Басты Жаңалықтар Алматыда балалардың құқығын қорғайтын басқарма құрылды

Алматыда балалардың құқығын қорғайтын басқарма құрылды

Алматыда Балалардың құқығын қорғау басқармасы құрылды. Еліміз бойынша алғаш рет жұмысын бастаған жаңа орган балалардың құқықтарын қорғау, қауіптің алдын алу және қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдаумен айналысады. Басқарма басшысы Жанат Айтпаева жаңа құрылымның мәртебесі заңнамалық деңгейде алғаш рет бекітілгенін айтты. Енді басқарма мамандары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және басқа да мекемелерде балалардың құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізе алады. Олардың заңды қызметіне кедергі келтіргендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Басқарма зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, ерте анықтау және балалардың құқықтарының сақталуын тұрақты бақылау бағытында жұмыс жүргізеді. Норматив бойынша бір маман бес мың баламен жұмыс істейді.
Жанат Айтпаева, қалалық Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы:
Балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру бойынша мемлекеттік саясат жүргізіліп келеді. Жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – әрбір баланың уақытылы қорғалуын және жүйе субъектілерінің барлығының дербес жауапкершілігін қамтамасыз ету.
Буллингке қатысты 450-ге жуық шағым түскен
Басқарма басшысының сөзінше, Алматыда өткен оқу жылында мектептердегі буллинг пен әлімжеттікке қатысты 450-ге жуық өтініш түскен. Түскен шағымдар зерделеніп, бес заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір шаһардағы барлық білім беру ұйымында буллингтің алдын алуға арналған арнайы бағдарлама енгізілген. Бұл бағыттағы жұмысты қалалық Білім басқармасы үйлестіреді.

Бөлісу