Ертіс пен Үлбінің арнасы зерттеледі
Өскеменде Ертіс пен Үлбі өзендеріне зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Себебі су арналарының бағыты өзгеріп, жағалауды су басқан. Тіпті екі өзеннің де ортасында аралдар пайда болған. Мамандар қазір қауіпті аумақтарды анықтап, тиісті шараларды қолға алған. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Бекарыс Секен тарқатады.
Бекарыс Секен, тілші:
Ертістің бойын ен жайлап, Үлбі жағалауын қоныстанған қала тұрғындарын қазір осы екі өзеннің жағдайы алаңдатып отыр. Өйткені жағалауды су шайып кеткен. Қазір кірпіштері сөгіліп, аралары ажыраған. Енді уақытында тексеру жұмыстарын жүргізбесе, жағалауды толық су шаю қаупі бар.
Қауіп төнген соң, Анар Серікжанқызы бұл жағалаумен серуендеуді қойған. Ол су арнасының бұлай өзгергенін бұрын байқаған. Қазір дер кезінде жағдайдың алдын алу керек, дейді.
Анар Серікжанқызы, Өскемен тұрғыны:
Әрине осы жол қиындық тудырады. Біз балаларымыз үшін алаңдаймыз көбінде. Тезірек мәселе шешілсе, жақсы болар еді халыққа.
Қазір гидрологтар қайықпен өзен бойын жағалап, қауіпті аумақтарды анықтап жүр. Ал, эколог Дәулет Асанов су арнасы бағытының өзгеруін былай түсіндірді.
Дәулет Асанов, эколог:
Біріншіден, ағып жатқан судың ағысының көлемін нақты сапалы мәліметтермен алып отыру керек. Екіншіден, арнайы сүңгуір мамандар жағалаудағы су астындағы бетонның жағдайын анықтап, бақылып отыру керек. Үшіншіден, судың түбін тазалап отыру керек. Себебі судың түбін тазаламаса, судың ағысы азаяды да осы жағалауды көбіне шайып отырады.
Су шайған жағалауға қатысты әкімдік өкілдері қажетті шара қабылдадық дейді. Енді тиісті комиссия құрылғаннан кейін Ертіс бассейн инспекциясы зерттеу жұмысына кіріседі.
Ернар Мәдиев, «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейн инспекциясы» РММ басшысының орынбасары:
Иә, міне, мына жерде де бетон астын бақылау бүгін жүргізілді. Тағы да жобалық мекемемен су астын шолып бақылау жүргізіледі. Соның нәтижесінде ғана қандай жұмыс атқарылатындығы белгілі болады.
Мамандар өзенді зерттеуге жедел кіріспекші. Себебі аяз түсіп, су бетіне мұз қатса жағдайды анықтау қиындайды. Бұған қоса алдағы уақытта Үлбі өзенінің 100 шақырымдық аумағын тазарту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы