Жаңа мектептерге білімді маман қажет
Мемлекет басшысы алдағы жылдарда тұтас ел аумағында балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері және тағы басқа маңызды нысандар салынатыны туралы жолдауда айтқан еді. Атырау облысында бірқатар жобалар қолға алынған. Соның бірі Индер ауданының орталығы Индербор кентіндегі 300 орындық мектеп-гимназия мен 200 орындық интернат құрылысы. Жылдан жылға халық саны көбейіп, жаңа ықшам аудандар бой көтеріп келеді. Сондықтан аймақта жаңа білім ордаларын салу мәселесі көтеріліп отыр.
Индербор кентінің тұрғыны Мейрамгүл Құспанова қызы Кәусарды мектепке апару үшін біраз әбігерге түседі. Білім ордасы қашықта, такси қызметі күнде қалтаға соғады. Сондықтан бірнеше шақырымды артқа тастап, жаяу әкелуге мәжбүр.
Мейрамгүл Құспанова, Индербор кентінің тұрғыны:
Мектепке қатынау балаға алыс. Қиындық туғызып отыр. Кеште ерте қараңғы түсіп кетеді. Иттер бар, қорқамыз. Бала қауіпсіздігі бірінші орында.
Осы мәселе ескеріле келе 4 жыл бұрын Болашақ ықшам ауданынан 300 орындық мектеп-гимназия мен 200 орындық интернаттың құрылысы басталды. Қазір алаңда 60 адам жұмыс істеп жатыр. Жоба 70 пайызға аяқталған.
Сәбит Нәби, мердігер мекеме өкілі:
Қазір спортзалдың төбесін жауып жатырмыз. Биыл осыны жауып, сыртын түгел қаптаймыз. Жылу жүріп жатыр, соны қосып алсақ қыстай ішін жасап шығамыз ба деген мақсат бар.
Құны 4,5 млрд теңгеден асатын мектептің құрылысы жобадағы түзетуге байланысты екі жыл қаңырап бос тұрды. Қазір жұмыс қайта жанданды. Жауаптылар алдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқтаймыз деп сендіріп отыр.
Ернар Қадырбай, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
Алайда бекітілген өндірістік кестеден мердігер мекеме қалыс қалуда. Бұл жөнінде құрылыс басқармасы тарапынан тиісті ескертулер беріп, жұмысты жеделдету бағытында әрекеттер жасақталды.
Индер ауданында 15 жалпы орта мектепте 7 мың оқушыға 1200 жуық педагог сабақ білім береді. Жаңа мектеп салынғаны жақсы, бірақ маман тапшылығы бар.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Қабырғасы қаланған мектепке жан бітіру үшін білікті маман қажет. сондықтан мәселе тек құрылысты аяқтаумен шектелмей, ауылға үздік ұстаздарды тарту тетіктерін де қамтуы тиіс. Аудандағы жауаптылардың сөзінше салада 10 шақты мұғалім жетіспейді.
Орынша Мұқашева, Индер аудандық білім бөлімінің басшысы:
Егер де осы Индер аудандық білім беру ұйымдарына келіп, жұмыс жасаймын дейтін жандар облыс көлемінде мамандар болса біздер қолдау көрсетуге дайынбыз. Оған бюджеттік бір жолғы көтерме жәрдемақы және үймен қамтамасыз етуге жағдай қарастырылады.
Жалпы облыс бойынша биыл 5 мектеп пайдалануға берілген. Тағы 6 білім ордасы жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы