Арыстағы жарылыс кезінде қаза тапқан Бауыржан Әлімбеков пен Әбдіқұл Ахметов «Айбын» орденімен марапатталды
Арыс қаласындағы жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілер Бауыржан Әлімбеков пен Әбдіқұл Ахметов «Айбын» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Қорғаныс министрі салтанатты жағдайда марқұмдардың отбасына табыс етті. Арыстағы үш әскери бөлімінің сарбаздары сапқа тұрып, қаруластарының рухына құрмет көрсетті.
Отыз үш жастағы Бауыржан Әлімбеков әскери бөлімдегі оқ-дәрі сақтайтын қойманың басшысы қызметін атқарған. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын аға сержант жойқын жарылыс басталған кезде отты өшіруге алдымен ұмтылған. Алапат өрттің ішінде жүріп, жанқиярлықпен жан тапсырды. Марқұм отбасындағы жалғыз ұл болатын. Артында үш ұл мен қызы қалды. Ауыр қазадан анасы мен жары әлі де есін жия алар емес. Қаруластары марқұмды ізгі қасиеттері үшін ерекше қадірлейтін.
Еркебұлан Есжанов, 48/859 әскери бөлімі инеженерлік батальонының бөлімше командирі:
Еліне қызмет ету. Онан соң ешқашан өтірік айтуды білмейтін. Және істеген ісін жақсы, таза, адал істегенді жақсы көретін.
Бөлімше командирі Әбдіқұл Ахметовтың де ажалы өрттен болды. Отыздан енді ғана асқан өрімдей жас әскери бөлімде 6 жыл қызмет атқарған. Мақсатшылдығының арқасында өз ісінің абырой биігіне көтерілді. Жарылыстан бір ай бұрын Алматыдағы сайыста жауынгерлік іс әрекеті, спорттық шеберлігімен үздік атанғанда қызметтес дос жаран, ағайын туыс қуанған. Үй ішінде жайдары, перзентіне қамқор әке еді.
Арайлым Қадырова, марқұм Әбдіқұл Ахметовтың жұбайы:
Отбасынан да биік қоятын. Елімді қорғаймын деп. Жақсы қызметте болды. Қарулас достарының бәрі сыйлайтын азамат еді. Анамыздың 1 ұлы он балаға татитын болса, кешегі жағдайда 100 солдатқа татитындай ерлік көрсеті.
Апаттан қара жамылған екі отбасының мүшелеріне, перзенттеріне үкімет тарапынан ерекше қамқорлық көрсетілуде. Марапаттау жиынына қатысқан Қорғаныс министрі Отан алдындағы борышын өмірінің соңғы сәттеріне дейін адал атқарған бұл азаматтардың қызметі көпке үлгі екенін және олардың есімі ел есінде ұзақ сақталатынын айтты.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы