Бала дамуына берілген мүмкіндік
Ерекше балалардың дамуына қолдау көрсетіп, қатарынан қалмай білім алуына жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта елімізде оңалту орталықтары мен инклюзия кабинеттері ашылып жатыр. Мұнда балалар арнайы мамандардан көмек алып, жаңа дағдыларды үйренеді. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
«Қамқорлық» оңалту орталығынан жылына 600-дей бала оңалтудан өтеді. Кәсіби мамандар көмегімен талай бала дертіне дауа тапты. Тұңғыш рет тілі шыққан, алғаш рет қадам басқан бөбектер де баршылық. Солардың бірі – Нұрай Ризашқызының тұңғышы. Қазір екінші рет ем қабылдап жатыр.
Нұрай Жақыпова, қала тұрғыны:
Ең алғаш келген кезде балам тек қана отыруды ғана білетін. Және еңбектемейтін. Қазір қадамдарын нық басады. Осыған дейін біз ақылы кешендерге барып қызмет алатын едік. Тегін әрі сапалы кешеннің ашылуы үлкен демеу.
Дина Тәжібаева, «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі:
Жұмысымыз үш негізгі бағытты қамтиды: әлеуметтік, медициналық және педагогикалық түзету. Орталық өз жұмысын бастағалы 3 мыңдай бала көмек алды. Басты ерекшелік – балалармен жұмысты ерте жастан бастаймыз. Яғни, 3 айдан 3 жасқа дейінгі балаларды қабылдап, кешенді оңалту қызметін көрсетеміз. Егер баланың дамуында қандай да бір ерекшеліктер байқалса, біздің мамандар көмек көрсетуге әзір.
Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
Мемлекет басшысы бұған дейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға барынша жағдай жасауды тапсырған. Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен 46 инклюзия кабинеті ашылды. Онда баланы дамытуға бағытталған қажетті құрал-жабдықтар бар. Қазір дефектолог, логопед және психолог мамандар балаларға кешенді көмек көрсетіп жатыр.
Назым Әбілқасымова, инклюзия кабинетінің үйлестірушісі:
Мектебімізде Samruk-Kazyna Trust қолдауымен инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда 117 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала білім алады. Қазіргі таңда оң динамиканы көріп жатырмыз.
Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
Жалпы, қордың бастамасымен еліміздегі білім ошақтарында 29 инклюзия кабинеті ашылып, 55 оңалту орталығы жұмыс істеп тұр.
Читайте также
Все