Мәскеуде «Кезеңдер мен дәуірлер» атты ерекше тарихи фестиваль өтіп жатыр
Мәскеу көшелерінен қазір түрлі дәуірдің, қилы кезеңнің лебі есіп тұр. Себебі шаһарда «Кезеңдер мен дәуірлер» деп аталатын ерекше тарихи фестиваль өтіп жатыр. Мұнда келген жұрт Рим имперясының қару-жарағы, сақтар мен скифтердің тұрмыс-тіршілігі, Еуропаның ортағасырлық өркениеті сынды барлығы 30 кезеңге арналған қарт тарихпен танысады. Олардың бірсыпырасын көппен бірге әріптесім Нұртас Солтанұлы да аралап көрді.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Қазір Мәскеудің орталығына келсеңіз, ортағасырға түскендей күйге енесіз. Себебі, Ресей астанасында «Кезеңдер мен дәуірлер» деп аталатын үлкен фестиваль өтіп жатыр. Шараның аты айтып тұрғандай бұл жерден сонау тас ғасырынан бастап күні бүгінге дейінгі бірнеше кезең мен дәуірді тамашалауға болады.
Рим сарбаздары, көне гректер, олардың сол дәуірдегі ең озық қару-жарағы. Мұның барлығын көзбен көріп, қолмен ұстап тұрып танысуға болады. Мәскеулік Василий Слащев тарихи оқиғаларды жаңғыртумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Ол фестивальге келген әрбір адамға ескі қаруларды көрсетуден жалыққан емес.
Василий Слащев, фестивальге қатысушы:
Бұл Рим сарбаздарының далалық артиллериясы. Оның шаян деген тағы бір атауы бар. Себебі, мұндағы оқтың дауысы естілмей ақырын ұшады және тиген кезде адамды бірден жер жастандырады. Осы қарудың көмегімен 150 метр қашықтықтағы жаудың жаяу әскерін талқандауға болады. Оқ баллистикалық траекториямен ұшады.
Ал, мынау сақтар мен скифтердің дәуірі. Алтайлықтар ата-бабаларының өткен тарихын жұртқа мақтанышпен айтып жатыр. Сөреге қойылған киіз сырмақ, шаңқобыз, қамшы, тіпті ұлттық тағамымыз құрт та барша түркі баласына таныс, ортақ дүние.
Владимир Манасов, фестивальге қатысушы:
Мен Таулы Алтайдан келдім. Біздерде сақ, скиф мәдениеті бір. Ол біздің эрамызға дейінгі 5-ші ғасыр. Біздің түркі халықтарында қырғыз, қазақ, алтайларда мәдениетіміз бір.
Келесі бір алаңда Еуропа елдерінің ортағасырлық өркениеті көрсетілген. Мұнда келген адам немістің биін үйреніп, ағылшындардың теңге сарайында тиын жасап көреді. Шведтердің зеңбірегіне қызықсаңыз, мамандар оны да сізге тәптіштеп тұрып айтып береді.
Вера Коротеева, «Кезеңдер мен дәуірлер» фестивалінің ұйымдастырушысы:
«Кезеңдер мен дәуірлер» фестивалі тарихи оқиғаларды қайта қалпына келтіруге арналған. Қазір ол қаланың орталығындағы 30 бірдей алаңда өтіп жатыр. Мұнда келген жұрт, әртүрлі кезеңдерде өмір сүрген халықтардың тұрмысымен, мәдениетімен, өнерімен және әскерімен таныса алады. Мақсатымыз – жұрттың тарихи танымын кеңейтіп, оларға жақсы көңіл-күй силау.
Фестивальге әлемнің бірнеше мемлекетінен келген 3 мыңға тарта маман қатысып жатыр. Олар сырт көзге әртістер сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, көне тарихты тірілтіп жүрген реконструкторлар. Олардың еңбегі зая емес. Себебі, 2 аптаға созылатын бұл шараны, шамамен 6 миллиондай адам тамашалайды.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы