Конституциялық комиссия, вице-президент, Халық кеңесі: Парламенттік реформа туралы не белгілі?
Кеше Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Тікелей эфирде көрсетілді. Бұған дейін қазан айында арнайы құрылған жұмыс тобы парламенттік реформаның контурын әзірледі. Конституциялық комиссия соның жалғасы іспетті.
Бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа
жуық бабын өзгерту жоспарланған. Алайда, жұмыс тобының талқылауы барысында
түзетулер көп болатыны анық көрінді.Мысалы, 2022 жылғы реформада Ата заңның 33
бабы жаңартылған еді.Ендігі өзгерістер одан да ауқымды болмақ.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі - Конституциялық
комиссия төрағасының орынбасары:
Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы. Өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.
Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сот төрағасы - Конституциялық
комиссияның төрағасы:
Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелерінен бөлек азаматтардан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін атап өткен жөн. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді.
Алдымен қазір қоғамдакөп талқыланып жатқан вице-президент
институтын енгізу мәселесіне келсек. Президент мұны «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып
келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» деген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Вице-президент лауазымы бірқатар мемлекетте бар. Біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді.
Ұсыныс бойынша, вице-президентті Мемлекет басшысы депутаттардың
келісімімен тағайындайды. Құзыретін де Мемлекет басшысы белгілейді.
Ол Президенттің
тапсырмасы бойынша,біріншіден, Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы
мүдделерін білдіреді. Екіншіден, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де
мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік
етеді. Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан
Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық
ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.
Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер
жөніндегі көмекшісі:
Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.
Оның өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады және оны
қызметінен босататын да
президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жоспарланған өзгерістің бәрі үйлесімді болып, бірін-бірі толықтырып отыруы керек, ешқашан өзара қайшылыққа әкеп соқтырмауға тиіс. Жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар осы платформаға келіп тоғысуға тиіс.
Жаңа институт ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның
Халық Кеңесін» құруды ұсынған. Оған қазіргі Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы
Ассамблеясының міндеттері жүктелмек. Президент Халық кеңесіне заң шығаруға бастамашылық
ету құқығын беруді ұсынып, оны Конституцияда бекіту керегін айтты.
Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер
жөніндегі көмекшісі:
Халық кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Біріншіден, Халық кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет.
Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу де Кеңестің
негізгі міндеттерінің бірі болмақ.Оның барлық мүшесін Президент тағайындайды,
ал, төрағасын оның мүшелері сайлайды.
Кеңесті 126 адамнан жасақтап, оған этномәдени
орталықтардың 42 өкілін, ірі қоғамдық бірлестіктердің 42 өкілін және
мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестердің 42 өкілін қосу ұсынылып отыр.
Айта кету керек, Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына
кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық кеңесі Қазақстан
Халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган
болмайды.Әзірге, комиссияның алғашқы
отырысында белгілі болған маңызды ақпараттар осы. Келесі жиын алдағы дүйсенбіге
жоспарланған. Комиссия мүшелері әр жиынды ашықтық қағидатын сақтап, отырыстарды
тікелей эфирде өткізбек. Комиссияның міндеті барлық ұсынысты сараптап,
өзгерістердің жобасын әзірлеу. Ал түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда
көпшіліктің дауыс беруімен қабылдануы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы