АҚШ Мемлекеттік хатшысы жоғалған журналист мәселесін талқылау үшін Сауд Арабиясына барды
Сауд Арабиясы өзінің Стамбулдағы консулдықта жоғалып кеткен журналистің қаза тапқанын жариялауға әзірленіп жатыр. Осы оқиғаны талқылау үшін бүгін әр-Риядқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео барды. Ал, президент Дональд Трамп бұл корольдікті қатаң жазалайтынын мәлімдеп отыр. Әр-Рияд пен Вашингтонның арасы шиеленіскен шақта әлемде мұнай бағасы 200 долларға дейін қымбаттайды деген болжамдар айтыла бастады.
Саудиялық Жамал Хашогги – АҚШ-тың резиденті, «Вашингтон пост» газетінің шолушысы. Сондай-ақ, ол Сауд Арабиясының тақ мұрагері – ханзада Мұхаммед бин Салманның саясатын қатаң сынаған жетекші журналистердің бірі.
Хашогги Саудияның Стамбулдағы консулдығына қазанның 2-де неке туралы құжатын алу үшін кірді. Бірақ, оның шыққанын ешкім көрген жоқ. Түрік үкіметінің мәлімдеуінше, тілші өлтірілді және оның мәйіті жасырын әкетілді. Монархия билігі мұны жоққа шығарып отыр. Ал, «CNN» телекомпаниясы мен «Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, корольдік басшылығы Хашоггиді барлаушылар тергеу кезінде абайсызда өлтіріп алғанын мойындауға әзірленіп жатыр. Дегенмен, президент Дональд Трамптың сөзінше, бұл ақпараттың дұрыс-бұрыстығын әлі ешкім білмейді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Бұл жаңалықты мен де естідім. Ол ресми ақпарат па? Мұны ешкім білмейді. Әзірге қауесет тарап жатыр.
Бүгін Трамп Мемлекеттік хатшы Майк Помпоены Сауд Арабиясына аттандырды. Американың бас дипломаты жоғалған журналист мәселесін талқылау үшін король Салманмен кездесті. Сонымен қатар, Помпео ханзада Мұхаммед бин Салманмен де жүздеспек. Айта кетсек, монархия билігі «Хашогги үкіметтің тапсырмасымен өлтірілді» деген болжамдарды жоққа шығарып отыр. Ал, Трамп бұл болжам расталса, Саудияны қатаң жазаламақ. әр-Рияд болса, Батыстың экономикалық қысымы мен санкцияларына «үлкен әрекетпен» жауап беретінін мәлімдеді.
Сауд Арабиясы – әлемнің ең ірі мұнай экспорттаушы елдерінің бірі. Сондай-ақ, ол – ОПЕК-тегі жетекші мемлекет. Бірер күн бұрын «әл-Арабия» компаниясының басшысы Түрки әд-Даухил айтқандай, Саудия санкцияға ұшырап, шикізат экспорттай алмайтын күйге жетсе, әлемде мұнай бағасы 200 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Бірақ, кейбір бақылаушылардың ойынша, энергетикалық отын қымбаттаса, одан Сауд Арабиясының өзі де зардап шегеді.
Крис Бьючамп, нарық сарапшысы:
- Біз қазір 1970 жылдардың жағдайында емеспіз. ОПЕК-тің әлемдік өндірістегі үлесі азайып келеді. Қазір ол барлық мұнайдың үштен бір бөлігін ғана шығарады. Демек, АҚШ-та альтернатива бар. Энергетикалық шикізатты қымбаттатса, Саудия өзіне қарсы атомдық шешім қабылдайды. Өйткені, бұл корольдік мұнайдан түсетін пайдаға әлі тәуелді ғой.
Келесі аптада әр-Риядта «Шөлдегі Давос» деген атпен элиталық инвестициялық конференция өтуі тиіс. Бірақ, Хашоггидің жоғалуына байланысты бірқатар медиа ұйымдар мен ірі корпорациялардың басшылары оған қатысудан бас тартып отыр. Айта кетсек, бұл форумның монархия билігі үшін маңызы өте зор. Өйткені, Саудияға бүгінде экономиканы әртараптандыруға және қосымша жұмыс орындарын ашуға шетел капиталы аса қажет болып отыр.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы