Басты Жаңалықтар Өмірдің соңғы кезеңі: Қазақстанда паллиативті көмек қалай көрсетіледі?

Өмірдің соңғы кезеңі: Қазақстанда паллиативті көмек қалай көрсетіледі?

Паллиативті көмек. Тән де, жан да шыдамайтын аурумен қиналып жатқан адамдарға медициналық, әлеуметтік, психологиялық және моральдық көмек осылай аталады.

Әсіресе, қай ауру меңдегенде мұндай көмек көрсетіледі? Паллиативті көмекке жылына шамамен қанша адам мұқтаж? Және ол мәлімет қаншалықты дәл? Біздің елімізде көмек қаншалықты ұйымдастырылған? Білуімізше, хоспис 7 қалада ғана бар.  

Иә, бұл қиналып жатқан жақыныңды хосписке жіберуге үндеу емес. Ізгілік пен жауапкершілік, мейірім мен махаббат қасиеттерінен безу емес. Қарайтын ешбір мүмкіндік болмаса, не жалғызілікті адам болса, не істеу керек, қайда барады?

Данияр Қайыртай, тілші:

Біз қазір Астанадағы жалғыз, ал еліміздегі ең ірі паллиативтік көмек көрсететін орталыққа келіп тұрмыз. Мұнда қазір 116 науқас жатыр екен. Бірнешеуімен сұхбаттасып көреміз.

54 жастағы астаналық Вадим Сычев 4 ай бұрын инсульттен кейінгі емінен соң кәсіби күтім алу үшін осы жерге ауыстырылыпты.

Вадим Сычев, Астана қаласының тұрғыны:

Ауыр жағдаймен түстім. Төсек тартып қалғам. Осы жердегі мамандар мені аяққа тұрғызды. Қазір ақырындап таяққа таянып болса да жүре бастадым.

Қатерлі ісікпен күресіп келе жатқан 64 жастағы қорғалжындық Қанат Бөгенбаевты да осы бөлімшенің мамандары 2 аптада сауықтырған.

Қанат Бөгенбаев, Ақмола облысының тұрғыны:

Үшінші химиядан кейін мына суықтар басталғанда сонда екі жақтан да  ұстап қалды, менде организм әлсіз ғой, сол үшін осында түсіп, дәрігерлер емдеді мені. Күтім жақсы. Әйелім қасыма жатты.

Терапиялық емі аяқталған соң үйдегі күтімді жұбайы өз мойнына алмақ.

Айгүл Бөгенбаева, Ақмола облысының тұрғыны:

Менің жолдасым мында түскенде жүре де алған жоқ. Сөйлей алған жоқ. Олар оны менің көз алдымда аяғынан тік тұрғызды.
 

72 жастағы Галина Коломина да онкологиямен ауыратын жарына серік болып бір палатада жатыр. Әр емнен кейін осында жолдама алады екен. Уақ-уақ он шақты күннен кәсіби күтім алып шығып жүрміз, - дейді.

Галина Коломина, Астана қаласының тұрғыны:

Біз бұл аурухананы «курорт» деп айтамыз. Себебі күтім мен қызмет көрсету өте жоғары деңгейде. Әрі қаланың шетінде орналасқандықтан ауасы таза. Мұнда келген адамның бәрі үміт, сенім және махаббат арқалап келеді деп ойлаймын.
 

Үміт отын сөндірмеуге септесетін – паллиативтік көмек көрсету қызметі. Бұл – денсаулық сақтау жүйесі үшін, салыстырмалы түрде, жаңа бағыт.

Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Паллиативтік көмек – жазылмайтын ауыр жағдайдағы пациенттердің өмір сапасын жақсартуға арналған медициналық көмектің бір түрі болып саналады. Симптоматикалық ем, мейіргерлік күтім және әлеуметтік-психологиялық көмек кіреді.

Ләззат Қозғамбаева, Астана қаласы көпсалалы медицина орталығы директорының орынбасары:

Ауру сезімдерін жою жолдарын тауып, дәрі-дәрмекпен көмек істейміз. Арнайы жасалған препараттармен, системамен тамақ береміз. Күтім.

Алайда ауыр жағдайға тап болған науқастардың бәрі осы қызмет түрін алады деген сөз емес. Тек «Реабилитация жасауға әлеуеті жоқ» деген ұйғарым шығарылғандары ғана осы категорияға жатады.

Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

Төсек тартып жатқан адамның бәрі паллиативтік емес. Қандай аурулар бойынша? Бүгінгі таңда паллиативтік көмек көрсететін 40 пайызға жуығы онкологиялық науқастар болып саналады, 27 пайызы – қан айналым жүйесі, инсульт, инфаркт, 12 пайызы – тыныс алу жүйесі аурулары, одан кейін басқа да аурулар.

Осылайша қазір елде паллиативтік күтімге мұқтаж 130 мыңға тарта науқас тіркелген. Оның 9 мыңға жуығы – бала. Ал паллиативтік көмек көрсетуге арналған төсек-орын саны 2 мыңнан сәл ғана асады.Оның басым бөлігі ауруханалар жанындағы 19 паллиативтік көмек бөлімшесінде болса, қалған бөлігі – жеке-дара жұмыс істейтін 9 хосписте. Мәселе әр орынға бөлінетін қаражат көлемінде болып тұр. Биыл тариф 12 909 теңгеден 17 144 теңгеге дейін өскен. Бірақ ол да мардымсыз дейді мамандар, өз есебін алға тартып.

Ләззат Қозғамбаева, Астана қаласы Көп салалы медицина орталығы директорының орынбасары:

Қазір бір науқасқа 17 144 тг төленеді. Бірақ бұл науқастар өте ауыр науқастар.  Күні өте қымбатқа түседі – 60 мыңнан асады. Тарифті өзгерту керек.

Министрлік алдағы жылы тарифті қайта қарамақ. Ал паллиативтік көмек қауымдастығы тарифті есептеу әдісінің өзін өзгертуді ұсынып отыр.

Гүлнар Кунирова, ҚР ДСМ Паллиативтік көмек бойынша штаттан тыс бас маманы, Қауымдастық президенті:

Тарифтің ішіне негізгі шығындардан бөлек, маманды қосымша оқытудан өткізуге арналған шығын, тез тозатын төсек орын мен матрас сияқты заттарды және қондырғыларды сатып алуға жұмсалатын шығын кіруі керек. Әрі сараланған тариф енгізген абзал.

Паллиативтік көмек хоспис және ауруханалардың жанындағы арнаулы бөлімшелерде ғана көрсетілмейді. Тағы бір формасы – мобильді бригадалар. Олар науқастың үйіне барып, күтім жасайды. Ондағы тариф тіпті төмен.

Татьяна Острецова, Паллиативтік көмек бойынша сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты:

Мобильді бригаданың бір шыққаны үшін тариф құны 9 мың теңгеге жуықтайды. Бұл өте аз. Оның үстіне күніне 8 сағат қана жұмыс істейтін бригадалардың жүктемесі де ауыр.

Салтанат Қожамұратова, Мобильді бригада дәрігері:

Қазір Ақтөбе облысы бойынша 1-ақ бригада ұйымдастырылған. Бұндайда жердің қашықтығы кішкене қиындық тудырады. Егер әр жерде, әр аудан бойынша бригада ұйымдастырылса, науқастарға жиі баруға ыңғайлы болар еді.

Мәселен қала маңындағы Құрашасай елдімекенінде тұратын Мәрбекжан Қолғанатов қант диабетінің асқынған түрімен ауырады. Дерті дендей бастағанда бірнеше ота жасатқан соң осындай күйге түскен. Енді жылжымалы бригада келіп-кетіп көмек көрсетіп жүр.

Мәрбекжан Қолғанатов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Қолдарынан келгенінің бәрін істеп жатыр. Осылар келсе, бір жасап қаламын. Рахмет. Жаным шырылдағанда мынандай дәрілерді іздеймін.

Ақтөбедегі жалғыз бригада былтыр ақпанда ғана ашылған. Қазір 108 науқасқа үйіне барып, кәсіби көмек көрсетеді.

Жұлдыз Саримова, Мобильді бригада мейіргері:

Әлі де бригада ашу керек деп ойлаймын. Өйткені біз үлгермейміз. Мобильді бригаданың құрамында врач, диспетчер, фельдшер, медсестра, әлеуметтік қызметкер, псхолог жұмыс істейміз. Науқасқа үй жағдайында барлық көмек көрсете аламыз. Отбасына қолдау көрсете аламыз.
 

