Басты Жаңалықтар Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу жұмысы басталды

Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу жұмысы басталды

Президент жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының алғашқы жұмыс отырысы өтті. Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиында Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу жолдары, әдіснамасы мен жұмыс жоспары талқыланды.

Вице-Президенттің төрағалығымен Президент жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының алғашқы жұмыс отырысы өтті. Жиынды ашқан Ерлан Қарин Сараптама тобының негізгі міндеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы еліміздің ұзақмерзімді даму бағдарлары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық құжат әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау екенін атап өтті. Вице-Президент құжатты әзірлеудің тұжырымдамалық тәсілдеріне тоқталып, бұл жұмыс биыл күшіне енген Конституция аясында да айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:

Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстанның даму бағдарлары мен басымдықтарын анықтайтын ұзақмерзімді стратегиялық құжат әзірлеу міндетін қойды. Бұл міндет дәл қазіргі жағдайда айрықша маңызға ие. Өйткені Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты, ел ішінде де, әлемде де ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Мұндай құжат тек салалық бастамалардың кезекті тізбесі емес, ең бастысы, мемлекет пен қоғам үшін ортақ бағдарға айналуға тиіс. Яғни ұлттық құндылықтарды, болашақтың бейнесін, стратегиялық басымдықтар мен қажетті өзгерістердің жүйелі ретін бір арнаға тоғыстыратын құжат болуға тиіс.

Сараптама тобының отырысында Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары, Сараптама тобы жетекшісінің орынбасары Аида Балаева, Президент кеңесшісі–Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, Сараптама тобы жетекшісінің орынбасары Әсет Ерғалиев, Сараптама тобының хатшысы, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, Сараптама тобының мүшесі, «СИМКОН» үнемді технологиялар өңірлік орталығының директоры, форсайт-зерттеулер жөніндегі маман Олег Мецик сөз сөйледі. Жиын барысында Қазақстанның ұзақмерзімді даму стратегиясын қалыптастырудың тұжырымдамалық тәсілдері мен әдіснамасы, Сараптама тобы жұмыс жоспарының жобасы қаралды. Келесі отырыста Сараптама тобының мүшелері Қазақстанның даму жағдайына ықпал ететін жаһандық және өңірлік үрдістерді талқыламақ.

Бөлісу