бір рет шотымды бердім. Шотты бердім, сосын маған айтты: «Саған ақша түседі шотыңа. Ол ақшаны сен снимать, карточкаңнан аласың и получается через доставку адрес жібереміз, доставкамен басқа адреске тастайсың». Сонымен мен айтқанын істедім, маған ақша түсті, мен снимать еттім, басқа адреске жібердім. Сөйтіп, бах, маған 10 процент түсті. 500 мың түсті, 500 мыңнан получается 10 процент – 50 мың қалтамда қалды.
Кейін әккіленіп алған алаяқтар Бүркітті жора-жолдастарын да дропперлікке тартуға үгіттейді. Ол үшін оған қосымша ақы төлеуге келіседі.
Бүркіт:
Мен өзім ауылданмын. Ауылдағыларға айттым. Мектепте оқыған балаларға айттым. Білесің ғой, кімге ақша керек, шамамен білесің ғой. Соларға айттым. Олардың шоттарын маған жіберетін болды да олар. Маған шоттарын айтады, мен не істеу керегін айтып отырамын. Мен әкімші сияқты болып алдым.
Бүркіт жоғары оқу орнын қаржы менеджменті мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ ғылым магистрі. Тіпті әскери кафедрада да оқыған. Қаржы ұйымында жұмыс істеген. Бір адамға жетерлік сауаты мен тәжірибесі бар. Алайда оңай табыс тура жолдан тайдырды.
Ержан Мырзабаев, психолог:
Кішкентай кезінен бастап біз балаларды сабырсыздыққа үйретеміз. Қарапайым мысалға, 15 секунд сайын экранды ауыстырып отыру, ұнамаған нәрсені өзгертіп отыру. Бұл не?! Жалықтың ба, өзгерт. Күт, шыдау деген нәрсе жоқ. Қазір балалардың басым көпшілігі өз алдына шыдамсыз болып бара жатыр. Осы шыдамсыздық, тез діттегеніне жету, күте алмау осындай қауіпті әрекеттерге баруға себеп болып жатыр.
Бүркіт те арманына жедел әрі жеңіл жеткісі келді. Ақырында көлеңкелі кәсібі әшкере болды. Үстінен 15-ке жуық жәбірленуші арызданып, бұлтартпас дәлелдермен басына бұлт үйіріледі.
Бүркіт:
Мен дропперлікпен айналысып жүрген кезде тапқан, менің шотымдағы айналымдағы ақша 27 млн теңге болды. 27 млн теңгенің шамамен 2-3 млн-дай істедім. Өзім сол 27 млн-нан түскен қаражат 3 млн теңгедей болды. Жаңағы процент, 10% дейді ғой.
Петропавлдық Дмитрийдің де оқиғасы осы. Ол да танысын банк есепшотын алаяқтарға жалға беруге үгіттейді. Сөйтіп, осы сияқты бірнеше дроппердің картасы арқылы онлайн-ұрылар бір азаматтың 20 млн-ға жуық, тағы бір жәбірленушінің 37 млн теңгесін қолды қылған.
Дмитрий:
Бізге беретіні 30 мың, 20 мың. Былайша, көп ақша емес. Бірақ «ештеңе істеу керек жоқ, жай келіп жатқан ақша ғой» деп ойлайсың. Соңында бәрі басқаша екенін түсінесің...
Кейін бұларға ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде іс қозғалған. Өзгелерді үптеп кеткендерге үкім де қатал болды. Дмитрийдің әрекеті сыбайластық деп бағаланып, 6 жылға сотталды.
Ғаділбек Аким, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас сарапшысы:
Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша ол Қылмыстық кодексте жаңағы қылмыстық іс болып саналады. Оның ішінде көрсетілген. Егер де азамат өзінің ақпаратын берсе, жаңағындай көрсетілген, картадағы, басқадай ақпаратты берсе, ол 3 жылға шейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер де сол ақпаратты жаңағы біліп тұрып жасаған болса, саналы түрде, ол онда 5 жылға шейін, ал егер де соның бәрін біліп тұрып, ұйымдастырып, яғни басқа адамдардың ақпаратын жинап, сондай іс жасаса, онда ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және мүлкі тәркіленеді.
Елімізде былтыр жалпы есебі 96 мың қылмыс болған. Соның 27 мыңнан астамы интернет-алаяқтық дейді сала мамандары. Салдарынан азаматтарға 71 млрд-қа жуық материалдық шығын келтірілген. Оның жобамен 5 млрд-ы киберполицияның нәтижелі жұмысының арқасында иелеріне табысталған. Ал биыл 9 айдың қорытындысы бойынша 15 500-ге жуық онлайн-алаяқтық іс тіркеліп, ел тұрғындарының 37 млрд-тай ақшасы ұрланды. Қазір соның 6 млрд теңгеден аса сомасы жәбірленушілерге қайтарылған.
Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:
Ағымдағы жылдың 9 ай қорытындысы бойынша дропперлердің есепшоттарында 1,7 млрд теңгеге жуық ақша бұғатталған болатын. Яғни, бұлар дроптардың есепшоттарынан өз иелеріне қайтарылған болатын. Оның ішінде 1 млрд теңгеге жуық дроптардың өз қалауы бойынша, яғни өз еркімен өз иелеріне қайтарылған болатын.
«Ақшаны мен алмадым. Оны келесі шотқа жібердім» деген әңгіме мұнда жүрмейді. Өйткені дропперлердің ісі негізінен мына тәртіппен қаралады.
Нұргүл Лесова, Астана қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
Бірінші адам, бірінші аударған адам талапты қойған кезде, екінші адамның есепшотына түскені дәлелденді, ол адам әрі қарай оны үшінші тұлғаға жібергені ол сот үшін маңызды емес. Егер бұл міндетті түрде екінші адамнан бірінші талап қойған адамға ақша, қаражаты өндіріледі. Енді екінші адам үшінші адамға талап қоюы үшін, жаңағы сіз айтпақшы, тізбек бойынша талап қоюы үшін, сотқа өзінен бірінші адамнан ақша, қаражаты өндірілгенін, соған ақша, қаражатын қайтарғанын растайтын дәлелдеме ұсынуы керек. Яғни, ол сол кезде арада болып жатқан заңсыз айналымдарды білмегенін сотқа растауы керек. Сонда ол үшінші адамға берген талабы негізді болып саналады.
Мамандар, егер шотыңыз арқылы сіздің келісіміңізсіз ақша аударымы өткенін білсеңіз, бірден мына әрекетті жасаған жөн дейді.
Мәди Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
Ондай жағдайда қай сәтте білдіңіз, бірден сол сәттен бастап жаңағы картаңызды бұғаттап, банк арқылы, сосын полиция органдарына дереу хабарласып және қажет болған жағдайда адвокаттардың көмегіне жүгінген дұрыс.
Дропперлік туралы заң 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Содан бері 1100-ге жуық осындай іс тіркеліп, 400-ге жуық дроппер сотталған.
Нұргүл Лесова, Астана қалалық Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
Қолданыстағы жаңағы мобильдік қосымшаларда көрінеді. Иә, ақша келіп түскен кезде, мысалы, дәл келген шотқа қайтып қайтаруға болады. Кері қайтаруға деген бар. Қабылдамай кері қайтарып жіберуге деген бар. Ал егер сол адам хабарласып, «мен сізге байқамай аударып жіберіппін, мынау есепшотқа аударыңызшы» деп, өзі жіберген шот емес, басқа, келесі басқа бір тұлғаның телефон нөмірін беріп, «мынау телефон нөмірі бойынша шотқа аударыңыз» немесе «мына картаға аударыңыз» десе, олай аударған дұрыс емес. Себебі оның артында қылмыс болуы мүмкін.
«Адасқанның айыбы жоқ» десек те, «заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды». Ойланбай жасаған істің соңы – өкініш. Күмәнді ұсыныстың соңы – қылмыс болуы мүмкін. «Миллиондаған ақшаның өзі бір күндік бостандыққа татымайды», – дейді «тепсе темір үзер шағында» темір торға қамалған Бүркіт.
Бүркіт:
Енді мен жалғыз баламын үйде. Қарындасым бар. Әкем 68 жылғы. 58-ге толады мысалға. Немересі жоқ. Мамам 73 жылғы тоже. Енді сол уже 60-қа келіп қалды папам да. Мен әлі үйленбегем. Әлі срогым алда. Қашан шығам, қашан үйленем, балалы-шағалы боламын. Қорқам, что бірдеңе болып қап и. Ойлағандарым мысалға осы жерде ойланасың ғой. Бірдеңе жібергің келеді. Демалып қайтсын деген сияқты. Кейбір осы жерде бар, мамасы қайтыс болып жатқандар. Папасы қайтыс болып жатыр осы жерде отырған кезде...
Бауыржан Бөгенбай, тілші:
Қылмыскерге кейде затыңыз емес, атыңыз керек. Себебі сіздің есепшотыңыз өзге жандардың қыруар қаржысын қымқыру үшін қолданылады. Ал заң алдында жауап беретін және келтірілген шығынды өтейтін – сіз! Бір сәттік пайда орны толмас өкінішке айналмасына кім кепіл?! Ойланайық...
Бауыржан Бөгенбай