Аутизмі бар алматылық Әлібек есімді жігіттің жұмыс орнында қысымға ұшырағанын айтып, анасы – Жанат Қаратай әлеуметтік желіде пост жариялады. Әлібек Burger King фастфуд желісі дәмханаларының бірінде аспаз болып істеген.
Жұрт дүр етті. Компания басында бұлғақтағанымен, артынан солай жасаған қызметкерлерін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
Жанат ұлының тікелей басшысымен сөйлескен. «Роботпен сөйлескендей болдым» деп келе, «Ол біздің елге жақында келіпті, инклюзивті қоғам туралы дым түсінігі жоқ. Аутизмі бар адамдар өзгелермен тең дәрежеде еңбек ете алатынын естімеген де», – деген.
Айтып тұрмыз ғой, жұрт «кәнсілдеу» тәсіліне көшкен соң барып, компания Әлібекті жұмыстан шығармадық деп шықты.
«Басшылық қабылдаған шешімге сай, аймақтық басқарушылар Сергей мен Анастасия енді компанияда істемейді. Burger King Kazakhstan Қазақстан Республикасы азаматтарын сыйлауды білмейтін, қадір-қасиетін қорлайтын кез келген дискриминацияны немесе мәлімдемелерді үзілді-кесілді қабылдамайды», – деп жазды компания.
Бірақ мәселе әлі шешілмеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі араласа бастады. Әлібектің отбасына өтініш берудің тәртібін түсіндіріпті.
Енді мүгедектік рәсімдеуге байланысты мәселеге тоқталамыз. Иә, өтірік ақпарат беріп, мүгедектік рәсімдейтіндер бар шығар. Жоққа шығармаймыз. Себебі бюджет қаражатын жүйелі ұрлау таңсық емес.
Жаңа мысал: Түркістан облысының Байдібек ауданында білім бөлімінің басшылары, бухгалтерлері мен экономистері, жиыны 18 лауазымды тұлға жалпы білім беретін 49 мектептің қаражатын жүйелі түрде жымқырған.
Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген. Мемлекетке келтірген залал 583 млн теңгеден асқан. Тергеу барысында күдіктілер шығынды толық өтеген.
Талқылайтын тақырыпқа оралайық: дегенмен мүгедектік белгілеудің логикасы темірдей ме?
Мысалы, қант диабетінің бірінші типіне шалдыққандардың «даты» бар. Бұл ауру әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылды. Ал бірінші типтегі қант диабетінің емі жоқ. Жазылмайды. Күн сайын инсулин егу керек. Қант мөлшерін үнемі бақылау керек. Ал мүгедектік алу үшін, біртүрлі естілсек те айтайық, ауру асқынуы тиіс екен...
Сонымен бірге диабетпен ауыратын адамдар МӘМС қатысушысы болмаса, өмірлік маңызы бар тегін дәрі-дәрмек ала алмайды. Олар үшін күніне бірнеше рет алатын инсулин – өмір. Инсулинсіз өмір жоқ.
Президент соңғы уақытта «қасиетті кітап» жоқ дегенді айтады. Мүгедектік беруге байланысты рәсімдер де «қасиетті кітап» емес.
Руслан
Зәкиевтің 4 перзентінің үшеуінде бірінші
типтегі қант диабеті бар. Осы бір сырқат түріне шалдыққандар үшін мүгедектік
рәсімдеу қиындаған үстіне қиындай түскен.
Руслан Зәкиев, «Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті» қоғамдық
қорының директоры:
Өзгерістер 2020-21 жылдары басталды.
Дәлірегі қант диабеті бар азаматтар үшін мүгедектік рәсімдеу тәртібі өзгерді.
Мысалы ересектер үшін 1 және 2 типті
біріктіріп жіберді. Бұл екеуі мүлде басқа. Аурудың пайда болу себебі, оның
асқынуы, оның емі де әртүрлі.
Елдос Есенбол, тілші:
Қазақстанда мүгедектік беру тәртібі Еңбек министрлігінің 2023 жылғы 29
маусымдағы № 260 бұйрығымен реттеледі.
Ол үшін арнайы комиссия медициналық-әлеуметтік сараптама жасайды. Оның
құрамында дәрігерлер болатыны айтпаса да түсінікті. Демек бұл жерде Денсаулық
сақтау министрлігі шығады. Яғни бұл мәселе екі ведомствоға да қарайды деген
сөз.
Руслан Зәкиев, «Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті» қоғамдық
қорының директоры:
Біз 2020-2021 жылдары Еңбек министрлігінің
өкілдерімен кездестік. Сол кезде Еңбек министрлігі бұл шешімде қабылдар кезде
Денсаулық сақтау министрлімен мүлде ақылдаспағанын да білдік. Сол кезде бұл
мәселе шешілу керек еді. Бірақ әлі сол күйі шешілмеді.
Елдос Есенбол, тілші:
Руслан Зәкиевтің сөзінше, осыдан келесі мәселе туындайды.
Қант диабеті бар балалар үшін мүгедектік рәсімдеу жеңіл. Қарапайым тілмен
айтқанда талаптары қатты емес. Ал ересектерге келгенде жағдай мүлде басқаша.
Ауру асқынған болуы керек. Мысалы соның бір түрі диабет салдарынан көз
жанарынан айрылмаса оған мүгедектік статусы берілмейді.
Руслан Зәкиев, «Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті» қоғамдық
қорының директоры:
Осы тақырып қозғалса вице-министрлер
кешенді талдау жүргізілді, баға берілді дейді. Бірақ ешқандай да талдау
жүргізілген жоқ. Мен комиссия құрамындағы дәрігерлермен сөйлескенде «біз үшін
бәрі құжаттағыдай болуы маңызды» дейді. Яғни бірінші дәрежелі қант диабеті
болғанымен құжатта көрсетілгендей асқыну болмаса оған мүгедектік
бермейді.Себебі ертең прокуратурадан тексеріс келсе олар өздерінің не үшін
мүгедектік бергенін дәлелдей алмайды.
Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қант диабетін адам өзі тауып алмайды. Ол әлеуметтік аурулардың бірі деп
есептеймін. Мүгедектік беру керек. Себебі қант диабеті жазылмайтын
«жазылады» деп айтылғанымен толық
кетпейтін аурулардың бір түрі. Ол барлық организмге зақым алып келеді.
Елдос Есенбол, тілші:
Енді бұған қант диабеті бар азаматтарды әуе және теміржол саласына, өнеркәсіп
саласына, күштік құрылымдарға жұмысқа алмайтынын қосыңыз. Себебі ведомстволық
шектеу бар. Оның былай қойғанның өзінде жұмыс берушілер «жұмыстан жиі сұранатын
диабеті бар адамды жұмысқа алғысы келмейді» дейді. Ал диабетке шалдыққан азаматтар күніне орта
есеппен 5-7 рет инсулин препаратын егуі керек. Әйтпесеөліп кетуі де мүмкін.
Руслан Зәкиев, «Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті» қоғамдық
қорының директоры:
Енді қараңыз мемлекет көп жерде жұмыс
істеуге рұқсат бермейді, жұмыс берушілер жұмысқа алғысы келмейді.Сөйте тұра
мемлекет келеді де сіздер міндетті түрде МӘМС жүйесінде болуларыңыз керек. Әйтпесе
онсыз өмір сүре алмайтын инсулинді тегін ала алмайсыздар дейді. Сонда әділдік
қайда? Бұл біреулердің өз былығын жасыру үшін істеп отырғаны ма деген ойға
еріксіз жетелейді.
Руслан текке ашынып
отырған жоқ. Мысалы, былтыр Таразда соңғы 5 жылда қатерлі ісікке шалдыққандардың
мүгедектік статусын ала алмай келгені анықталған. Дәрігерлер тіпті 50-ден аса
науқастың құжаттарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібермеген де.
Саламат Әбітбекова, Тараз
қалалық прокуратурасының прокуроры:
Тараз қаласы прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың
құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді. Сондай-ақ
осы аталған заңбұзушылықтар үшін дәрігерлік-консультациялық комиссияның 5
төрағасы жауапкершілікке тартылды.
Қазір ресми есеп бойынша
Қазақстанда 751, мың адамда мүгедектік статусы бар. Оның 638 мыңы ересек, 120
мыңы бала. 2025 жылы 12 181 адам мүгедектіктен айрылған. Ал, 10 851 адам ауыр
топтан жеңіл топқа ауыстырылған.
Елдос Есенбол, тілші:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
бізге берген жазбаша жауабында былай дейді: «Комиссия медициналық-әлеуметтік
сараптама ұсынылған құжаттарды қарап, адамды көзбе-көз тексереді. Егер
организмде өмір сүруді шектейтін тұрақты бұзылулар анықталмаса, мүгедектік
белгіленбейді». Депутат Кенжеғұл Сейтжанның айтуынша мәселенің бәрі осы
комиссиядан басталады.
Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мүгедектігі бар азаматтың намысына тиетіні «неге маған
ақпарат бермейді» дейді. Мені осындай комиссиядан өткізіп жатқаннан кейін,
қандай құжаттарды пайдаланып жатқанын, қандай қаулылармен жұмыс істеп жатқанын
маған айту керек қой дейді.
Депутаттың сөзінше
бұл процессте қарапайым этикалық нормалардың өзі сақтала бермейді.
Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Спорттағы шәкіртім мүгедектік өзіне де ата-анасына да ала алмады. Жүгіріп жүріп
мен көмектестім. Сонда Алматыдағы комиссияның бастығы кәдімгідей бір Цербер
сияқты. Мен министрлікке шығып айтқаннан кейін ол кісі шығып кешірім де
сұрамады «әкеліңіз қағазыңызды...» деп дұрыс емес қарым-қатынас жасады. Ммүгедектік
бергенін міндетсінеді.
Енді мына
статистикаға назар салайық: 2025 жылы медициналық ұйымдар Медициналық
әлеуметтік сараптамаға жіберген яғни мүгедектік рәсімдеу үшін берілетін жолдаманың
1823-і негізсіз деп танылған екен. Мұнда да белгілі бір шаблондар бар дейді
депутат.
Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Құлағы нашар еститін азаматтарға І немесе ІІ топты өте аз береді. Мен айтамын
не үшін? Олардың аяғы сау, қолы сау, көзі сау құлағы болмаса барлық жері сау
ғой дейді. Немесе тірек қимыл апппараты бұзылған азаматтарға «протезбен жұмыс
істей алады ғой» оған ІІІ группа жетеді ғой дейді. Оған протез қаншалықты ыңғайлы?
Елдос Есенбол, тілші:
Біз жеткізуге тырысқанымыз мүгедектігі бар азаматтардың мәселенің бір бөлігі
ғана. Сарапшылар ең әуелі бұл шаруа бір
ведомствоның құзырына түпкілікті берілсе дұрыс деп есептейді. Ал депутат
Кенжеғұл Сейтжан мүгедектік тағайындайтын комиссия мүшелерін азаматтармен жұмыс істеу оқыту қажеттігін айтады. Тіпті
ондай орталық ашылса өзі барып білгенін бөлісуге қарсы емес. Ең бастысы ақпарат
беруден шаршамау да, қашпау да керек. Мүгедектігі бар азаматтарға «қағаздағы
диагноз» ретінде емес, қоғамның тең мүшесі ретінде қарап, олардың құқығы мен
қадір-қасиетін бірінші орынға қоятын әділ әрі ашық жүйе қалыптастыру ертеңге
қалдыруға болмайтын міндет.