Жылу ақысы қымбаттады ма?
Бейсенбіде Балқаш қаласында тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып құлады. Бұл бөлігі «апатты» деп танылған, ешкім тұрмайды екен. Зардап шеккендер жоқ.
Балқаш қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі: «Пәтерлер тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, 5-ші кіреберістің тұрғындары алдын ала көшірілді және заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылды», – деген ақпар берді. «Опырылған кіреберісті бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, содан кейін қалған 4 кіреберіске қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі», – депті.
Бірақ «Болашақта қалған кіреберістердің конструкцияларын нығайту жұмыстарын белгіленген тәртіппен жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді» деп жалғастырады. Демек, үй тұтас апатты емес дегендері. Бірақ ондай байламды сараптама жүргізбей және сапалы жүргізбей жасауға болмайды.
Тақырыппен сабақтас мынадай мәселе бар. Қаңтар айы үшін коммуналдық қызмет, дәлірегі – жылу бағасының ақысы қымбат болып келді. Неге? Баға көтерілетіні туралы ақпар болған жоқ. Бұл – бір.
Екіншіден, жылу пәтердің шаршы метріне алынады. Онда неге шаршы метрі азырақ пәтерге көлемі үлкенірек пәтерден көп ақы шығады?
Басты сауал – үкіметтің тарифтерді өсіру арқылы монополистерді несие рәсімдеп, инженерлік қондырғыларды, құбырларды жөндеуге итермелеу әрекеті не болып жатыр? Нәтиже бар ма?
Тек Астана емес, өзге өңірдің тұрғындары да жылу ақысын соңғы айларда көп төледік деп отыр. Ал министрлік өкілі болса, тариф құны өзгермеген дейді.
Жасұлан Бостыбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жылу энергетикасы саласын реттеу басқармасының басшысы:
ҚР Премьер-министрінің тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылғы қазан мен 2026 жылғы сәуір аралығында коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне мораторий жарияланды. Осы кезеңде тарифтер көтерілмейді.
Сонда тариф өспесе, жылу ақысына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?!
Жасұлан Бостыбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жылу энергетикасы саласын реттеу басқармасының басшысы:
Ол жергілікті атқарушы орган бекіткеніне байланысты әр облыс бойынша ол әртүрлі болып келеді. Жалпы республика бойынша тарифтердің айырмашылығы ол тұтыну көлеміне байланысты, жылу жүйелерінің ұзындығына байланысты. Отын түрлеріне байланысты.
Күнзадаш Саттықова, энергетика саласының сарапшысы:
Негізінде жылу энергиясының қымбаттауы қоршаған ортаның температурасына байланысты болады. Аяз басталатындықтан желтоқсанда қымбатырақ болады. Қаңтарда азз күшейетіндіктен температураға байланысты өзгеріп отырады.
Есептеріне қарағанда былтырмен салыстырғанда, биыл аязды күндер көп болған.
Дастан Рахимбаев, «Теплотранзит» ЖШС Тұтынушылармен жұмыс істеу қызметінің басшысы:
2025 жылғы қаңтар айында орташа температура 11 градусты құрады, 2026 жылы қаңтар айында 14,3 С градусты құрады. Жылу энергиясын тұтыну биылғы қаңтар айында артты.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал екінші себеп – жылу есептегіш құралдарға байланысты, - дейді мамандар. Көп қабатты үйлердің астындағы ортақ жылу есептегіш құралдарын әр төрт жыл сайын тексерістен өткізу керек. Тексерістен өтпесе, халық нақты есептегіш құралдағы көрсеткішпен емес, автоматты түрде нормативтік есептеу көрсеткішімен төлейді. Мысалы, Астанадағы тариф құны 1 гигакалорий үшін - 3200 болса, нормативтік есептеу құны қымбатырақ шығады, 3900 теңге.
Дастан Рахимбаев, «Теплотранзит» ЖШС Тұтынушылармен жұмыс істеу қызметінің басшысы:
Біздің қаламызда 5 мыңдай есептеуіш құрылғылары бар. Солардың 100-ден астамы істемеген.
Жасұлан Бостыбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жылу энергетикасы саласын реттеу басқармасының басшысы:
Алматыда есептеу аспаптарын тиісті мерзімде тексеру жүргізілген жоқ. Тұтынушыға мысал ретінде тұтыну нормалары бойынша есептеулер жүргізілген болатын. Сол себептен жылу ақысы көбірек келген.
Ал оны тексеріп, қадағалап отыру – пәтер иелері кооперативінің жауапкершілігінде. Бірақ заң бойынша мұндай жағдайда тек ескерту беріледі. Кейде олар, үй астындағы құбырлардың қандай күйде екеніне де мән бермейді.
Күнзадаш Саттықова, энергетика саласының сарапшысы:
Апат болады, труба жарылады, су ағады. Ол қанша уақыт ақты, оны дер кезінде жөндемесе, су тоқтатып, ағылып кеткен суды төлеу керек қой. Ыстық су деген өндіріліп жатқан өнім ғой.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сарапшылар бағаның өзгерісіне қосылған құн салығының да әсері бар дейді. Өйткені, жеке меншік компаниялар салықтың бұл түрін төлеуге міндетті. Сондықтан тариф өзгермегенімен түбіртектегі өзгерістер шамамен 3-4 пайыз өсуі мүмкін. Мысалы мына сайтта өскемендік «Шығыс жылу» компаниясы «Салық кодексіндегі өзгеріске байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығымен тарифтердің мөлшері» деп тариф көлемінің өзгергенін анық жазып қойған.
Пәтердің көлемі үлкен болса, төлемі де көп болатыны түсінікті. Бірақ бағаға кейде баспананың санаты мен сапасы да әсер етеді.
Сұлтан Ыбырай, Назарбаев университеті Таза көмір технологиясы лабораториясының қызметкері:
Ескі үй екі есе көп төлейді жаңа үйге қарағанда. Себебі, ескі үйдің панелдерінің арасында тесіктер бар. Қабырғалары өте жұқа болып келеді. Сондай себептерден энергияны көп қолданады. Ал жаңа үйлерде радиаторға реттегіш қояды. Ал ескі үйлерде ондай жоқ.
Мұның бір шешімі – ескі үйлерге термомодернизация жасау.
Сұлтан Ыбырай, Назарбаев университеті Таза көмір технологиясы лабораториясының қызметкері:
Қазақстанда сондай мысалдар бар. Қарағандыда бір үй термомодернизациядан өтті. Сол үйге 70-80 млн теңге жұмсалды. Енді жылуға 2 есе аз төлеп жатыр. Польшада және Германияда Совет үкіметінде салынған үйлер термомодернизациядан өтті. Берлинде мысалы үйлер термомодернизациядан өтіп, барлық үйлер С-ға дейін жетті.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Мамандар тұрғын үйлерді энергетикалық тиімділігіне байланысты мынадай бірнеше класқа бөледі. Ал Қазақстандағы үйлердің көбі D классына жатады. Яғни, «ортадан төмен». Соларға термомодернизация жасап, жөндеу жүргізіп, ең болмағанда С деңгейіне жеткізсе, жылуды үнемдеуге болады дейді, сарапшылар. Дегенмен бұл тәжірибе біздің елде жиі қолданылмайды. Өйткені оған қыруар қаражат қажет.
Тұрғын-үйлермен қоса, жылу электр орталықтарының да жағдайы мәз емес. Жылу желілерінің орташа тозу деңгейі -54 пайыз, кей аймақтарда 90 пайызға дейін жеткен. Жағдайды реттеу үшін тұтынушылар төлейтін тарифтің бір бөлігін тікелей инвестицияға бағыттау бағдарламасы енгізілген еді. Бүгінге дейін 70 монополист несие алып, жылу орталықтарын жөндеуге кіріскен.
Жасұлан Бостыбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жылу энергетикасы саласын реттеу басқармасының басшысы:
Егер сандар туралы айтатын болсақ, 2023 және 2024 жылдар аралығында шамамен 470 км жылу жүйелерін және жабдықтарды жаңғыртуға мүмкіндік берді. Осыған шамамен 270 млрд теңге қаражат инвестиция тартылды.
Сұлтан Ыбырай, Назарбаев университеті Таза көмір технологиясы лабораториясының қызметкері:
Астанада ЖЭО-2-да өте жақсы жобалар істеліп, қазандықтарды жөндеуден өтті. Бәрі дәл солай істеп жатқан жоқ. Үлкен қалаларда, мамандар бар жақта ондай проблема жоқ. Ал мамандар аз жерде шағын қалаларда мұндай проблемалар көп.
Оның үстіне қадағалау жұмыстары да ақсап тұр.
Сұлтан Ыбырай, Назарбаев университеті Таза көмір технологиясы лабораториясының қызметкері:
Екібастұздағы жағдайдан кейін энергетикаға ақша бөліне бастады. Әрбір тиын-теңгесін қадағаласа да, біз оны көреміз тиімділігін. Қадағаламай жай ғана жібере салсақ, ақшамен бердік деп ойласақ, жағдай шешілмейді. Солай коррупциямен желініп қояды көп ақша. Негізі қазір өте үлкен қаражат бөлініп жатыр, бірақ оны қадағалау нашар.
Қысқасы, тозған инфрақұрылымдардың жайын реттеп, бақылауды күшейту қажет. Әйтпесе жылудың жыры бітпейді. Қыруар қаражат та «Бермуд үшбұрышында» жоғалғандай жоғала береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы