Басты Жаңалықтар Елімізде мұнай-газ химиясын жеке сала ретінде дамыта алмауға не себеп?

Елімізде мұнай-газ химиясын жеке сала ретінде дамыта алмауға не себеп?

Мынадай қарама-қайшылық: шикізатқа тәуелді екеніміз рас. Бірақ мұнай саласындағы ахуал да күрделі. Бұл саланың раһатын кімдердің көргені белгілі. Және осы күнге дейін шикізатты сатып қана отырмыз. Одан өндірілген өнімдерді қымбатқа сатып аламыз. Айтпақшы, «Өндіріс. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің дүниежүзілік тарихы» деген Дэниель Ергиннің кітабы бар, қажет болса...

Қ. Тоқаев келтірген мысал:

«Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелдіміз».

Жұмыс істеп тұрған 3 зауытты жаңғырту – бір мәселе. Ал жаңа зауытқа келсек, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін жақсылап есептегеннің өзінде жеке инвестор табылса ғана салуды айтты.

Президент одан да мұнай-газ химиясына мән беруді меңзеді. Жаңа айтқан қарама-қайшылық осы жерде жалғасады. Еліміздің полиэтилен, полипропилен сияқты негізгі химия өнімдеріне сұранысты өтеуші едік. Тіпті өзімізде шығарылатын полимерді барынша өңдеу жолға қойылмаған. Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылатып суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады. Шынын айтқанда, біз күнделікті қолданатын тауарлар мен киім-кешек шығара алмаймыз. Шығарамыз, бірақ өзіндік құны ол тауарларды қымбат қылады. Сондықтан біздің жол – шикізаттан кейінгі тізбек.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылай деген Мемлекет басшысы сөзін ары қарай жалғап «мұнай-газ химиясы өз алдына жеке сала болып қалыптаспағанын» айтты. Ең әуелі картинаны ашу үшін бұл салада жұмыс істеп тұрған зауыттарға тоқталсақ.

Санжар Жәркешов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Бірінші жобасы полипропилен жобасы. KPI зауыты. Атырау облысында жүзеге асырылды, іске қосылды. Бұл шамамен 2,6 миллиард АҚШ долларды құрады. Екінші жоба 2021 жылы МТБЭ жобасы. Шамамен 25 миллион долларды құрайтын жоба болды. Олар қазір штаттық режимде жұмысын атқарып жатыр.

Сондай-ақ 2029 жылы бутадиен мен карбомид өнімдерін шығаратын зауыттар жұмысын бастауы керек. Полиэтилен жобасының екінші бөлігі де осы жылы жалғасады. Жоспар бойынша.

Санжар Жәркешов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Төртінші жоба ол алкилат жобасы. Жанар-жағармай саласына маңызды жоба. Қазіргі уақытта бұның құрылысы өте белсенді болып жатыр. Павлодар облысында орналасқан жаңа жоба. Бұл жоба 2027 жылыіске қосылады деген мақсат қойылып отыр. Жылдыңқуаттылығы 100 мың тоннаны құрайтын болады.

Асылбек Жакиев, мұнай-газ саласының сарапшысы:

Жердің астында қоймада газдың үлкен қоры бар. Сол газды тек ауаға жібереді мысалы шетелдің компаниялары немесе қысымды ұстау үшін жер астына жіберіп жатыр. Мұнай-химия тауарлары газдан шығарылады. Шикі газдан шығарылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 60 миллиард  текше метрден аса газ өндірілген. Оның жартысынан астамы тауарлық газ. Мұнай-газ химиясына қажетті пропан, бутан, этан сұйытылған газдан алынады. Біздегі газдың 90 пайызы отынға, энергетикаға жұмсалады. Сонда қалған 10-ақ пайызы өңделіп мұнай-газ химиясына жіберіледі. Ал босқа ауаға жанып кетіп жатқан газдың есебі туралы ақпарат берілмеді.

Елдос Есенбол, тілші:

Енді жаңа тізбектеген өнімдерден не жасауға болады дегенге жауап іздеп көрейік. Полиэтиленнен су және газ құбырларын, пластик бөтелкелер мен канистрлерді, азық-түлік қаптамаларын жасайды. Полипропиленнен автокөлік бөлшектері, тұрмыстық ыдыстар, медициналық шприцтер дайындалады. Бутадиеннен автокөлік шиналарын, ал карбомидтен тыңайтқыштар жасауға болады.

Азамат Қален, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті Химия өнеркәсібі басқармасының басшысы:  
Бізде мысалы полимерлік трубалар, полимерден жасалатын әртүрлі тұрмыстық бұйымдар, бір рет пайдаланатын әртүрлі бұйымдар, құрылысқа пайдаланылатын геосентетикалық кестелер әртүрлі ыдыстар, вагонда қолданылатын әртүрлі бұйымдар шығарылады. Бұлар полимердің соңғы деңгейі.

«Біздерде осындай бар, осындай бар» дегенмен мұнай-газ химиясының анау айтқандай дамымай отырғаны белгілі. Атыраудағы КРІ зауыты құрылысының 12 жылға созылғаны соған дәлел. Ендеше бұның басты себебі неде?

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
Бізде кез келген шешім өте ұзақ мерзімде қабылданады. Неге? Газ да мұнай да бір ұлттық компания құзырында болды. Мәселелерін барлығын министрлікпен бір талқылайды. Самұрық Қазынамен екі талқылайды. Үкіметпен үш талқылайды. Мемлекет басшысына бекітуге 4 апарады. Оғанға дейін инвесторлардың қызықты жобаға қызығушылығы төмендеп кетеді.

Асылбек Жакиев, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Екі жыл бұрын KPI деген полипропилен зауытын салдық. Үш инвестор болды. Біреуі Еуропаның инвесторы, біреуі LG компаниясы Кореяның. Олар келді, бірнеше жыл біздің азаматтармен, ресми өкілдермен келіссөздерді жүргізді бірақ нәтиже болған жоқ. «Болашақта қараймыз..» деп. Екі жыл өтті, үш жыл өтті, кетіп қалды.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
Екінші мәселе бізде тағайындалған басшыларды жиі ауыстыру.  Бір басшы келеді, халық, Мемлекет басшысының алдында міндеттемелер алады, бірақ орындауға уақыты жоқ. 1 жыл-1,5 жылда ауысып кете береді. Жауапкершілікке нақты ден қойылмағаннан кейін әрине кез-келген шаруа ертеңге қала береді.

Асылбек Жакиев, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Бұрынғы келісім сөздер жүргізген инвестор LG chemical деген компания Өзбекстанда бір жылдың ішінде сол зауытты салды мысалы. Қазақстанда 4 миллиард доллар болса бағасы Өзбекстанда 1 миллиард бірдеңеге салған сол зауытты.

Осы ретте іргедегі көршіміз бұл салада қаншалықты ілгеріледі дегенді сарапшылардан сұраған едік.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
Бұл көрсеткішті анықтау үшін олардың бюджеттік түсімін қарау керек. Бюджетке қай сала не әкеліп жатыр, газохимия 17%. Сосын ол Өзбекстан өзінен шыққан өнімдерге терең өңдеу процесін бастап кеткен. Оларда электро-чайник шығарады. Оның сыртқы пластмасса емес пе, үтік шығарады, телевизор шығарады өздерінің шикізатынан.

Ал Қазақстанда әуелі өзіміз өндірген шикізаттың, мысалы полипропиленнің жергілікті өндірушілерге қолайлы бағада жетуін реттеп алу керек сияқты.  

Азамат Қален, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті Химия өнеркәсібі басқармасының басшысы:  
Еліміздің Қытай жағында орналасқан кейбір мекемелерге Қытай елінен алған пайдалы болып отыр. Сондықтан бәрібір импорттың үлесі қазіргі таңда болады. Бірақ алайда толығымен өзіміздің қажеттілігімізді жабамыз деген жоспар бар.

Біз тілдескен сарапшылардың ойы бір арнаға тоғысады. «Шешім қабылдай білу керек, созбалаңға салмау керек. Ал істі бастаған басшыға (егер жұмысына тиянақты болса, әрине) мүмкіндік берілуі керек» дейді олар. Жауапты министрлік болса мұнай-газ химиясына арналған заң жобасының әзірленгенін айтып отыр.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы:
Өндірісті дамытатын кеңес құру керек сияқты. Біз әртүрлі әлеуметтік кеңестер құрамыз. Қазір жаңа технологияның дамуы өте жылдам жүріп жатыр ғой, ертеңіне сол зауыттың қажеті де болмай қалуы мүмкін ғой. Сондықтан кімдікі сапалы, кімдікі болашаққа бейіл деген сараптама беріп отырса. Бұл сараптама неге қажет? Біз қабылдаған және бекітке өндірісімізді 5 жылдан кейін ескі деп қабылдамауымыз керек.

Ал сол зауыттарда жұмыс істеуге дайын мамандар бар ма? Ғылымдағы жағдай қалай? Мұнай-газ химиясына оқытып жатырған жоғары оқу орындарының заманауи зертханалары бар ма, өзі? Бұл сабақтасса да, өз алдына бөлек қарастыратын мәселе.


Бөлісу