1300 жас маман мемқызметке конкурссыз қабылданды
Оқуды бітіре салып әкімдікке бірден жұмысқа орналасуға болады. Тек грант иегерлері ғана емес, енді ақылы бөлімде оқыған түлектерге де осындай жеңілдік бар. Ол үшін үміткер екі негізгі талапқа сай болуы шарт. Жоғары оқу орнын тәмамдағанына бір жылдан аспауы керек және орташа үлгерім балы (GPA) 3,33-тен кем болмауы тиіс. Бұл талаптарды орындаған жастар аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдарға конкурссыз-ақ жұмысқа орналасады.
Нұрсұлтан Тойбатыр университетті биыл тәмамдаған соң бірден жұмысқа орналасты. Қазір Ақмола облысындағы Талапкер ауылы әкімі аппаратының бас маманы.
Нұрсұлтан Тойбатыр, Талапкер ауылы әкімі аппаратының бас маманы:
Осы шілде айында, Ақмола облысына яғни «Елге қызмет» деген парақшада астында нөмір бекітілген, сол бойынша хабарласып. Өзімнің ауданымды айтқаннан кейін маған қажетті вакансиялар ұсынды. Мен Талапкер аулын таңдадым, мені бірден конкурссыз жұмысқа алды. Менің талапқа сай 3.33-тен жоғары GPA көрсеткішім болды.
Бүгінде Талапкер ауылында 11 мыңнан астам адам тұрады. Халық саны артып, ауыл үлкейген сайын инфрақұрылымның жайы өзекті. Тұрғындарды жол, жарық, ауыз су мен газ мәселелері алаңдатады. Жас маман ауыл халқымен етене араласып, түйткілді мәселелерді шешуге атсалысып жүр.
Нұрсұлтан Тойбатыр, Талапкер ауылы әкімі аппаратының бас маманы:
Екі айдың ішінде мен бір 100-ден артық адамға көмек көрсеткен шығармын. Осы көмек көрсеткеніме мен өте қатты қуанамын.
Ел бойынша Нұрсұлтан сынды 400-ден астам түлек биыл мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданды. Ал Астана қаласында жоғары оқу орындарын тәмамдаған 42 жас өңір-өңірден жұмыс тапты.
Ербол Жолданғар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы:
Бұл өзгерістің басты мақсаты бірінші кезекте сол жас мамандардың жер-жерлерге баруын ынталандыру. Сонымен қатар, ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын оңтайландыру болып табылады.
Бұрынғыдай көпсатылы тестілеу мен конкурстық іріктеусіз жұмысқа тұру жастарға үлкен серпін берді. Дегенмен мұндай тиімді жолдың барын жастардың бәрі бірдей біле бермейді.
- Бірінші курс студенті ретінде бұл мүмкіндік туралы бұрын білмеген едім, алайда қазір детальдаған ақпарат біліп. Болашақта GPA-ді көтеріп, мемлекеттік қызметке тұруға тырысамын.
- Қазір естіп таңғалып тұрмын, конкурссыз өту дегенді. Неге жұмыс істемеске ауылда, менің ойымша керемет мүмкіндік.
- Жастарға мүмкіндік өте көп қарастырылған, мемлекеттік қызметке тұру үшін.
Соңғы үш жылда осы жоба аясында 1300 жас маман жұмысқа қабылданса, биылғы 1 шілдеден бері тағы 441 түлек мемлекеттік қызметшілердің қатарына алынды.
Читайте также
Все