Басты Жаңалықтар Оңтүстік Қазақстан облысында 13 елді мекенге табиғи газ берілді

Оңтүстік Қазақстан облысында 13 елді мекенге табиғи газ берілді

Оңтүстік Қазақстан облысында 13 елді мекенге  табиғи газ берілді

«Құт арылмас - Сарыарқа, елдігімізді асқақтатқан Елорда!». Осындай ізгі тілекпен Оңтүстік Қазақстан облысында «Астана күні мерекесіне тарту»  шарасы басталды. Акция аясында аймақта әлеуметтік маңызға ие 75 нысан ел игілігі үшін пайдалануға берілгелі жатыр. Алғаш болып Төле би ауданындағы 13 елді мекенге табиғи газ берілді. Тағы 8 ауылға таза су жеткізілді.

Төбе бидің есімін иемденген, халқы таудың етегіне жағалай қоныстанған Төле би ауданы - өңірдегі қарышты дамып келе жатқан аймақтың бірі.  Осыдан бес жыл бұрын мұндағы елді мекендердің небәрі  оннан біріне ғана көгілдір отын жеткізілген еді.

Қазір аудандағы ауылдардың 80 пайызы көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылған. Биылғы Астана күні мерекесінде аудандағы тағы 13 елді мекенге  табиғи газ берілді.  

Зертас ауылында тұратын Ырысақбаевтар отбасы - көгілдір отын жағып, тұрмысы жайлана түскендердің бірі.  Табиғи газдың арқасында  қазаны асулы, шайы қайнап тұр. Енді таулы аймақтың  ұзақ әрі қаһарлы қысынан да қысылмай шығатын болды.  Бұрындары отын жарып, күл шығарудың тауқыметі өз алдына, тонналап көмір алуға қыруар қаражат кететін. 

Перизат  Ырысақбаева, Зертас ауылының тұрғыны:

Қонағымыз келсе, қазанымыз асулы, дастарханымыз жаюлы. Жақсы. Өте жеңіл болды.

Мұхтархан Қалмаханұлы, Зертас ауылының тұрғыны:

Газдың арқасында үйіміз жылып, берекеміз кіретін болды. Алғысымыз шексіз. Өте қуаныштымыз.

Жалпы, ауыл-аймаққа табиғи газдың жеткізілуі экологиялық ахуал мен елдің тұрмыстық жағдайын түзеуге ғана сеп жасаған жоқ. 120 мыңнан астам халық тұратын аймақтың инвестициялық ахуалын жақсартып, экономикалық қуатын арттыруға да мүмкіндік бергелі отыр.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Жаңадан іске қосылған автоматты газ тарату  станциясының ішіндегі құрал-жабдықтың барлығы - отандық өнім. Осы орталықтың арқасында тау баурайындағы Төле би ауданының 30-дан астам елді мекеніне көгілдір отын жеткізілді.

Осылайша, аудандағы ауыл-аймақтың  80 пайызы көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылса, 18 мыңнан астам тұрғын енді таза ауызсу ішетін болды. Мөлдір әрі таза тұщы су қазір әрбір үйдің алдында тәулік бойы ағып тұр.

Орынкүл Қонаева, Көсәйек ауылының тұрғыны:

Жағдайымыз қаладан кем емес. Қолымызды жылы суға малып отырған жайымыз бар.

Өндірісті өркендету бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы  қазір өзге өңірлер арасында көш бастап тұр.

«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасының алғашқы бес жылында құны 184 миллиард теңгеден асатын 137 жоба жүзеге асты. 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Іске қосылған кәсіпорындардың 65 пайызы ауылды жерлерде орналасқан.

Индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі де өңірде ерекше қарқынмен бастау алды. Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде облыста трактор құрастыру зауытының алғашқы өндірістік желісі іске қосылды.

Жалпы құны 40 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жоба оңтүстіккореялық «Киото» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Өндіріс орнында 400 адам жұмыс істейді.  Кәсіпорын жылына 5 мың  трактор шығаратын қуаттылыққа ие.

Зауыт жұмысшыларының біразы Оңтүстік Кореяда бір ай бойы шетелдік мамандардан тәжірибе жинақтап қайтты.

Солардың бірі - Таһир Нариманұлы. Қазір құрастыру цехына жетекшілік етеді. Бөлшектердің дұрыс жинақталуын жіті қадағалайды. Білікті маман отандық техниканың  біраз артықшылыққа ие екенін айтып отыр. 

Таһир Нариманұлы, құрастыру цехының жетекшісі:

Ішінде салқындатқышы бар. Жүргізушіге өте ыңғайлы.

«Казкиото» таңбасымен шығатын тракторлар үш түрлі. Күш қуатына қарай 60,80 және 100 деп бөлінеді.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Шымкентте шығарылып жатқан тракторлардың заты әзірге шетелден тасымалданып жатқанымен, келешекте осында жасалады. Ол үшін зауыт жанынан темірді балқыту, құю цехы жасақталады. Инженерлік-конструкторлық топ жұмыс істейді. Сондай-ақ, резеңке доңғалақтар шығаратын кәсіпорын салынады.

Зауыт келешекте тек трактор құрастырумен ғана шектелмейді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажет соқа, тырма, жер тегістейтін агрегаттар секілді тіркемелер де қоса жасап шығарады. 

Әсет Қалмаханұлы, зауыттың менеджері:

Конструкторлық бюро соғып жатырмыз. Ол Қазақстанда екі-ақ жерде бар. Астанада және Алматыда. Шымкенттегі бюроның ерекшелігі - біздің  цехымыз осында болады. Сызбалардың  барлығын осында құйып, жасаймыз.

Зауыт биыл жыл соңына дейін 600 трактор құрастыруды көздеп отыр. Оған аймақтық инвестиция орталығы мен жекелеген шаруа қожалықтарынан тапсырыс бар.

Оңтүстік Қазақстан облысы - орта және шағын кәсіпкерлік саласы барынша өркен жайған өңір. Бүгінде аймақта 128 мыңға тарта  кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы олар 522 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 31 миллиард теңгеге артық.

Бұл саланы әрі қарай да өрістету - басты міндет. Ол үшін кәсіпкерлердің  ісін қолдау керек, түрлі кедергілерден қорғау қажет. Мұны Елбасы кешегі өткен телекөпір барысында тағы бір рет айтып өтті.

Осы міндеттің үдесінен шығу мақсатында өңірдегі 14 ауданның орталығында кәсіпкерлік мектебі жұмыс істей бастады.

Ел аумағында алғаш рет ашылып отырған бұл орталықтарда азаматтар бизнес негіздерін,  іскерлік дағды мен тәжірибені үйренеді. Кәсіпкерлік мектебінің құрамында қызмет көрсету орталығы бар.  Бұл жерде негізінен рұқсатнама құжаттары рәсімделеді.

 «Бір терезе» жүйесінің арқасында енді кәсіпкерлік нысандарының  электр желісіне, табиғи газ бен суға қосылуына рұқсат беретін құжаттарды алу мерзімі 90 күннен 8 күнге, жердің мақсатын өзгерту мерзімі 90 күннен 30 күнге қысқарып отыр.  Ал, құрылысқа рұқсат алуға бұрынғыдай жарты жыл  емес, небәрі бір ай қажет.  

Ғани Қалмаханов, тілші:

Орталықта қаржы құрылымдары мен әкімдікке қарасты бөлімдер орналасқан. Енді кәсіп ашқысы келген азаматтар  өзіне  қажет ақпараттар мен қызметті осы жерден ала алады. Мұндай қызмет түрлері  ақысыз жүргізіледі.

Ал, кәсіпкерлік мектептің тыңдаушылары мұнда бизнесті жоспарлау, салық есептілігін жүргізуді үйренеді. Оларға Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер, мемлекеттік сатып алуларға қатысу жолдары түсіндіріледі.

Бауыржан Омарбеков, Кәсіпкерлік және Индустриалды-инновациялық  даму басқармасының басшысы:

Теориялық оқыту курстарынан бөлек, жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтары, кәсіпкерлердің базасына барып практикалық шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, Астана күні мерекесінде  өңірде 400 отбасының көптен күткен арманы орындалды. Жаңа үйлердегі пәтерлерге жайғасты. Олардың ішінде Қаюповтар да  бар. Жас отаудың иесі Алмас - үш баланың әкесі. Жайлы баспана енді олардың ырысты да құтты мекені болмақ.

Алмас Қаюпов, мектеп  мұғалімі:

Мереке қарсаңында баспаналы болып отырғанымызға өте қуанышытымыз. Астана - қонағы үзілмейтін көрікті қала, Еуразияның жүрегі. Біздің шаңырағымыздың да дастарханы жаюлы, шат-думанға толы болады деген ойдамын.

Дуальды оқыту, яғни теорияны тәжірибемен ұштастыру - «100 нақты қадамдағы» басым бағыттардың бірі. Өйткені, инновациялық ілім-біліммен қаруланған  білікті маман – мемлекеттің тірегі. Енді Шымкент аграрлық колледжінің түлектері де осындай заман талабына сай маман болып шықпақ. Білім ордасы жанынан оқу-өндірістік базасы  жасақталды.

Жылына 200-ден астам ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын колледждің жаңа орталығында тәжірибе шыңдайтын арнайы орындардан бөлек, жылыжай, интенсивті бау, ветеринариялық бөлім бар.

Ал, оның барлығын салу үшін облыстық қазынадан 450 миллион теңге қаражат бөлінді.

Кенжехан Төлебаев, Шымкент аграрлық колледжінің директоры:

Біздің мұндағы жетістігіміз - балалардың 60 пайыз тәжірибесін осында өткіземіз. Жабық жылыжайда көкөніс қалай өсетіндігін, ветеринарлық клиникада малдың қандай аурулары бар, оны қалай емдеу керектігін, көкөніс алқабында қандай ветеринарлық шаралар жүргізу керектігін үйретеміз.

Сарыағаш - өңірдегі демографиялық өсімі аса жоғары аймақтардың бірі саналады. Сондықтан, білім мен тәрбие ошақтарының  ашылу салтанаты мұндағы жұртты әрдайым ерекше қуанышқа бөлейді.

Мереке қарсаңында ауданда тағы екі білім ұясы ғимаратының құрылысы аяқталды. Осыған дейін апатты жағдайдағы мектепте оқып келген  Құйған ауылының балалары еңселі де  сәулетті мектептің табалдырығын аттады.

Ауыл балаларына талай жыл арман болған жаңа мектептің артықшылығы көп. Дербес спорт залы, асхана, кітапханасы мен зертханалық жұмыс жүргізетін арнайы  бөлмелері бар. Сыныптар интерактивті  тақта, мультимедиялық  қондырғылармен  жабдықталған.

Нұртас Амангелдиев, Сарыағаш ауданы №99 Қазан негізгі орта мектебінің директоры:

Жаңа талапқа сай техниканы пайдалана отырып, мектептегі білім сапасын арттырамыз.

Оңтүстіктің Елорада күніне тартуы аясындағы шаралар үш күн бойына жалғасты. Өңірде 20-ға тарта білім ошағы, төрт бірдей өндіріс орны мен үш электр станциясы, үш спорт нысаны мен екі демалыс орны іске қосылды. 

Мұның барлығы түптеп келгенде еліміздегі экономикалық өрлеу, әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіміздің мықты әлеуетінің арқасы.

Ал, Арқа төсіндегі айбары асқақ  Елорда - аймақтардың дамуында ерекше орынға ие.  Өйткені, Астана - асқақ арманның айғағы. Тәуелсіздігіміздің тірегі. 

Қазақ елі төрткүл дүние көз тіккен елордасы арқылы өзінің  буырқанған, толысып келе жатқан күш-қайратын әлемге паш етіп отыр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Бөлісу