Басты Жаңалықтар Көпке көрінбейтін телевизия жауынгерлері

Көпке көрінбейтін телевизия жауынгерлері

1958 жылы 8 наурызда Алматы телемұнарасынан әдемі әуенімен Күн сәулесінің шапағын шаша эфирге шыққан - Қазақ телевизиясында - көрермен біле бермейтін бір бөлім бар. Бұл - бағдарламалау және эфирге шығару  бөлімі. Қазақ телевизиясының тарихы дәл осы бөлімнен басталды десек болады. Көрерменге ұсынылатын хабарды тексеріп, қай бағдарлама қай уақытта шығатынын секунд-секундымен реттеп, эфир режиссеріне ұсынатын қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметті әрі маңызды.

Сәуле Жиреншина қазақ телевизиясына 1986 жылы келген. Талантты журналисті көпшілік тележүргізуші ретінде жақсы таниды. Сондай-ақ, қатардағы редактордан, продюсер, бағдарламалар директорына дейінгі қызметтерді атқарған білікті маман бағдарламалау және эфирге шығару бөліміндегі талай маманның қалыптасуына септігін тигізген.

Сәуле Жиреншина, Аутсорсингтік компаниялармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы:

Қазақ теледидары өмірбақи тек қана қазақстандық телевизияның қара шаңырағы ғана болып қалған жоқ. Ол әрдайым қазақстандық телевизияның алтын мектебі болды. Тағы да шәкірт үйретті. Өзінің қатарына білікті, білімді мамандарды тарта бастады.  Оларды оқытты, жеткізді. Сондықтан да біздің мамандарымыз жоғары деңгейлі мамандар деп айта аламыз.

Ал, мына бөлмеде Ұлттық арнаның эфирлік бағдарламасы жасалады. Қарап тұрсаң, оңай шаруа емес. Әрбір хабар мен кино, жарнама, роликтердің уақытын есептеп, рет-ретімен қою сабыр мен зейінді талап етеді. Ал, телеөнімнің барлығын көрерменге мінсіз етіп жіберу үшін осындағы қырағы арулар оны тексеріп алады. Бұл мамандардың назарынан бірде-бір қате тыс қалмайды.

Рахима Баутаева, Бағдарламалау және эфирге шығару бөлімі басшысының орынбасары:

- Тіпті, ол үлкен бағдарлама, концерттік бағдарламалар, кино, мультфильм,  телехикаялар, кішкентай ғана ролик, анонс, жарнама болсын қабылдап, олардың техникалық сапасын, әріптік қатесін, мазмұнын, концепциясына мән беріп, эфирге ID нөмірімен ауысып кетпеуін қадағалап, беріп отырамыз.

Алғашында эфир кестесі қолмен жазылатын. Сосын кәдімгі жазу машинкаларына басылып, 25 данасы жауапты мамандарға таратылатын. Ол кезде бағдарламалардың дені тікелей эфирде. Жарнама деген атымен жоқ. Партияның шұғыл тапсырмасы болмаса, бекітілген жоспардан ауытқымайтын.

Бағжан Бимұратова, Бағдарламалау және эфирге шығару бөлімінің басшысы:

- Мен алғаш  1994 жылы келдім. Ол кезде VHS кассетасымен жұмыс істедік, киноны киноканалдан бердік. 2012 жылы «Қазмедиаға» көшіп келдік, содан бері цифрлық жүйемен жұмыс істеудеміз.

Ең бірінші бағдарламалар эфирге үлкен рулон кадрлар арқылы жіберілген. Кейіннен кассеталар пайда болды. Ал, 2012 жылдан бастап елімізде және Орталық Азияда алғаш болып «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы цифрлы жүйеге  ауысты. 

Шерхан Жамбылұлы, тілші: 

- Міне, бұл сол эфирге шығару бөлімі. Бұл жерді телеарнаның жүрегі десек те болады. Себебі, мына пульттар арқылы сіздің теледидарыңызға сигналдар жолданады.

Гүлнұр Жасбатырқызы, эфир режиссері:

 - Менің осы телеарнада жұмыс істеп жүргеніме 15 жылға жуықтады. Осы аралықта техника түгелдей өзгерді деуге болады. Өйткені, басында біз эфир бөлімінде кассетамен, видеомагнитофонмен жұмыс істесек, қазіргі таңда техника толықтай автоматтандырылған. Компьютермен жұмыс істейміз.

Бұл бөлімнің жұмысы көрерменге көрінбегенімен, маңызы өте жоғары.  Себебі, телеарнаның қарбалас жұмысының басталып, түйінделетіні тұсы осы жер.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Бөлісу