Қазір елімізде 200-ге жуық осындай жылжымалы медициналық топ жұмыс істейді. Бірақ оның 20 пайызы ғана толық құрамды мамандандырылған бригада. Көбінесе бұл міндет учаскелік дәрігердің мойнына артылып қоя салады. Қазақстандағы паллиативтік көмек саласын зерттеген дәрігер Ислам Салиханов дәл осы мобильді бригада үлгісіндегі қызмет түріне басымдық берген абзалырақ деген тұжырым жасаған.

Ислам Салиханов, Базель университеті клиникасының зерттеуші дәрігері, MD, MPH, PhD:

Біз зерттеу барысында паллиативтік көмекті дамытудағы экономикалық қана емес, мәдени де кедергілерді анықтадық. Науқас адамды балалары не туыстары стационарлық емге, хосписке ұзақ мерзімге жібергісі келмейтін ерекшелігіміз барын сауалнама нәтижесі көрсетті. Бұл – менталитет. Сондықтан Еуропа үлгісіндегі паллиативтік көмекті құр көшіре салуға болмайтынын түсіндік.

Зерттеуші хоспистер мен арнаулы мекемелердің құрылысына шығындалуға экономикалық ахуал да мұрсат бермейтінін алға тартып отыр. Әрі географиялық және демографиялық фактор да бар. Халықтың жартысына жуығы ауыл-аймақты мекендейді. Сондықтан мынадай ұсыныс айтты.

Ислам Салиханов, Базель университеті клиникасының зерттеуші дәрігері, MD, MPH, PhD:

Бізге паллиатив көмекті дамыту үшін, біріншіден, медицина мамандарының бәрін паллиативтік көмек көрсетудің негізгі дағдыларына үйрету керек. Екіншіден, науқастың отбасы мүшелерін даярлауымыз шарт. Мәселен, арнайы курстар ашуға болады. Себебі барлық науқасты төсек-орынмен қамту мүмкін емес. Үшіншіден, мобильді бригада қызметін жетілдіруіміз керек.

 Бригадалар қазірдің өзінде науқастың отбасымен тығыз жұмыс істейді.

 Жұлдыз Саримова, Мобильді бригада мейіргері:

Отбасына күтім дағдысын үйрету – менің басты міндетім. Өйткені перевязкасы жеңілдей бастайды ғой, сол кезде ол кісіге өзі қалай жасау керек екенін, уколды қалай жасауға, науқасты әр 2 сағат сайын орнын ауыстырып тұру, ол пролежнидің алдын алу, үстін қалай, немен обработка жасау керек, басын қалай жууға болады – соның бәрін үйретеміз.

Әйтсе де хоспистерде төсек-орын, елдімекендерде мобильді бригада тапшы болғандықтан туыстарының қарауында оқшау қалып қойған науқастар да баршылық. Олар паллиатив көмекпен қамтылмақ түгілі, ондай қызмет түрін естімеген де болуы мүмкін. Көкшетаулық Кенжегүл Манайхан 15 жылдан бері науқас қайынағасына өздігінше күтім жасап келеді. 40 жастағы Нұрпейіс Кендебай кішкентайынан церебралды сал ауруына шалдыққан. Арнаулы мекемеде күтім жасату ойымызға кіріп-шыққан да емес дейді.

Кенжегүл Манайхан, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Сауап деп өзім қабылдаймын. Осындай кісілерге біз қолдау көрсетпесек, ешкім көмектеспейді. Сыртқа тастайтын емес. Бұл кісілердің еш кінәсі жоқ. Бірақ оңай емес. Қиындықтар болады.
 

Ислам Салиханов, Базель университеті клиникасының зерттеуші дәрігері, MD, MPH, PhD:

Біздің мәдениетте өз ата-анаңа, науқас туысыңа қарау деген жазылмаған міндет бар. Арнаулы бір мекемеге жіберсе, науқастан құтылғысы келді деген ойға жетелеуі мүмкін. Қоғам солай сөз қылады. Осы стигматизациядан арылу керек. Бірақ біз жаппай науқас туыстарыңды өткізіңдер деп отырған жоқпыз, ол үшін паллиатив көмекті дамытсақ та жеткілікті.

 Науқастармен бірге жақындары да бейнет шегетіні – өмір шындығы. Паллиативтік көмектің пәлсапасы да тіршілікті құр ұзартуды емес, сол тіршілікке мән беруді көздейді.

 

Бөлісу