Главная Новости Жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды онлайн тапсыруға болады

Жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды онлайн тапсыруға болады

Жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық емтиханды енді онлайн тапсыруға болады. Жаңа жүйе пилоттық режимде іске қосылған. Әзірге бұл мүмкіндікті Астана қаласында тұрақты тіркеуде тұрған азаматтар ғана пайдалана алады. Ал емтихан қалай өтеді? Талаптары қандай? 

Рүстем Айткәрім, тілші:

Онлайн емтиханды бұрын-соңды жүргізуші куәлігін алмаған, көлік басқару құқығынан айырылмаған және диспансерлік есепте тіркеуде жоқ азаматтар тапсыра алады. Жеке тұлғаның автомектепті аяқтағаны туралы куәлігі мен медициналық анықтамасы болуы шарт. Жүйе бұл талаптарды автоматты түрде тексереді.

Тексерістен соң eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөліміне кіріп, жүргізуші куәлігі санатын таңдап, емтиханға тіркелуге болады. Кейін 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беріп, қызмет ақысын төлеу керек. Төлем рәсімделгеннен кейін eGov-тағы жеке кабинетке тесттің сілтемесі жіберіледі. Оның жарамдылық мерзімі – 30 күн. Ескеретін бір жайт,  емтиханды тек компьютер немесе ноутбук арқылы тапсыруға болады. Смартфон мен планшетті пайдалануға рұқсат берілмейді.

Тестілеуден өту үшін құрылғыда Windows 7 және одан жоғары, не болмаса macOS операциялық жүйесі орнатылуы қажет. Сонымен қатар Google Chrome браузерін пайдалануға болады.

Ал емтиханның әділ әрі ашық өтуі үшін бейне және аудиожазба жүргізіліп, компьютер экранындағы әрекеттер бақыланады. Бөгде бағдарламаларды пайдалануға, басқа терезелерге ауысуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, үміткер смартфонын қосымша камера ретінде пайдалануы тиіс. Оны өзі жұмыс үстелі және компьютері анық көрінетіндей етіп 1,3 метр қашықтықта орналастыруы қажет.

Емтихан форматы өзгерген жоқ. 40 сұраққа 40 минут уақыт беріледі. Кемінде 32-сіне дұрыс жауап бергендер ғана өтеді. Тестті тәулігіне бір рет қана тапсыруға болады. Қажетті ұпай жинай алмаған азамат емтиханға келесі күні қатыса алады.

Поделиться