Соңғы он жылда 160 мыңға жуық қазақстандық қатерлі ісіктің кесірінен көз жұмған
Соңғы он жылда 160 мыңға жуық қазақстандық қатерлі ісіктің кесірінен көз жұмған. Ал, елімізде осы аурумен науқастанғандар 4 ай бойы дәрі алмай жүрген. Бұл туралы онкология тақырыбына арналған Мәжілістегі Үкімет сағатында айтылды.
Өкінішке қарай онкологиялық ауруларды ерте сатыда емдеу бойынша біздегі көрсеткіш дамыған елдерге қарағанда 3 есе төмен. Соңғы үш жылдың өзінде республикалық бюджеттен берілетін қаражат 1 триллион теңгеден асты, алайда, нәтиже көңіл көншітпейді.
Алғашында ангина деп ауруына мән бермеген Болат Ермағамбетовтың өкініштен өзегі өртенеді. Өйткені, ол араға уақыт салып қана ауруханаға барған, сол кезде тамағында қатерлі ісік анықталады.
Болат Ермағамбетов, қала тұрғыны:
Химия алып жатырмын, әрі қарай көреміз.
Соңғы 20 жылдың ішінде елімізде қатерлі ісікпен сырқаттанушылықтың 8%-ға өсуі байқалады. Елімізде 181 мың адам осындай диагнозбен диспансерлік бақылауда тұр. Алғаш ауырғандардың 60%-ға жуығы - 18 жастан 63 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Қымбат препараттардың бағасын төмендету тетіктерін әлі де болса қарастырған жөн болар еді.
Гүлнар Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Емханалардың бәрінде бірдей онколог дәрігерлер бар деп айта алмаймыз. Окологтардың өздері де қызығушылық танытып тұрған жоқ, себебі, олардың еңбегі учаскелік дәрігермен бірдей бағаланып,төленеді. Ал, мамандандырылған емханаларда қосымша төленетін. Бұл мәселені шешу керек. Дәрі мәселесі тағы бар. 2018 жылдың басында онкологиямен ауыратындар 4 ай бойы ауру басатын дәрі ала алмай жүрген.
Қатты әсері бар препараттарды сатып алу үшін тендер 8 рет өткізілген. Депутат онокологиялық ауруларды емдеуге дәрі-дәрмек үшін қаражатты 5,6 млрд теңге емес, 8 млрд теңгеге ұлғайту қажет деп есептейді.
Жәмилә Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Әлемдік тәжірибеде ядролық медиицина жоғары бағаланады. Ал Қазақстанда қазіргі таңда бұл мамандық бойынша оқытпайды. Ал уақыт аз қалды.
Семейде ядролық медицина орталығының ашылады деп бөркімізді аспанға лақтырып едік, қуанышымыз ұзаққа созылмады. 10 жыл өтті, ашылмады. Бұл еліміздегі жетекші онкоорталық болады деп үміттенгенбіз, ал, оның құрылысына 6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.
Министр Елжан Біртановтың айтуынша, онкологиялық ауруларды диагностикалық емдеу елімізде жүргізіледі. Жаңа техника, аппарат тапшылығы бар. Мәселен, мына сәулемен емдейтін қондырғының бағасы өте қымбат, сондықтан, мұндай тек төртеу ғана бар. Ал, барлық науқасты қамту үшін кемінде позитронды эмиссионды томографияның 10-13-і керек. Онкологиялық науқастарға жыл сайын 40 млрд теңге бөлінеді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Соңғы 3 жылдың ішінде 1 трлн-нан астам қаражат берілген.
Түйіні көп түйткілдер қашан шешіледі? Елімізде 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Оны іске асыруға 35 миллиард теңге көзделген. Сонымен қатар, Астанада Ұлттық ғылыми-онкологиялық орталық 2020 жылы іске қосылады. Орталықта жыл сайын жоғары технологиялық медициналық қызметті қолдана отырып, стационарлық көмек жағдайында 6 мың және амбулаторлық жағдайда 30 мыңнан аса науқас медициналық көмек алады. Дер кезінде ем қабылдамаған Болат Ермағамбетов те емінен айығып кететініне сенеді.
Индира БЕГАЙДАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы