«Қызылорда – Жезқазған» тасжолы ел игілігіне берілді
«Қызылорда – Жезқазған» тасжолының Ұлытау облысына тиесілі бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Соның арқасында қос қаланың арасындағы жол жүру уақыты екі есе қысқарды. Бұл трасса еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін қосатын күре жолдардың бірі. Жарты ғасыр жөндеу көрмеген 208 шақырым жолды халықаралық 4 компания бір жарым жылдың ішінде салып шықты. Жобаны іске асыруға 108 млрд теңге жұмсалған. 3 қабат асфальт төселіп, 4 көпір, 100-ге жуық су өткізу құбыры мен мал өткелі салынды. Оның сапасына мердігерлер 5 жыл кепілдік беріп отыр. Жол бойына демалыс орындары мен қызмет көрсету алаңдарын салу келер жылы жалғаспақ. Айта кетейік, өңірде республикалық маңызға ие мың шақырымға жуық жол бар, оның 79 пайызы талапқа сай келеді.
Абдолла Дастан, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
Түскі сағат бірде шыққан «Газель» көлігінің ертеңіне кешкі сағат бесте Қызылордаға жеткенін көрген адаммын. Жолдың ауырлығы қандай болғанын осыдан-ақ көруге болады. Сондықтан бүгінгі қуанышымыз ерекше. Мұны сезіну – біз үшін бақыт. Шын мәнінде, қуанып тұрмыз.
Әсел Жанасова, Премьер министрдің орынбасары – Көлік министрі:
Енді еліміздің оңтүстік өңірлерінің тұрғындары Астанаға жету үшін Балқаш арқылы 2 мың шақырымнан астам жол жүрмей, елордаға 12 сағатта жетіп алады. Яғни біз жекелеген жолдарды емес, ел экономикасының қаңқасын салып жатырмыз. Бұған дейін аталған жолмен тәулігіне шамамен мың көлік жүрсе, енді бұл көрсеткіш 5 мың көлікке дейін артады деп күтілуде.
Читайте также
Все