Басты Жаңалықтар Отандық ғалымдар күн энергиясының пайдалы әсер коэффициентін арттыратын тәсілдер ойлап тапты

Отандық ғалымдар күн энергиясының пайдалы әсер коэффициентін арттыратын тәсілдер ойлап тапты

Отандық ғалымдар күн энергиясының пайдалы әсер коэффициентін арттыратын тәсілдер ойлап тапты
Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде физика-техника саласында білім алып жатқан жастардың да жаңалығы көп.

Білген мен білмеген тең бола ма? XXI ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Адамзат материалдық байлықты ысырып қойып, инновацияға иек артты. Өйткені, болашақ - осы салада деп болжайды.

Қазақстан бұл салада қарқынды. «Адами даму индексі» бойынша былтыр 188 мемлекет арасынан 56-орынды иеленді. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі – елдегі ғылым мен білім сапасы бойынша анықталады. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан 8 сала бойынша алға жылжыған.

Айталық, ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы бойынша 18 сатыға көтерілсе, білім беру қызметінің қолжетімділігі жөнінде – 11, білім жүйесінің сапасы бойынша 9 сатыға ілгерілеген.

Бұл еліміз егемендік алғалы осы салада жасалған іргелі реформалардың жемісі. Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінде физика-техника саласында білім алып жатқан жастардың да жаңалығы көп.

Ғылым – ғаламат бір әлем. Оған кірген адам қайтып шыға алмайды. Мынау ғылымға алаңсыз берілген жастар. Бірі қағаз кеміріп, енді бірі құрылғысын тазалап әлек. Олардың бар байлығы - мына чемодандағы техника мен тоңазытқышта тізілген наноматериалдар.

Айнұр Омар, тілші:

Төртбұрыш, қара күн. Мына құрылғы күннің ғылыми нұсқасы. Құрылғыдан таралатын сәуленің күн сәулесінен еш айырмасы жоқ. Қазір біз жер бетіне түскен күннің тек 30 пайызын пайдаланып жүрміз. Мынадай құрылғы арқылы күн энергиясының пайдалы әсер коэффициентін арттыруға болады.

Баламалы қуат көзін өндіру соңғы кездері соны үрдіске айналды. Ол түсінікті де. Себебі, қазіргі қуат көздерін шығаратын шикізаттың – түбі бір сарқылары сөзсіз. Осыны ескерген әлем елдері күн сәулесінен қуат алуға мықтап кірісті. Оның үстіне қазіргі адамзат бір жылда тұтынатын қуат көзін, күн сәулесі бір-ақ сағатта бере алады. Әрі күннің энергиясы өте тиімді, экологияға еш зияны жоқ.

Әсет Қайнарбай, физика-математика ғылымдарының кандидаты:
Мына көрсетіп отырған нанобөлшектер осы үлгілер. Осылардың негізінде біз қазір жаңа күн элементтерін шығарып жатырмыз.


Әсет Қайнарбай – жас ғалым. Былтыр «Үздік ғылыми зерттеулер мен жетістіктері үшін» Президент қорының жүлдесімен марапатталған. Ол - Күннен алынған қуатты тиімді пайдалану керек, дейді.

Күн сәулесі мынандай фотоэлектрлі ұяшықтарға жиналады. Ал, Әсет осы фотопластинканың сәулені қабылдау және сақтау сапасын жақсартатын наноматериал ойлап тапты.

Әсет Қайнарбай, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

Мына қолымда біздің қазақстандық отандық өнім. Бұл поликристалды кремний күн элементі. Мұның пайдалы әсер коэффициенті 9-12 пайыз. Егер де біз мұның бетіне түсетін күн сәулесін толық жұтатын болса, мұның ПӘК-і 100-ге дейін баруы мүмкін. Біздің істеп жатқан жұмысымыз мұның спекторалдық жұтуын арттыру.

Қазіргі пластиналар күн сәулесін 100 пайыз жұтпайды. Жас ғалымдар жасап жатқан наносұйықтықтар пленка іспетті, пластинаның бетіне жағылады. Сол мөлдір суйықтық арқылы күннен қуат алу бұрынғыдан да тиімді болмақ. Баламалы қуат көзінің пайдасы орасан. Біздің ғалымдардың жаңалығы жуық арада іске асса, Қазақстанның «Жасыл экономикадағы» тың жаңалығы болмақ.

Зертхананың екінші бұрышында ақ халат киіп ақ ұнтақпен әуре болған тағы бір студент отыр. Халық үшін өзекті екі мәселе болса, соның бірі – дәрі-дәрмек. Дәріхана бір дәрінің бірнеше баламасын ұсынады.

Өзіміздің өнім бар, өзгенікі бар, қалтаңызға сай қалағаныңызды аласыз. Жас ғалымдар ашқан тағы бір жаңалық мынау: бағасындағы айырма жер мен көктей болғанымен, Қазақстанда жасалған дәрі шетелдік препараттан еш кем емес.

Әсел Стрелкова, студент:
Біздің шығарылатын дәрілік өнімдер сапасы шетелдікінен кем емес және де оның белсенділік заты да сәйкес болып келіп тұр. Ал айырмашылығы тек қана бағасында.

Әсел қолындағы дәрі ұнтақтарын «спектороскопия» әдісі арқылы анықтайды. Мысалы, суық тигенде екпе түрінде салынатын «Цефтри» дәрісі бар. Шымкенттен шығады. Бағасы - 850 теңге. Тура осы дәрінің шетелдік түрі «Цефтриаксон». Египет, Германия, Испаниядан шығады. Бағалары - 2100 теңге. Ал әсер етуі бірдей.

Құрамында айырмашылық жоқ. Студенттер үлгі ретінде тағы да бірнеше дәріні алып қойыпты. Біз үшін тәжірибе болса, халық үшін керек ақпарат дейді өздері.

Тұрлыбек Нұрахметов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

Осы жерде көріп отырсыздар, бірнеше стероскопиялық қондырғылар тұр. Сол қондырғылардың негізі бұл әдіс спектороскопиялық әдіс, деп аталады. Оның маңызы терең. Спектороскопия арқылы дүниедегі бар заттардың құрамын білуге болады.

Бір ғана қиындық бар дейді кафедра ұстаздары. Ол - зертхананың тарлығы. Барлық студентті жинап бір мезгілде тәжірибе өткізу мүмкін емес. Ал, қолданбалы физикаға әуес жастардың қатары күн санап өсіп келеді.

Тағы бір мәселе, құрылғылардың бағасы. Арнайы зертханалық бағытта жасалғандықтан, бағалары өте қымбат, біреуінің құны шамамен 200 мың доллар. Бағасына сай сапасы да жақсы. Кез келген заттың құрамын әп-сәтте анықтай алады.

Амангелді Жүнісбеков, техникалық физика кафедрасының доценті:

Бірде көлігім оталмай қалды. Оның алдында 95 нөмірлі жанармай құйып қойған едім. Жөндеуге баруға мәжбүр болдым. Барғанда себебі бензиннен деп айтты. Осыған салып тексергенде бензин құрамында бөгде молекула бар екенін көрсетіп берді.

Амангелді Жүнісбеков құтыдағы бензинді құрылғыға салды. 3 секундтан соң нәтиже компьютер бетіне шықты.

Амангелді Жүнісбеков, техникалық физика кафедрасының доценті:

Сапасы жақсы деген бензинде ешқандай қоспа молекулалар көрінбейді. Түзу сызық. Ал екінші үлгіде мына жерден қосымша үлкен жолақтар пайда бола бастады. Белгілі нәрсе, жолақтар пайда болса, құрамы таза емес.

Студенттер бұл әдіс арқылы өсімдік майының да құрамын зерттеген. Ешкімге жасырын емес, көпшілік баратын асханалар, фаст-фудтар - қыздырылған майды бір емес, бірнеше қайтара пайдаланады.

Әр пайдаланған сайын зиянды заттар, концеренгендер көбейетінін де мына аспаптар дәлелдеп берген. Зертханадағы тағы бір бағыт-денсаулыққа негізделген.

Амангелді Жүнісбеков, техникалық физика кафедрасының доценті:

Қанның анализі арқылы мүмкін болатын дамуы мүмкін болатын ауруларды тексеру. Мысалы, ондай тексерулер қант диабетін тексеруде болады. Қатерлі ісік ауруларының пайда болуына себепкер болатын.

Ғылыммен айналысу-сенсация қуу емес. Ашқан жаңалығыңның игілігін жалпы жұрт көру үшін күн, ай, тіпті ондаған жылдар керек. Біз кездескен жастар ғылымның тылсым әлеміне енді аяқ басты.

Ендігі мәселе-тың жаңалықтарды біртіндеп өндіріске ендіру, қолдану аясын кеңейтіп, насихаттау. Ғылым мен өндіріс пойыздың қос рельсіндей қатар жүрген кезде ғана біздің ғалымдардың жұмысы қолданысқа енеді.

Ал, әзірге кішкентай зертханада жасалған үлкен жобалар қаптаған қағаздар мен орындалуы тиіс жоспарлар тізімінде қалып жатыр.

Айнұр ОМАР
Бөлісу