Ақмола облысында кітапқұмар жастар көбейіп келеді
Ақмола облысында «Кітап оқитын ұлт» марафонына 12 мыңға жуық оқушы қатысып жатыр. Жалпы кітап оқуға құштар жастардың қатары қалыңдаған сайын өңірдегі кітапханаларға келушілер саны да артқан. Кітапхананың бұрын бос тұратын оқу залдары бүгінде лық толы. Бала кезінен кітап оқуға құмар Айзере марафон аясында 6 кітапты түгел тауысып, жетіншісіне кіріскен. Айтуынша, кітапханаға өзі қатарлас жастармен оқыған кітаптарды талқылау үшін келеді.
Айзере Ғаббасова, мектеп оқушысы:
Осы күнге дейін мен Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылышын» және тағы басқа кітаптарды оқығанмын. Ең соңғы кітап Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» кітабы. Осы шығарма маған махаббаттың ақша мен байлықтан маңызды екенін түсіндірген.
Кітапханашылардың айтуынша, балалар тек бағдарламалық әдебиетпен шектелмей, қазақ классикасы мен әлемдік бестселлерлерді де жаппай сұрайтын болған. Тіпті, кейбір танымал туындыларға кезек қалыптасқан. Сондай-ақ оқырмандардың әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханашылар кездесулер мен түрлі байқауларды да жиі өткізіп тұрады.
Серік Жетпісқалиев, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің директоры:
Оқырмандар саны 32 мыңнан асады. 190 мыңға жуық кітап қоры бар. Кітап үнемі толықтырылып тұрады. Жергілікті бюджеттен және республикадан кітаптар келіп тұрады. Жалпы адам қызыққандай ғой. Қазір бүкіл классика қайта жаңғыртылып басылып жатыр. Бұрын қолға түспейтін, оқырман таба алмайтын кітаптар қазір бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы