Нөсер жаңбырдан Вашингтон көшелерін су басты
Әлемнің бірнеше елі су апатына тап болды. Олардың ішінде АҚШ, Қытай, Испания бар. Америкада тасқын тіпті президенттің ордасы – Ақ үйге де жеткен. Ал Қытайда топаннан жүздеген тұрғын мен ауыл шаруашылығына қауіп төнсе, Испанияда көлігімен су ағызып әкеткен жүргізуші қаза тапты.
АҚШ астанасы Вашингтонда нөсер жаңбырдан кәріз жүйесі тасқын суға төтеп бере алмай, ондаған жолды топан жайлады. Соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, машиналар бел ортасынан суға батып, көше бойында тұрып қалған. Пойыздардың жүру кестесі де бұзылды. Тіпті, метро станцияларының бірінде төбе тесіліп, ішке су сарқырады.
Ал бұл – Ақ үйдің жертөлесі. Тасқын президент резиденциясына дейін жеткен. Ғимараттың дәл осы бөлігінде журналистер жұмыс істейтіндіктен, бұл ақпарат күллі әлемге лезде тарады.
Қазір циклон елдің шығысындағы Ұлы көлдерге қарай жылжып барады. Ауа райы болжамынша, алдағы уақытта өңірге алапат торнадо соққы беруі мүмкін. Сондықтан билік тұрғындарға сақ болуды ескертіп отыр.
Ал Қытайдың шығысындағы Цзянси провинциясында сенбіде басталған жаңбырдан 200-ден астам тұрғынды эвакуациялауға тура келді. Арнасынан асқан өзен шалғайдағы ауыл мен қаланы жалғап тұрған жалғыз көпірді шайып кеткен. Сондықтан құтқарушылар арқан мен қайықты қолданып, адамдарды қауіпсіз жерге көшірді. Ал бірнеше аймақта егін алқаптары түгел шайылып, өнім жинауға кедергі келтіріп отыр.
Чен Шоугуо, фермер:
Жаңбыр барлық дәнді дақылдар алқабын жойып кетті. Күріш пісуге шақ қалған. Күнде жаңбыр жауып, оны жинай алмай отырмыз. Шамамен 80 пайыз өнім жоқ болды.
Хуан Юшуй, фермер:
Бас-аяғы үш сағаттың ішінде су деңгейінің көтерілгені сонша, мұндай тасқынды 60 жылғы өмірімде көргенім жоқ. Биыл сәнқабақ жақсы өсіп келе жатыр еді, ауа райының қолайсыздығынан енді өнім аз бола ма деп уайымдаймын.
Ал Испанияның солтүстігінде толассыз жауған жауыннан бір адам қаза тапты. Зардап шеккен жүргізушінің көлігі күшті ағынға төтеп бере алмаған.
Дүйсенбі күні кешке басталған бұршақ аралас жаңбырдан Тафалья қаласында екі өзен арнасынан тасыды. Одан жолдарды су шайып, көше бойындағы машиналар ағып, сеңдей соғылысты. Сонымен қатар елдің біраз бөлігі электр жарығынсыз қалған.
Синоптиктердің хабарлауынша, сейсенбіде тағы да жауын-шашын болуы ықтимал. Сондықтан билік адамдарға үйде қалып, қауіпсіздікті сақтауды ескертіп отыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы