Ауғанстанда болған терактіден Қазақстанда білім алған журналист жігіт қаза тапты
Ауғанстан – елдің ішкі бірлігі кетіп, берекесі қашса, ондай жағдайды сыртқы күштер өз мүддесіне пайдаланып кететінін, ал, бар зардабын қарапайым халық тартатынын дәлелдеген елдің бірі. «Жарылыстан мұнша адам қаза тауыпты, осыншама жанды лаңкестер атып кетіпті» деген сарындағы қаралы хабарлар ауған елінен күн құрғатпай келіп жатады. Жаһанның басқа жерлерінде осындай оқыс оқиғалар болғанда әлем халқы өре түрегеліп, көңіл айтып, қайғыларына ортақтасып жатады. Ал, Ауғанстан үшін ол қалыпты жағдайға айналғандай. Ал, шын мәнінде ондағы құрбандар да - біреудің баласы, біреудің жары, әкесі, анасы, жақын туысы. Осы кеше Кабулда болған жарылыстан қаза тапқандардың бірі – әріптесіміз Фариза Мұсақызымен университетте 4 жыл бірге оқыған досы болып шықты.
- Фариза, өзің білетін таныс адам қайтыс болғанда қайғы қаттырақ сезіліп, жүрекке салмақ салатыны белгілі ғой. Мына марқұм азамат кім еді? Онымен қай жерде бірге оқып едіңіздер?
Фариза Мұсақызы, тілші:
- Жыл сайын ондаған студент Ауғанстаннан Қазақстанға оқуға келеді. Қара шаңырақ Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті табалдырығын 2011 жылы екі ауған студентімен бірге аттаған едім. 4 жылдан соң оқу аяқталып, олар еліне қайтты. Алайда, Қазақстанды қимай кетті. Өйткені, өздеріне дос тапты, жаңа ортаға үйренді. Өзге бір себеп - Отанындағы жағдайды біле отырып, оралғысы келмеді. Бірақ, олар артылған жауапкершілікті түсінді. Еліне барып қызмет етті. Алайда, менің досым террорлық шабуылдан мерт болды. Әріптесімнің Ауғанстандағы өмірі келесі материалда...
Бұл видеода Самим Фарамарзтың соңғы минуттары жазылған. Қанды оқиға кезінде журналист жігіт тікелей эфирде хабар таратып тұрған еді. Бірер минуттан соң оның жанындағы бомба қойылған көліктің күлі көкке ұшты. Жантүршігерлік оқиға Самиммен бірге телеоператордың және тағы 16 адамның өмірін қиды. 70 шақты кісі түрлі жарақат алды.
Самим Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы арнайы бағдарламасымен 2011 жылы Алматыға келіп, журналистика мамандығы бойынша білім алды. Самим түрік мектебінде оқыған. Сондықтан болар, қазақ тілін өте аз уақыт ішінде меңгеріп алды.
Самимнің қазақ тілінен басқа әлемнің 7 тілін жетік білгенін айта кеткен жөн. Оның арманы – інілерін оқыту болатын. Сұм соғыстың салдарынан әкесінен де айырылып, отбасын асыраушы да өзі еді. Самим Фарамарз соңғы үш жылда Ауғанстандағы белгілі Бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – «Толо ньюс» агенттігінде қызмет етті. Елдің мәдени жаңалықтарымен қатар, саясат тақырыптарында да хабар жасайтын.
Рахимулла Хугани, Сәмимның досы:
- Менің кеңсеме де «ДАИШ» кірді. Сол жақта менің алдымда екі журналист өлді. 22 жаралы болды. Мен өзім де сол кезде жаралы едім. Қазіргі таңда Ауғанстанда журналистердің өмірі солай. Бәріміз сол жақта бір отбасы сияқтымыз. Бірақ, сол отбасының мүшелері күн сайын бір-бірінің артынан өліп жатыр. Әркімге сенің кезегің деп хат келеді. Әркім үмітсіз өмір сүріп жатыр. Таңертең үйден шығамыз, бірақ, кешке үйге келуге деген үміт жоқ. Самим де дәл солай. Ол үнемі алыс облыстарға барды. Мүмкіндіктері жоқ адамдардың даусын үкіметке жеткізді.
Ауғанстанның ақиқаты осы. Соңғы 17 жыл ішінде мұнда 83 журналист қаза болды. Бірақ, Самим сияқты азаматтар оқ пен оттың ортасында жүрсе де, кез келген сәтте бақилық боларын білсе де, Отанына қызмет етті. Ауған еліндегі әділеттілік пен бейбітшілікті аңсаған тағы бір жас жүрек тоқтады, тағы бір үміт үзілді.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы