Су тапшылығы: Күріш пен мақта үлесін қысқартудың салдары қандай?
Осы аптада үкіметте су мәселесі қаралды. Жетпейді. Әсіресе Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында су тапшылығы қатты білінеді. Алдағы вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерде суармалы судың тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін.
Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға, ал Нарын-Сырдария каскадының ірі резервуарларындағы қорлар былтырғы көрсеткіштерден 3,8 млрд текше метрге төмен.
Вице-премьер Қ.Бозымбаевтың есебінше алдағы жылы 1 млрд текше метрге дейін су жетпеуі мүмкін.
«Бірқатар облыстарда 2025 жылы ылғал көп қажет ететін дақылдарды қысқарту бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмады. Облыс әкімдіктері вегетациялық кезең басталғанға дейін аграршылар арасында су шығыны аз дақылдарға көшу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс», – деді.Су тапшылығы мәселесінің тереңдей беретіні түсінікті. Иә, ылғалсүйгіш дақылдарды азайту біраздан айтылып жүр. Оңтүстік өңірлерде ол- мақта мен күріш.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бір шаруашылықта 100 гектар болуы керек десек, ертең бір гектар артық егілсе біз оған бір тамшы су бермейміз.
Әкпар
Мәуленов, Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары:
Көктемде еккенде расында да «мына жерге 1000 гектар» деп айтуы мүмкін, сепкеннен кейін ол жер 2000 гектар болып шығады. Не істейсің оған? 1000 гектарын алып жыртып тастамайсың ғой. Болды, көп шаруалар солай істей береді. Ол бәленбай жылдан бері келе жатқан әңгіме.
Премьердің «1 тамшы су артық бермейміз» деген
қатқылдау мәлімдемесінің мәні «осыған бағытталған болуы мүмкін», -
дейді Әкпар Мәуленов.
Бірақ...
Әкпар Мәуленов,
Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары:
Иә, әрине «сенің нормаң мынадай сен одан артық пайдалансаң бітті болды әрмен қарай алмайсың» деген сияқты. Соның бәрі құрылғымен өлшенсе. Сол жерде қатты қадағалау, қатты бақылау керек. Көп жерде ондай құрылғыны енді ғана енгізейін деп жатыр ғой.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР Су ресурстары
және ирригация миристрлігі Су ресурстарын пайдалануды реттеу
басқармасының басшысы:
Күріш дақылы бізде ең ылғалсүйгіш дақыл болып табылады. Себебі ол басқа дақылға қарағанда 4-5 есе су мөлшерін пайдаланады.Қызылорда облысы бойынша күріш дақылы 77 мың гектардан асырмау керек болса, Түркістан облысында 3,5 мың гектардан асырмау көзделген.
«Қызылордадағы күріш немесе Түркістандағы мақта
алқабын қысқартудың зияны ең әуелі жұмыссыздыққа әкеліп соғуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Себебі сол өңірдің халқы бірі
тұқым тасиды, бірі дән себеді, бірі өңдейді енді бірі соны сатады дегендей.
Одан кейін...
Әкпар Мәуленов,
Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары:
Дүкендегі күріштің бағасы қымбаттайды деген сөз. Ұсыныс аз болса сұраныс көбейеді де, сұраныс көбейгеннен кейін баға шарықтайды. Еттің көлемі азайды да, сұраныс көбейді, баға көтеріліп кетті. Былтырлары картоп солай болды. Жетпей қалды, сұраныс бар, баға көтерілді. Көп пайдаланатын күріш, макарон, картоп. Жетпей жатса тағы да сырттан әкелсек сонда болады өзіміздің күрішімізді өзімізге жеткізе алмай.
Әліби Бекжанов, шаруа қожалығының төрағасы:
Күріш кептіргіш сол Қытайда бар. Соны алдық. Ал қазір бізде субсидиялау ережесінде мына Қостанайдың «АЗАН» фирмасын қойған. Ол біздің күрішке сәйкес келмейді. Соны мемлекет қараса.
Шаруа Әліби Бекжанов күріш алқабын қысқартуға
қарсы емес. Тіпті су тапшылығы алғаш сезіле бастағанда аз жерден көбірек өнім
алуға мүмкіндік беретін техникаларды шетелден алдырған.
Әліби Бекжанов, шаруа қожалығының төрағасы:
Жер тегістеледі, лазерьлік тегістеуішті субсидиялау керек деп сол кезде айтқанмын.7 жыл уақыт кетті. Біз қазір айтып жатқан нәрселерді орындау үшін тағы 7 жыл уақыт күту керек пе? Сөз бен істің арасы жылдам-жылдам болса ауыл шаруашылығы дамиды.
Әкпар Мәуленов,
Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары:
Суды аз пайдаланатын сорттарға қарай соны шығаруға, вегетациялық кезеңі қысқа сорттарды шығаруға ғалымдарға көмек көрсетіп ғалымдарды ынталандыру керек.
Күріш немесе мақта алқабын қысқартқан күннің
өзінде шаруалар ол жерге не еге алады? Себебі Қызылорда мен Түркістан жерлеріне
кез-келген дақылды өсіре салу оңай емес.
Әмірхан Кеншімов, су саласының сарапшысы:
Мысалы қанттық сарго дейді. Қанттық қамыс. Шетелде Кубада, Латын Америкасында осымен көп айналысады. Оны да бізге алып келуге болады. Ал бірақ оны өндіретін, қантқа айналдыратын бізге зауыттар керек. Біз тек қана қызылшаға үйренгенбіз ғой.
Әкпар Мәуленов,
Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары:
Көбінесе енді жоңышқа егеді. Кейбіреуі көкөніске, қауын-қарбызға ауысады. Амалсыздан мысалы жоңышқаны егеді болмаса көкөніс қауын-қарбызды егеді бірақ ертең күзде оны қайда өткізем, қайда сатам ертең тағы да оның әңгімесі болады.
Үкіметтің екінші ұсынып отырғаны «күрішшілер де,
мақташылар да алқабын қысқартып қана қоймай жаңаша суару әдістеріне көшу
керек».
Ақерке Молдабек, ҚР Су ресурстары және ирригация
министрлігі, Ауыл шаруашылығындағы су үнемдеу технологияларын
енгізу басқармасының бас сарапшысы:
543,5 мың гектарға бүгінгі таңда су үнемдеу технологиялары енгізіліп отыр. Оның ішінде 315 мың гектар жаңбырлатып суару технологиясымен енгізілген. 165 мың гектар тамшылатып суару технологиясымен енгізіліп отыр. Осы технологиялар бізге 20-30 пайызға дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді.
Әмірхан Кеншімов, Су саласының сарапшысы:
Суармалы жүйелердің барлығын өзгерту керек, қайтадан жасақтандыру керек, қайтадан жабдықтандыру керек. Содан кейін үйрету керек. Жай келіп, міне, сендерге мынадай технология десе оны пайдалана алмайды.
Оспан Асанов, мақта өсіруші шаруа:
Былтыр 52 гектарға тамшылатып суаруды ендірдім. Бірақ магистраль құбырларды жердің астына 1 метрге көметін кезде жердің астынан су шығып кетті. Мен 52 гектарға істеткеннің өзінде гектарына 840 мың теңге шығын шықты.
Мақта егетін Оспан Асанов «әрине, суды үнемдеу керек» дейді.
Бірақ мақтаның алқабын қысқартқанша «әуелі арықтарды жөндеп берсе екен» деген
тілегі бар. Себебі жер асты суын төмен түсіретін құрылғылар жұмыс
істемегендіктен былтыр жоспары жүзеге аспай қалған.
Оспан Асанов, мақта өсіруші шаруа:
Судың 40%-ы жерге сіңіп кетеді. Астынан қашады, жерге сіңеді, қанша су босқа кетіп жатыр. Оны жылда келіп қазады, қазады тереңдете береді. Тереңдеген су астында қалады өлі су болып. Ең бірінші каналарды бетондап беріңіздер деп жатырмын.
Қазақстанда 500-ге жуық су арнасы бар. Жалпы ұзындығы 49 мың шақырым.
Оның 70%-ы - арық. Яғни, су жерге сіңіп кетеді, далаға ағып кетеді.Су
үнемдеу керегін бәрі түсінеді. Ылғал сүйгіш дақылдарды азайтудың мәнін де
ұғады. Бірақ бір қалыптан екінші қалыпқа ауысу үшін балама жол анық болуы
керек. Яғни «басқа қандай дақыл егеміз, нарықта сұраныс бола
ма, жоқ па?» -деген қарапайым сұрақтардың жауабы анық естілуі
тиіс. Онсыз да бейнеттен көз ашпаған еңбек адамдарының ақыр соңында кетпен
құшақтап қалмағаны олардың отбасына ғана емес, бәріміз үшін маңызды. Үкімет
үшін де деп ойлаймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы