Басты Жаңалықтар Ақтөбелік дәрігерлер бір сағатта 4270 тұрғынның артериялық қысымын өлшеп рекордтар кітабына енді

Ақтөбелік дәрігерлер бір сағатта 4270 тұрғынның артериялық қысымын өлшеп рекордтар кітабына енді

Ақтөбелік дәрігерлер медицина саласында ел естімеген тың жаңалық ашпаса да, әйгілі Гиннестің рекордтар кітабына енді. Өткен жазда жергілікті 500 медицина қызметкері бір сағат ішінде 4270 тұрғынның артериялық қысымын өлшеп шыққан еді.  Бұдан кейін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Гиннестің рекордтар кітабына осы оқиғаны енгізу туралы өтініш жолдаған екен. Енді міне, өңір дәрігерлеріне көптен күткен сүйінші хабар да келіп жетті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бір адамның қан қысымын тексеру үшін дәрігерлер шамамен 4-5 минут қажет екенін айтады. Ал 5-інші шілдедегі шара кезінде олар 2,5-3 минут шамасында өлшеп, пациентке кеңестерін  беріп те үлгерген.

Ақтөбелік дәрігерлер бұл шараны Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізген еді. Олар бір сағат ішінде 18 бен 60 жас аралығындағы 4270 адамның қан қысымын өлшеді. Олардың арасында қала мен облыс басшылары да болды.

Айнұр Аханова, дәрігер:

Жауапкершілік те өте мол болды бізге. Сондықтан, атсалысып, барлық күшімізді салып, шараға қатыстық. Оған қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Біраз тәжірибе жинадық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ересек адамдардың 50 пайызы  артериялық қан қысымының жоғарылауынан зардап шегеді. Бірақ көбі оған уақытында көңіл бөлмейді. Жаздағы шараның мақсаты да сол - тұрғындарды өз денсаулығына бей-жай қарамауға шақыру.

Әсет Қалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Ақтөбе облысында да бұл өзекті. 80 мыңға жуық тұрғын диспансерлік есепте тұр. Артериялық қан қысымы, жүрек паталогияларына байланысты. Дер кезінде емін алып жатыр. Алайда, анықталмай жүрген адамдар да жеткілікті.

Бұған дейінгі әлемдік  рекорд Үндістан дәрігерлеріне тиесілі болған еді. Олар 2015 жылы бір сағатта 3600 адамның қан қысымы өлшенген. Біздің дәрігерлер олардан 670 адамға артық қабылдап, рекордты жаңартып отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу