Басты Жаңалықтар Алматыда 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Алматыда 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Бүгін Алматыны қалың тұман басып, таңертеңнен 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 10 адам түрлі жарақат алған. Полиция департаменті көктайғаққа байланысты тұрғындарды жолда сақ болуға шақырып отыр.

Кеше кешкілік жұмыстан шыға бере Жеңісбек Ерсайынұлының аяғы тайып, құлаған. Жолдың беті мұз екенін байқамай қалдым дейді. Дәрігерлер тексеруден өткізіп, операция жасауға шешім қабылдаған.

Жеңісбек Ерсайынұлы, қала тұрғыны:
Сынған дейді, шыққан дейді. Кеше ауа райы солай болып тұрды. Еріп жатты. Қазір операцияға дайындап жатыр.

Көктайғақ жүргізушілерді де әбігерге салды. Бүгін таңертең Әл-Фараби көшесінің бойында бір мезетте 13 көлік соқтығысып қалған. Шығыс айналма жолында бұдан бөлек бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алматы-Қапшағай бағытында да жүргізушілер рөлге ие бола алмай, 10 шақты темір тұлпар бүлінді. Ауруханаға түскендердің басым бөлігі сынық жарақатын алған.

Жасұлан Арғынбаев, дәрігер - травматолог:
Травматология бөліміне науқастар жиі түсіп жатыр. Санын айтатын болсақ көктайғақтың әсерінен жарақат алған науқастар саны 10-15-тен 20-30-ға дейін артты.

Ал Алматы әкімдігі көктайғақтың алдын-алу үшін қарды еріткіш қоспаның 120 тоннасы себілді деп отыр. 2700 текше метр ақ ұлпа сыртқа шығарылған.

Александр Сергеев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:
Кешелі бері қалаға 8-10 саниметр қар түсті. 600-ден аса техника тазарту жұмыстарын жүргізді. Күндіз қар ерігенімен, кешке күн қайта суытып, жерге мұз қатып жатыр.

Көктайғақпен қатар қалада қалың тұман түсіп, айналаны көру қиындады. Синоптиктер тұрақсыз күн райы бірнеше күн сақталады дейді.

Дәулет Кисебаев, «Қазгидромет» РМК бөлім басшысы:
 Алматыда алдағы үш күнде ауа райы құбылмалы болады. Ертең жауын-шашын болып, арты қарға ұласуы мүмкін. Түнде ауа температурасы 10 градусқа дейін суытады.

Алматылық полицейлер ауа райының құбылуына байланысты жүргізушілерге арақашықтықты сақтап, жолда абай болуға шақырып отыр.

Қуан Нұрақын


Бөлісу