Басты Жаңалықтар Шетелдіктерге суррогат ананы жалдауға тосқауыл қойылуы мүмкін

Шетелдіктерге суррогат ананы жалдауға тосқауыл қойылуы мүмкін

Елімізде суррогат аналарға сұраныс күрт артқан. Енді бұл қызмет шетелдік жұптарға түбегейлі көрсетілмеуі мүмкін. Ал ортада делдал болып жүрген агенттіктер лицензиясыз жұмыс істей алмайды. Мәжіліс депуттаттарының дабылына дәрігерлер де қосылып отыр. Тақырыпты әрі қарай әріптесім Әйгерім Ердәулет жалғасын.

Суррогат ана болуға келіскендердің бірі – алматылық Сандуғаш. Үйсіз жүрген жалғысбасты келіншек бұл қадамға баспананың бастапқы жарнасын жинау үшін барған. Жетісайлық ерлі-зайыптыға бала тауып берген ол, төлемақысының түкке жетпегенін айтады. Ал шетелдіктердің тапсырысын алуға бірден қарсы болыпты.

Сандуғаш, суррогат ана:

Иә мен 5 миллион теңге алдым, бірақ оның 2,5 миллион теңгесі тісімді емдетуге кетті. Босанғаннан соң тапсырыс берушілер бір ай болсын кішкене қаржылық жағынан көмектескені дұрыс екен.Шетелдіктерге сенім жоқ. Олар келісімшартқа отырғанымен, ол өзінің мекенжайын басқаша көрсетуі мүмкін.Оны біздің жақ біліп, тексеріп отырған. Ал өзіміздікі болса, оларды қалай да болмасын табуға болады деп ойлаймын.

Иә шетелдіктердің тапсырысынан кейін, кейде баланың азаматтығын немесе ата-ана құқығын анықтауда қиындықтар туындап жатады. Сондықтан Мәжіліс депутаттары суррогат аналарға шетел азаматтарына құрсағын жалға беруге тыйым салу керек, деп бастама көтеріп отыр.

Неке және отбасы туралы кодекс аясында қызмет тек қана ел азаматтарына көрсетілуі мүмкін. Сондай-ақ бір әйел 3 реттен артық суррогат ана бола алмайды. Одан бөлек, тараптарды келістіріп беретін ортадағы делдал агенттіктер түгел лицензиялануы тиіс. Ал келісімшарттар цифрлық есепке алынуы ықтимал.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жеке байланыс арқылы жүзеге асып жатыр, заңнан тыс. Біздің азаматтар зардап шегіп қалып жатқан жағдайлар бар, шартта көзделген міндеттемелерін орындамай жатқандар да бар. Баланы аламыз деп алмай, төлейміз деп төлемей кеткен. Бұны да заңмен реттеу керек шығар.

Заңгер Жанділдә Әжіғалиұлы, қызметі қолжетімді суррогат ана мен талаптары оңтайлы елге сырттан тапсырыс берушілердің қаптайтына алаңдайды. Бастысы тастандылардың саны күрт көбейіп кетпеуі тиіс,- дейді.

Жанділдә Әжіғалиұлы, заңгер:

Балаға тапсырыс беруші бас тартқан жағдайда, суррогат ана бас тартқан жағдайда бала мемлекеттің қарауына беріледі деп көрсетілген. Ол дегеніміз не? Ол деген ата-анасы жоқ сәби далада қалады. Олай болмауы керек. Сондықтан заңды қатайту керек. Не болмаса суррогаттық ана, немесе тапсырыс беруші біреу сол баланы тәрбиесіне алу керек.

Дәрігерлер, суррогат анаға балаға қатысты жауапкершілікті артқан мүлдем қисынға келмейді дейді. Ал 3 реттен артық бұл қызмет түрін көрсетпеу орынды екенін алға тартады. Айта кетерлігі, Алматыдағы осы бір ғана орталыққа келіп, тапсырыс берушілердің саны бір жылда 7 есеге артыпты. Көбі көрші елден екен.

Ләззат Айтқожина, репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-дәрігері:

Суррогат ана арқылы ата-ана атанғысы келетіндердің көбі – Қытай азаматтары. Әркім өзінің баласын қай елден келді, сол елге алып кетеді. Оны суррогат ананың алып қалуға ешқандай құқы жоқ. Өз баласымен әрең күн көріп жүген суррогат аналар, біреудің баласына алайыншы деп ешқашан айтпайды. Заңды күшейту керек деп ойлаймын не болмаса шетел азаматтарына біржолата беруді тоқтау керек.

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, шетелдіктерге тосқауыл қоюға ең басты себеп: заңсыз донорлық пен бала саудасына жол бермеу. Ал әзірге «Неке және отбасы» кодексіне түзетулер енгізілмейінше, шетелдіктердің тапсырысы қабылдана бермек.


Бөлісу